Home » Мақалалар » Ерліктің ерен үлгісі

Ерліктің ерен үлгісі

Ерліктің ерен үлгісі- тақырымдағы мақаламда арқау еткелі отырған жан- Ұлы Отан соғысы  және  еңбек ардагері ақсақал Жарасов Түрікменбай туралы болмақ.

Жарасов Түрікменбай- 1919 жылы тамыз айының 5-ші жұлдызында Маңғыстау облысы , Маңғыстау ауданында дүниеге келген. Каспийдің көкайдынының теріскей бетіндегі  Ащымұрын ауылында ержету кезеңдері қалыптасқан қиындықтармен бетпе- бет келіп, ерте есейеді. Кедейліктің келеңсіздіктерімен жағаласа жүріп, суық хабар жеткен кезде, ауылдың бұғанасы қатпаған баласынан бастап, ақсақал аға- аталарды қоса тізбектеп кеп таңдаған шақта , алдыңғы қатардан бой көрсеткен  22 жастағы Түрікменбай атамыз 1941-1945 жылдарды қамтыған зұламат  соғыстың  жауынгері ретінде іріктеліп, майданға аттанған еді. 1942-1946 жылдар аралығында неміс басқыншыларымен шебер айқаса білген жас жауынгер бірнеше ауыр жарақат алса да , әскери госпитальдарда емделе салысымен , қан майданның ортасына өз еркімен қайта оралып, алапат соғыстың ортасында жүрген. 1945 жылы Берлинді алу операциясында да алдыңғы қатардан табылған айбынды жауынгер болғандығын Түрікменбай ардагердің төсінде тізбектелген медальдар мен құрмет ордендерінен- ақ байқап білуге болатын. Оған қоса 1941-1945 жылдар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған Ұлы Жеңістің 20,30,40,50,60 жылдық мерекелік медальдары, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың медалі сол сұрапыл кезеңде елі мен жері үшін басын қатерге тіккен ерлігінің бір белгісі секілді көз тартатын. Талайдың өмірін жалмаған , тағдырдың тезіне түсірген бұл қасірет оны ел қорғаған азамат ретінде қалыптастырса , соғыстан кейінгі аймақтың дамуына қосқан үлесі – елінің алдындағы перзенттік парызын өтеген , ұрпақ мақтанышына айналар дара тұлға екендігін тағы да бір дәлелдеді.

1963 жылы «Алаторпа- Қошақ» бағытынан келген барлаушы- бұрғышы сапында Өзен кенорнын игеруде алғашқылардың бірі болған ол 1964-1978жылдарда УГРЭ- де бұрғышы көмекшісі, 1978-1988 жылдарда МУРБ бұрғышысы қызметінде белсенділік таныта отырып, құрметті еңбек демалысына 1988 жылы абыроймен қадам басқан еңбек ері.

Қан майдан мен еңбек майданында да адалдығы мен қайсарлығын жоғалтпаған ардагеріміз майдан оқиғаларынан сыр шерткенде құдды бір сол кезең ортасына түскендей күй кешетінсің. Суырып салмалығы да жоқ емес. Сол жырларын айта отырып, немере жиендерінің жүректеріне патриоттық сананы сіңірген данагөй ақсақалдың өсиет- нақылдары бүгінгі ұрпақ санасында күні кешегідей жаңғырып тұр.

Жарамның аузы болды қара қотыр,

Күнбе- күн доғдыр келіп қарап отыр.

Қайтадан қан майданға барасың деп,

Күндерін әне, міне санап отыр- деп жырлағанда майдан жарасы оның ақындық өнеріне өз көлеңкесін түсірмей , қайта осы тектес жырларымен  майдан даласына баруға ерік- жігерлі болғандығының бірден – бір айғағы.  2008 жылы дүниеден озған ардақты әке артында 3 ұл, 2 қыз қалып, бүгінде олар қала өркендеуіне ат салысып, әке аманатына адалдық таныта білген мұнайлы өлкенің азамат- азаматшалары. Қара шаңырақтың отын жалғаған ұлдарының алды білікті бұрғышы болса, бірі қала сәулетіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан кәсіпкер, бірі жоғары деңгейлі мұнайшы. «Ер есімі- ел есінде» демекші, ісімен де, сөзімен де тарихта қалатын Түрікменбай Жарасов секілді үлгі тұтарлықтай тұлға есімі – артынан ерген ізбасар ұл- қыздары және ата даңқын мақтан тұтып, ардақтап өтер немерелері барда ел жадында мәңгі жатталмақ!!!

Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы
Сүгір Бегендікұлы атындағы №4 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі
Қаршығаева Меңсұлу Дәлубайқызы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.