Home » Мақалалар » Аман жүріңізші, анашым!

Аман жүріңізші, анашым!

Әбдіманап Дана Қанатқызы,
ҚазҰПУ, Филология институты,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
мамандығының 2-курс студенті

 

Жоқ! Жоқ! Анашым! Тастамашы! Өтінемін, қала тұршы! Анашым! Жоқ! Осы сөздердің дауыстап айтып жатыр екенмін… Кенет көзім жасқа, өн бойым терге шомылып тұрдым. Басым айналып, денем қалшылдап тұр. Жанымды өкініш өртеп барады. Не деген түс?! «Алла! Жаратушым! Тәңірім! Анам аман болсыншы!» дегенді қайта-қайта қайталадым да,  қайтадан  жылай бастадым. Жақыныңды жоғалту деген сезімді сезінудің өзі қандай ауыр еді… Орнымнан теңселіп тұрып, жатын бөлменің қабырғасындағы үлкен сағатқа көз салсам, сағат таңғы жетіден енді ғана асқан екен.  Апыл-ғұпыл ас бөлмеге қарай жүгірдім. Әдеттегідей аппақ дастарқанда жүрекше пішіндегі стикер тұр екен. Бұл анамның жазбасы ғой дедім де, оқи бастадым. «Қызым! Жап-жарығым! Біз жұмысқа кеттік. Күнің сәтті болсын!» деген төрт сөйлем жазылыпты! «Аллаға шүкір! Аллаға шүкір!» дедім де, тізерлеп отырып, көрген түсті көз алдымнан өткізгенім сол еді, көзімнен парлап жас ақты. Бұл енді «қимастық жасы» емес, көргенімнің бәрі түс екен ғой деген «шүкірлік жасы» еді.  Жылап отырып, Аллаға тағы бір берілген мүмкіндік үшін алғыс айттым.

Түс… Санаулы секундтарда жылдам өте шығатын қас қағым сәт секілді. Бүгін түстің өзгеше құдіретке ие екеніне тағы да көз жеткіздім. Әдетте түс көргенде қиналсам, ұйқыда жатып-ақ, «түсім болса» деп тілеуші едім, бұл жолы тіпті олай айтуға шамам келмепті, тура шынайы өмірде болып жатқандай күй кештім.

Анашым! Жар құлағы жастыққа тимей, біз деп аласұрып, атқан таңмен, батқан күнмен жарысып жұмыс жасайтын, жанашырым! Мерекеге санаулы күн қалса да, тағы да күнделікті тіршілікке ілесіп, жұмысқа кеткен екенсіз ғой. Мен сізді дәл қазір қатты сағынып тұрмын. Қасымда болсаңыз, құшақтап, сізді қалай жақсы көретінімді айтар едім. Мен сабағыма барып келгенше, сіздің үйге келіп қаларыңыз анық. Бірақ дәл қазір сезінген перзенттік сезімімді білдірмесем, жүрегім тыныш табар емес. Тілімдей жүрек пішініндегі хатыңызға мен мынандай жауап жазып қалдыруды жөн санадым:

«Анашым! Аяулым! Ардақтым! Жердегі жаннатым! Жалғандағы жұмағым! Сізді алда келе жатқан  Аналар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Анашым, ең алдымен, тілегімді алғыстан бастағым келеді, мені мына жалғанға алып келгеніңіз үшін, берген тәлім-тәрбиеңіз үшін шексіз рақмет айтамын. Анашым, білесіз бе, менің өмірдегі басты арманымның бірі қандай?! Ол  — сіз мақтан тұтарлық перзент болу. Ол үшін көп еңбектенуім керек екенін  білемін әрі сол жолда бар күш-жігерімді саламын. Алла қаласа, сіздің «біз» деп ұйқысыз өткізген күндеріңізді қамсыз, бақытты күндерге,  қамыққан, шаршаған сәттеріңізді шаттыққа толы сәттерге айырбастаймын.  Анашым, өмірде әр адамның үлгі тұтар тұлғасы болады деседі, мен үлгі тұтар адамды алыстан іздемеймін, өйткені ол – сізсіз, қасымдасыз! Бұл да маған бұйырған бақ шығар. Анашым, сіз қанша қиналсаңыз да сыр бермейсіз, мұңыңызды күлкімен жауып, көрсетпейсіз, үнемі күлімдеп жүресіз. Бұл сіздің имандылығыңыздың көрсеткіші дер едім. Сіз үнемі күдікті ысырып, үмітпен ғана күн кешесіз, қайғыда белді бекем бусаңыз, қуанышты шүкіршілікпен қадам басасыз,  өтер-кетер өткінші өмірдегі сынаққа сынбауға тырысасыз, бір сөзбен айтқанда, сіз — нағыз батырсыз. Мен де сіздей болуға тырысамын, анашым! Ешкімнің  ала жібін аттамайтын, асып-таспайтын, қара қылды қақ жаратын әділ, қанағатшыл, сабырлы мінезіңізді   қарапайымдылығыңыз одан әрі әрлей түседі. Қажет кезде сөз табатын, шешендігіңіз бен  ділмарлығыңыздың өзі сіздің ажарыңызды нұрландыра түседі.  Жақын демей, жат демей, кез келгенге қол ұшын беруге дайын тұратындығыңыз бен  дос-жаранға, туған-туысқа деген жанашырлығыңыздан жомарт жүрегіңізді байқауға болады.

Мен сізді «Ана» деген ұлы есімге лайықты алтын жүрек иесі ретінде танимын, бағалаймын, құрметтеймін, сыйлаймын!  Меніңше, барша ана тап сіздей! Әр бала өз анасымен мақтанары анық. Менің де дәл бүгін, мереке қарсаңында  сізбен мақтанғым келіп тұр, анашым! Барша асыл қасиеттердің иесі  сізге зор денсаулық тілеймін! Біздің  бақытты күндеріміздің куәгері болып,  аман жүріңізші! Осы бір ақ тілегімді әрқашан сіздің амандығыңызды тілеуші барша перзентіңіздің атынан деп қабылдаңыз! Жүз жасаңызшы, жан анам!»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.