Home » Мақалалар » Қауіпсіз жазғы демалыс: “Балдәурен” жазғы лагері

Қауіпсіз жазғы демалыс: “Балдәурен” жазғы лагері

 Әне-міне дегенше,  тағы бір оқу жылы зымырап өте шықты. «Оқушы. Ата-ана.Ұстаз.» үштігі тығыз байланыста жұмыс жасап, 2023-2024 оқу жылын да ойдағыдай аяқтадық.  Жадырап жаз да келді. Біздер, ата-аналар каникул күндері балаларымыздың жайлы, қауіпсіз демалғанын қалағандықтан жақсы лагерь іздейтініміз белгілі.

Биылғы жазда да әдеттегідей балаларымызды тамаша сый күтті. Ол — барлық білім беру ұйымдарында жазғы лагерьлердің жұмыс жасауы.  Осынау ізгі бастама аясында ШЖҚ “М.Мақатаев атындағы 140 гимназия” МКК-де 400-ден аса бала қатысатын “Балдәурен” жазғы лагері ашылған болатын. Ерекше салтанатты жиынмен ашылған лагерь күні бүгінге дейін балалардың балдай тәтті балалықтарын әрлей түсетін түрлі шаралармен жалғасуда.


Таңертең таңғы жаттығумен басталатын лагерьде балалар түрлі танымдық байқауға қатысып, ойындар ойнап, мәдени орындарға саяхаттап, саябақтарда серуендеп, кинотеатрға, циркке баруда. Лагерьде балалар сурет салып, ән айтып, би билеп, сахналық қойылым қойып, түрлі спорттық байқауларға қатысып, салауатты өмір салтымен ұстанып қана қоймай, ұжымдаса кітап оқып, шығармашылық тұрғыда шыңдалуда. Әсіресе, қол маторикасын дамытуға арналған тапсырмаларды орындағанды ұнатады. Лагерьге барғалы демалыс күндерін тиімді әрі қызықты өткізіп жатқанын, жаңа достар тапқандарын қуанышпен жарыса айтады.

Жазды тиімді ұйымдастыруға негіз болатын “Балдәурен” жазғы лагерінде балалардың қауіпсіздігі — басты назарда. Әр топқа жауапты ұстаздар оқушыларды арнайы ас мәзірі бойынша дайындалатын түскі асқа апарып, уақытылы ыстық тамақ ішуіне жағдай жасайды.

Бүгінгі мектеп бүлдіршіні —  ертеңгі ел ертеңі. Жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырған балаларымыз ғана келер оқу жылына жаңа жоспарлармен, қызыға барары анық. алғысымыз шексіз! Балғын балапандарымыздың  жазғы демалысын сапалы әрі пайдалы ұйымдастыруға ұйытқы болған мектеп әкімшілігіне,  әрбір тәрбиешіге,  ұстаздар қауымына  ата-аналар атынан айтар алғысымыз шексіз!

Алматы қаласы,
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің ата-аналары
Айдана Айдарлықызы,  Минура Болатқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.