Home » Мақалалар » Қосымша білім беру – қашықтықтан оқытуда

Қосымша білім беру – қашықтықтан оқытуда

Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы
Оқушылар шығармашылық үйінің әдіскері
Жанатилеуова Қамарсұлу Амангелдиевна

      Қосымша білім беру – үздіксіз білім алудың маңызды қосалқы жүйесінің бірі болып табылады.

Елімізде эпидемиялық төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты орта білім ұйымдары, жоғары оқу орындарымен  қатар қосымша білім беру ұйымдары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Қашықтықтан оқыту – қолайлы уақытта кез келген жерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар  көмегімен қашықтықтағы педагогтен білім алу үрдісі. Қашықтықтан оқыту ұғымын кең мағынада алсақ, бұл – оқушылар мен педагогтердің бір-бірінен кеңістікте алыстатылған оқу формасы.

«Оқушылар шығармашылық үйі» МКҚК қосымша білім педагогтері  18 наурыздан бастап қашықтықтан оқыта бастады. Қашықтықтан оқытудың алғашқы күндері тек төрт үйірме, атап айтқанда математика, ағылшын, орыс тілі бағытындағы үйірмелер өз жұмысын  ZOOM, Whatsapp, Telegram желілері арқылы жүргізумен бастады. Қашықтықтан оқыту тәсілімен оқытатын  педагогтерге өз бетінше жүргізілетін жұмыстар, атап айтқанда  сөзжұмбақтар, ребустар немесе тапсырмалар арқылы  ұйымдастыру, жаңа тақырыптарды меңгеру үшін өте ыңғайлы. Педагогтер оқу тапсырмаларын ватсап желісі арқылы балаларға жіберіп, олармен кері байланыста жұмыс жүргізілуде. Оқу қызметтерінің барысын қосымша білім педагогтері фейсбук парақшаларында жариялап отыр. Қашықтықтан оқытудың жетістігі – педагогтің қатысуынсыз оқушылар назарына өзінен тыс қалдырмауға қабілеттілігіне байланысты болады. Жаңа тақырыпты баяндау кезінде  сабақтың басты элементі  форум немесе чат болып табылады. ZOOM платформасы бірнеше оқушыға тапсырманы түсіндіру барысында өте ыңғайлы, ал кері байланысты оқушылар ватсап желісі арқылы ұстазына жіберіп отырады.

Ал қазіргі таңда барлық үйірмелердің қосымша білім педагогтері 15 сәуірден бастап қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Қашықтықтан оқытуда жаңа тақырыпты баяндаудың тағы бір нұсқасы виртуалды сабақтар. Мұнда оқу материалын баяндау және талқылау бір мезгілде жүргізіледі. «Жас турист» үйірмесінің қосымша білім педагогі сабақтарды  үйірме оқушыларымен виртуалды саяхат сабағы түрінде жүргізіп, кері байланыста оқушылар осы саяхат сабақтарынан алған әсерлерімен бөліседі.

Сонымен қатар  ОШҮ қосымша білім беру педагогтері үйірме оқушыларын республика, облыс, қала деңгейінде өткізіліп жатырған әртүрлі бағыттағы сайыстарға қатыстырып, олардан оң нәтиже алуда. Барлық үйірме оқушыларын мектептегі сабақтарынан босаған кезде бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында  қашықтықтан әртүрлі шаралар ұйымдастырып, оқушылар ата-аналарымен бірге белсенділік көрсетуде.

Осындай сан қырлы, әрі күрделі жұмыстарды жүзеге асыруда педагогтердің атқарар рөлі үлкен.. Оларға әртүрлі міндет жүгі жүктеледі: оқу бағдарламасын дайындап, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен ұштастырады, оқу процесін қадағалап, кері байланыста пысықтау жұмыстарын жүргізіп, баланы марапаттап, мадақтап отырады. Себебі, ұстаз үшін басты мақсат – баланың білікті, шығармашыл, білімді болуы.

Ең бастысы, ұлт болашағы – балаларымыз аман  болсын. «Біз біргеміз, бәрін бірге жеңеміз»,- дегім келеді.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.