Home » Мақалалар » Қашықтан оқыту дәстүрлі оқытудың альтернативасы ретінде қолданылуы

Қашықтан оқыту дәстүрлі оқытудың альтернативасы ретінде қолданылуы

Ә.А.Солтангельдин
Алматы қаласы Түрксіб ауданы
№107 лицейдің тарих пәнінің мұғалімі

«Отан қорғау ісін, бала оқытудан бастар едім»
А.Байтұрсынұлы

2020 жыл әлемдік қауымдастықты «Коронавирус» деп аталатын пандемия барлық салада дағдарысқа алып келді. Бұл пандемия Қазақстанды да айналып өтпей қойды, өзінің қиындықтарын алып келді: әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық, басқаша айтқанда күйзеліс басталды. Бұл дағдарыстан шығу үшін мемлекет, үкімет барлық тиісті шараларды қабылдап жатыр. Енді осы пандемияның білім беру саласына тигізген әсері жайлы айтқымыз келіп отыр. Қалыптасқан жағдайда білім берудің ең жақсы әдісі қашықтан оқыту болды. Енді осы мақаламызға арқау болып отырған қашықтан оқыту бойынша өз тәжірибемізбен ойымды білдіргім келеді.

Қашықтан оқыту біз үшін жаңа дүние емес, бірақ көбінесе ЖОО-да кеңінен қолданылып жүрген оқыту түрі. Тіпті, сырттай оқу бөлімі осы қашықтан оқыту жүйесін пайдаланып отыр, яғни студенттік орта үшін бұл тансық дүние емес. Дегенменен, орта білім беру жүйесінде мұндай оқыту түрі пайдаланылмады, сондықтан қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасқан: бірінші, төртінші тоқсанды кейінге қалдыру, екіншісі қашықтан оқытуға мектептер мен білім алушылардың материалдық-техникалық дайындығы, үшіншісі ғаламтор желілерінің шалғай ауылдарда нашар жұмыс істейтіні немесе мүлде тартылмағандығы. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің максималды жұмысының нәтижесінде қашықтан оқыту негізінде төртінші тоқсан басталды. Менің және көптеген әріптестерімнің ойы, қазіргі жағдайда қашықтан оқытудан басқа альтернатива жоқ. Білім қандайда жолдармен болса да берілуі керек, оқушы міндетті түрде оқу керек. Министрлік бірнеше қашықтан оқытудың платформаларын ұсынды, ал біз онлайн өткен педагогикалық кеңесте өзімізге ыңғайлысын таңдап, бүгінгі таңда өз міндеттерімізді атқарып келеміз. Біз, Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №107 лицейдің әкімшілігі мен мұғалімдер қауымы «Google classroom» платформасын таңдадық. Бұл платформаның маған ұнағаны оның — қарапайымдылығы. Кез-келген мұғалім, оқушы бірден тілін тауып, пайдаланып кететін дүние екен. Қашықтан оқыту оқушылар үшін де бір жаңашылдық болды, қызығушылықтары жоғары, жіберілген тапсырмаларды лезде орындап, бір-бірімен жарысып білім алуда. Әрине, белсенділігі төмен оқушылар да бар, олармен жеке тапсырмалар жіберіп, кері байланысқа шығып, оқу үдерісіне мейлінше тартуға тырысып отырмыз. Бұл қашықтықтан оқытудың теріс жағы деп кейбіреулер айтар, бірақ олай емес деп ойлаймын, себебі оқу үрдісіне белсенді араласпай отыратын оқушы дәстүрлі білім беруде де болады, сондықтан барлығы мұғалімнің шеберлігіне байланысты деп ойлаймын. Басты мақсат оқушылардың қызығушылығын жоғалтып алмау, дәстүрлі білім беру болсын, қашықтықтан оқыту болсын үнемі қызықтырып, ерекше тапсырмалар беріп, мадақтап, үнемі кері байланысқа шығып отырсақ оқушылардың белсенділігі артады, яғни білім алу үрдісі үздіксіз жүзеге асып отырады.

Сонымен, қалыптасқан жағдайда оқушылар кез-келген жолмен білім алу керек болды, сондықтан біз қашықтан оқыту жүйесіне көштік, әрине, бәлкім ол дәстүрлі білім беру жүйесіне жетпейді, бірақ дұрыс, жүйелі жүргізілген қашықтан оқыту жүйесі оқушыға пайдасы тимесе, зияны тимейтіні анық. Мақаланы қорытындылай келе екі нәрсе айтқым келеді: біріншісі, ата-аналарға айтатыным — қашықтан оқытудан қорықпаңыздар, керісінше балаларыңызға жағдай жасап, қолдау көрсетіп, қадағалап отырсаңыздар бұл үрдіс те оң нәтижесін береді. Егер менің мақаламды оқып отырған ата-аналар болсы педагог ретінде, осы елдің бір жанашыры ретінде өтініп сұрайтыным — «балаларыңыздың үй тапсырмаларын жасап бермеңіздер». Екіншісі — қашықтан оқыту механизмдерін педагогикада қалдырып, жетілдіріп  отыру керек деп ойлаймын. Бұл оқыту түрін денсаулық жағдайына байланысты үйден білім алушыларға қолданылса жақсы болар еді, әрине мұғалімнің қадағалауымен.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.