Іданова Кенжегүл
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы
Ақшұқыр мектеп-лицейінің
тарих пәнінің мұғалімі
Білім беру жүйесін жан-жақты ақпараттандырып, қашықтан оқытудың алғы шарттары туралы Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасында айтқан болатын.
Бір кезде фантастикалық шығармаларға тақырып болған цифрлық технология қазір өмір шындығына айналып, ол адамдардың күнделікті қолданатын құралы болып отыр. Елімізде жүргізіліп жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде халыққа өз игілігін көрсетуде. Адамдар интернет арқылы үйлерінде отырып-ақ, көптеген мемлекеттік қызметтерді пайдалана алады.
Міне, цифрлық технологияның жетістіктері енді жалпы білім беретін мектептерге де жетті. Елімізде жұқпалы дерттің алдын алу мақсатында жарияланған төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқытуға көшті. Рас, қандай бастамада да алғашқы кезде біраз қиындықтар, түсінбеушіліктер болатыны белгілі. Қашықтан оқыту дегенді бұрын естігеніміз болмаса, нақты тәжірибе жүзінде айналысып көрмеген біздер – мұғалімдер де алғашында жүрексініп, «не болар екен» деген күдікке бой алдырған едік.
Бірақ қазақ «көз — қорқақ, қол — батыр» демей ме, нақты жұмыс істеу барысында кездескен қиындықтарды жеңе жүріп, жаңа жағдайға бейімделе бастадық. Оған қоса, қашықтан оқытудың күнделікті сабақ беруден өзгешелігімен бірге, бірқатар артықшылық жақтарының барын да сезініп қалдық.
Мен тарих пәнінен сабақ беремін. Материал ауқымы өте кең. Сабақтарымда жаңаша оқыту тәсілдерін пайдалануға тырысамын. Қашықтан оқытуға көшуге қазіргі күні мұғалімдер де, оқушылар да дайын деп айтуға болады. Қазір балалар компьютерді, одан қалды интернетке қосылған смартфонды жақсы біледі. Бұның өзі қашықтан оқытуға көшуге мүмкіндік беретіні белгілі. Ал қашықтан оқытудың күнделікті сабақ беруден ерекшеліктерімен бірге бірқатар артықшылық жақтары да бар екен.
Ендігі арада мұғалім жаңа сабақты түгел бастан аяқ түсіндіріп жатпай, «Балапан» телеарнасы арқылы берілген алдын ала дайындалған бейнесабақты тыңдаған оқушының орындаған үй тапсырмасын қарап, қосымша сұрақтар беріп, білімін толықтыруға көңіл бөледі. Оған қоса, мұғалім қазіргі заманғы интернет технологиясын жан-жақты пайдалануды меңгеруі тиіс болады. Оқушы өз кезегінде мұғалімге сеніп, жаңа сабақты зейін қоя тыңдамай отыру әдетін тастайды. Ол бейнесабақты түгел тыңдап, үй тапсырмасын толық орындауы қажет. Бұның өзі оқушының өз бетінше жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Тағы бір айта кететін түйінді мәселелердің бірі -биылғы мектеп бітіретін түлектердің жәйі.Мектепті бітіргелі жатырған түлектерде де өзіндік қобалжуларда жоқ емес.Білім және ғылым министрлігі мектеп бітіруші түлектер тапсыратын ҰБТ-да биылғы оқу жылы бағдарламасына байланысты сұрақтарда төртінші тоқсанда өткен оқу бағдарламасының үлкен әсері болмайтынын мәлімдеді. Бұл мектеп бітіруші түлектердің көңілін алаңдатпай, бірден ҰБТ-ға дайындалуына жағдай жасайды деп ойлаймын.
«Балапанды күзде санайды» дейді ғой. Қашықтан оқыту жүйесіне көшкенімізге көп болған жоқ. Оның нақты нәтижелері біраз уақыт өткен соң белгілі болады деп ойлаймын.