Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқыту — заман талабы

Қашықтықтан оқыту — заман талабы

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы
«№1 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
тарих пәні мұғалімі Қазақбаева Зоя Бердімұратқызы

Бүкіл әлемді шарпыған індет құрсауына іліккен еліміздің білім беру жүйесі тұңғыш рет қашықтықтан оқыту жүйесіне 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап көшті. Елімізді дүр сілкіндірген төтенше жағдайға байланысты  тарихи өзгерістер білім саласына да жаңа өзгерістер енгізді. Осы жағдайға байланысты сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда ұстаздардың  атқаратын рөлі орасан. Сын сағатта қашықтан оқыту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дер кезінде қолға алып, ұстаздар қауымына үлкен сенім білдірді.

Қашықтықтан оқыту үшін Қазақстан білім алушылары мен білім берушілеріне «Kundelik.kz», «Daryn.online», Қазақстанда баламасы жоқ «BilimLand» ұлттық цифрлық білім беру платформасы арқылы оқу ұсынылды және  «Ел арна», «Балапан» телеарналары, Qazaq radiosy, интернет ресурстар және пошта арқылы да жүргізіліп жатыр.
Осы орайда, Мұнайлы ауданы №1 жалпы білім беретін  мектептің педагогикалық ұжымы өздерінің кәсіби шеберліктері мен тәжірибелерін шыңдай отырып оқытудың жаңа үлгісіне жауапкершілікпен қадам басты. Ұжымдағы әр ұстаз және сынып жетекшілері өздерінің шәкірттеріне, ата-аналарына бағыт-бағдар, түсіндірме жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізе отырып, оқыту мен оқу үрдісін жалғастырды. Ұжымдағы ұстаздар  қауымы жан-жақты ізденіп, видеосабақтарды дайындап, берілген уақыты тиімді пайдала білді. Бастапқыда бұл жұмыс қалай болады деген қобалжу барлық ұстаздардың көкейіндегі  сұрақ болғанымен қазіргі уақытта қашықтан оқыту жобасы арқылы мектебіміздің барлық мұғалімдері тәжірибе жинақтап, төселіп те қалды.  Осы уақыт аралығында мұғалімдер де, оқушылар да өзара білім алмасу үдерістерін үздіксіз жалғастырып келеді.

Қашықтықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту болып табылады.

Қашықтықтан оқыту электронды білім беру ресурстарын кең қолдану нәтижесінде және материалдарды өзіндік меңгеру үлесінің артуына байланысты білім беру сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Бұның өзі оқушының мынадай: өзін-өзі қамтамасыз ету, жауапкершілік, жинақылық және өз күшін нақты бағалай білу және орнықты шешім қабылдай білу сияқты сапалық қасиеттерін тудыруға мүмкіндік береді.

Осы кездегі педагогтің рөлі оқушылардың жеке немесе ұжымдық жұмыстарын ұйымдастыру, оқушылардың оқу барысындағы проблемаларын анықтау және оларды жылдам шешу болып табылады.

Қашықтықтан оқытудың дидактикалық құралдарына электрондық және мультимедиалық оқулықтар мен оқу-құралдары, теле, бейне-аудио дәрістер және т.б. оқу-танымдық қызметі ұйымдастырудың формаларына жатады.

Бұл жүйеде оқытушы оқушының жүмыстарын, жеке қызығушылықтары мен сұраныстарын ескереді. Оқытушы оқушыға арналған өзіндік жұмыстарды ұйымдастырумен шұғылданады.

Оқытылатын пәндерден қашықтық олимпиадалар Қазақстандық интернет олимпиадалар өтеді. Мұндай интернет олимпиадалар оқушылардың үлкен қызығушылығын танытады. Тапсырмалары қызықты, сан алуан және олимпиаданың ең тиімді жері – оқушылар өздерінің білім деңгейлерінің көрсеткішін бірден білулері болып табылады.

Оқушы өзіндік жұмысты дербес компьютердің, ноутбуктың, ұялы телефонның көмегімен ұйымдастыра алады.

Десек те, сабақ барысында мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де жұмыс жасайтын. Бұның өзі цифрлық жүйеде жұмыс жасаудың қандай да бір тәжірибесі екені анық.

Мектеп көлемінде айтатын болсақ, «Интернет күнделікті» алуға болады. Бұл инновациялық әдіс арқылы ата – аналар балаларының білім үлгірімін, ал оқушылар үй жұмысын уақытында біліп отырады. Мұндай әдіс арқылы мектеп пен ата – аналар қауымы арасындағы байланыстың одан сайын нығаюына үлкен септігін береді.

Осы төрт апта барысында менің әріптестерім өздерінің  киелі білім ордасын, білімді шәкірттерін сағынғандығын айтып, жылы лебіздерін қашықтан білдіруде.

Қорыта келе айтарымыз, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шындауға зор мүмкіндік алады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.