Әбдіманап Дана,
Алматы қаласы
Білім ордасы — тәрбиенің тал бесігі. «Тәрбие деген Тәңір бар» деген даналық сөздің өзі қасиетті, қастерлі ұғым екенін танытса керек. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК мен «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы, Бостандық аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының жұмыс жоспары негізінде «Ұлттық тәрбие бастауы — салт-дәстүр» тақырыбында «Ата-ана. Оқушы. Ұстаз» үштігінің форумы өтті. Форумда «Қазақ аналары -дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аяулы аналары халық әні «Құмған алған» , №140 гимназияның ардагер ұстаз-аналары «Арулар,асыл жандар», сондай-ақ, №140 гимназияның ару-қыздары «Қыз сыны» әндерімен дифеледе жүріп өтті.
Баршамызға ақ кимешекті әжелердің, ақ жаулықты аналардың, қос бұрымды ұлттық киімдегі қазақ қыздарының бейнесі ерекше әсер етті. Форумға арнайы қонақ ретінде гимназиямыздың өркендеуіне үлес қосқан, бүгінде, зейнеткерліктегі ардагер ұстаздар, гимназия шәкірттерінің әжелері, ата-аналары шақырылды.
Форумда «Алтын алқа» иегері, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы және Алматы облысы филиалдарының төрайымы Дәулет Ләйлә Ноғайқызы, Халықаралық ақындар мен жыршылар одағының мүшесі, Жетісу жыр мектебінің жаңғыртушысы — Әбіш Баймұханбетұлы Әділбеков, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Бостандық ауданы төрайымы Сатымбекова Күләш Нұрсұлтанқызы, гимназияның өркендеуіне үлес қосқан, зейнеткер ұстаз Мүгілсім Кәденқызы, №140 гимназия директоры Тілеубай Сәния Өскенбайқызы, №140 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Темурбаева Сафура Сәлімбайқызы үштің жұмысы жайлы, тәрбие жайлы ойларын ортаға салды. Форумда отбасындағы ата мен әженің, әке мен ананың рөлі, олардың мектеппен байланысы, қазіргі таңдағы бала тәрбиесі, үлгі ата-ана мен үлгілі ата-ана моделі жайлы кеңінен сөз қозғалды. Қазақ аналары мен әкелерінің, ұстаздардың саналы бала тәрбелеу жолындағы атқарған іс шаралары жайлы ақпарат беріліп қана қоймай, бала тәрбиесіндегі қиындықтар мен оны еңсерудің жолдары сөз болды. Шара гимназия ұстаздары мен оқушыларының ұйымдастыруымен өткен концертке ұласты. Форум барысында Жәлімбетов Манарбектің жетекшілігіндегі «Ана» хоры, ұстаздар мен шәкірттерден құралған «Ана, сен бақыттысың», «Рақмет, Әке!», «Берекет» хорының орындауындағы «Үш бақытым» әндері шырқалды. «Қазақ қызы» қойылымы форум қонақтарының ыстық ықыласына бөленді. Қазақ қызының бейнесін керемет сомдаған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нурила Қанатқызына ақ жаулықты әжелеріміз батасын берді.
Форум соңында қатысушылар: «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген қағиданы ұстана өмір сүру қажеттілігін алға тартып, ұлтымыздың мақал-мәтелдері, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі – тұнып тұрған этика, тәрбие, мәдениеттілік болғандықтан да бала бойына ұлттық тәрбие құндылықтарын сіңірудің жаңа тұжырымдамасын жасау керек деген байламға келді. Аталмыш шара «Ұлттың әкесі – тарих, ұлттың анасы – тіл, ұлттың қаруы – салт-дәстүр» екенін ұмытпайтын, ұрпақ тәрбиелеуде барын салатын ата-аналар мен ұстаздардың тың ойларымен ерекшеленді. Жарқын болашақты жасайтын жасампаз, жан-жақты тұлғаларды қалыптастыру жолында аянбай еңбектенетін ұстаздар мен ата-аналардың жұмысына жетістіктер мен жеңістер тілейміз!