Ұлттық құндылықтар- тәрбиенің түп қазығы
Балабақша залы жайлау іспеттес. Киіз үй тұрғызылып асыл әжеміз сахна төрінде халық әндерін шырқап, немерелерінің басынан сыйпап мейірімін төккені салтанатты күннің ажарын аша түскендей…
Ақпан айының алғашқы күні арайлы Алматының Алатау баурайындағы «№164бөбекжай-балабақшасында» Алатау ауданына қарасты 20-дан астам мемелекеттік балабақша меңгерушілері, педагогтардың қатысуымен семинар өтті.
Семинар тақырыбы «Мектепке дейінгі балалардың әлеуметтік –эмоционалдық дағдыларын тәрбиелеу». Бүгінгі күні өзара қарым-қатынастан ажырап, қолындағы телефонға телмірген жаһандану заманында жас ұрпақпен қалай қарым –қатынас жасауды, көңіл күйін бақылап, ойын түсінуді жақсы қасиеттер қалыптастырудың заманауи формаларын ұсынуды мақсат еткен басқосу өз деңгейінде өтті. Сөзіміздің дәлелі алған бағыты айқын педагогикалық ұжымның тақырыпты ашуда алғашқы қадамды жаңылмай тапқаны болды…
Ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін, тек ана тілімізде білім беріп, тәлім –тәрбие нәрін құйған білім ошағында 28 тәрбиешімен білікті мамандарымыз 14 топта 300-ден астам ертеңгі елдің атқа мінер ұл-қыздарын тәрбиелеп келеді. Өз тамырынан ажырамаған ұлттың ғана ұрпағы өткенін ұмытпай келер күніне азық етпек. Семинар тақырыбын ашуда педагогикалық ұжымның басты ұстанымы ұлт жанашырларының ұрпақ тәрбиесі жолында айтқан жалынды сөздерін жігермен айтып, өз бойларынан өткізіп алдындағы шәкіртіне түсіндіре алғаны болды. Семинар «мен айтам, сен тыңда» деген нұсқамен тәрбиешілердің сөзімен басталып, тәрбиеленушілердің мәнерлеп оқуларына ұласты. Оразақын Асқардың «Туған жер», Рысханова Айзеренің «Отан» , Нұртай Рамазанның «Үш бақытым» , Бейсенбай Назеркенің «Біздің ту», Көмек Алиханның «Туған өлкем» өлең жолдары жүрек тербеді. ҚР Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың айтқан «Ұрпақ тәрбиелеу деген аса жауапты ұлы міндет жолында педагогтардың арқасында жас буын құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастырып жігерлі, өткір болуы тиіс» дегені орындалғандай.
Тәрбиешілердің эмоцияға толы тамаша көңіл –күйімен еркіндігінің шәкіртіне берілуі деген осы.
Баланың эмоционалдық жағдайын тәрбиелеуден мүлдем тыс қалуына кері әсер тигізетін жағдайлар: Цифрландыру заманында технологиялардың кері әсерінен мектепке дейінгі жастағы балалардың әлеуметке деген қызығушылығы төмендеп, ата-аналармен айналасындағы адамдармен эмоционалды байланысы азайған. Ұялы телефонмен планшетке телмірудің зияны мемелекет тарапынан көтеріліп отырған өзекті мәселе.
Балабақша қабырғасынан бастап осы түйткілді шешудің бір жолы ауыз әдебиеті дамыған ертегіге құмар, батырлар жырымен мақал-мәтелді қызықтыра отырып бала санасына құятын ата-әже тәрбиесінен бастау бұл ұжымның семинар тақырыбын ашудағы ең ұтымды түсі болды. Киіз үйде немерелерін асыға күткен әжеге қонаққа барған балалар өлең жолдарымен жеткізген әжелерінің жұмбағы мен мақала –мәтелінен ненің дұрыс-бұрыс екенін ұқты. Үлкендерімен дұрыс қарым-қатынас жасауды құрмет көрсетуді үйренді. Әже болып ойнаған Баймешова Гулзинат Орынбасаровнаның щеберлігі семинар жүргізушілер Такирова Айгерим Бозгулановна, Турганбаева Айнур Даулеткелдиевнаның аудиториямен жұмыс жасай білетін біліктілерін айта кеткен жөн. Семинар әженің тіл үйірер құрты мен берген тапсырмаларын балабақшаға ала келген балалардың қатысумен өткен үш тапсырмамен жалғасты.
«Ғалымдар» тобы, балаларды адамгершілікке тәрбиелеу жолында тіл арқылы қарым-қатынас орнатуды, бірге қуанумен жанашырлық сезімін бала бойына сіңіру жайлы айтылды. Ата-аналармен жұмыс жасау тәсілдерімен бөлісті. Мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалды саласын дамытудың негізгі мақсаты
– балаларды өзінің және айналасындағы адамдардың эмоционалдық жағдайларын түсінуге үйрету;
-өз эмоцияларын білдіру тәсілдері туралы түсінік беру (ым-ишара, сөз) -сезімдері мен эмоцияларын басқару қабілетін жақсарту
— түрлі электрондық гаджеттер мен мультимедиялық хабарларға тәуелді болуынан қорғау.
Бұл тапсырмада балалардың эмоцияларын түсіну үшін ересектер олардың мәнін білуі керек, сонымен қатар балаға шындықтың белгілі бір фактілерін тереңірек түсінуге және оларға дұрыс көзқарас қалыптастыруға көмектесуі қажет. Мектеп жасына дейінгі баланың мінезі қызба болып келетінін ескерген жөн, өйткені ол бірден эмоциясын (қуану, ренжу, жылау) айналасындағы адамдарға көрсетеді.
Екінші тапсырма бойынша «Әдіс шеберлері» балаларды эмоционалды дамытудың әртүрлі психологиялық-педагогикалық құралдары қолданылады:заттық-кеңістіктік дамытушы орта, ойын, музыка, балалардың көркем шығармашылығы, көркем әдебиет, театрландырған әрекет.Топтағы заттық- дамытушы орта үнемі дамытушы ойындармен, театр түрлерімен, дидактикалық құралдармен, құрастыруға арналған атрибуттармен және т.б. толықтырылып отыруы қажет, бұл балаға өзін қызықтыратын әрекеттерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Шығармашылық орталықтары. Балалардың шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыруға ықпал етеді, олардың сезімдерін байытуға мүмкіндік береді. Сондықтан, шығармашылық орталықтарда балалардың сурет салу, ермексазбен жұмыс, табиғи материалдарымен, қағаздан қиып бұйымдар жасауына шағын кітапхана, театрландырылған әрекетке жағдай жасау қажет. Осының нәжижесінде баланың эмоциясын дамыту үшін театрландырылған ойындарды қолдануға болады. Балалар кейіпкерлердің сұрақтарына қуана жауап береді, олардың өтініштерін орындайды, оларға кеңестер береді. Балалар кейіпкерлер күлгенде күледі, олармен бірге мұңаяды, қажет болғанда оларға көмекке көрсетуге дайын болады.
Семинарда көрсетілген үшінші тапсырма «Он саусаққа-он өнер» шеберханасы. Экологиялық таза, балабақшаларда еркін және кеңінен қолдануға болатын, ұлттық құндылықтарға баулудың бірден-бір, көне түрін -балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру құралы ретінде қолданудың түрлі жолдары мен формалары бар. Мысалы: әр ою табиғат пен тіршіліктің бір дүниесін сипаттайды. Гүл, қошқар мүйіз, құс қанаты, толқын , тарақ, түйе табан т.б. Қыз балалаларды ата-аналарымен немесе, әжелерімен бірге шеберханалар ашып, немесе варитивті оқыту жоспарына енгізіп баулитын керемет құрал.
Семинарда ортаңғы «Балдырған» тобы тәрбиешілері Байжанова Дамила Кадыровна, Сұлтанбекова Жанна Алшеновна ұлттық ойынымыз асық тақырыбында , ересек «Ертөстік»тобы тәрбиешісі Адасбекова Нургуль Тилегеновна квест ойыны «Біз тапқыр баламыз» тақырыбында , мектепалды даярлық «Жұлдыз» тобының тәрбиешісі Утепбергенова Зауре Аманалиевна «Ұлпа қарлар» тақырыбында ұйымдастырылған оқу қызметтерімен бөлісті.
Семинар қазақтың ұлттық биі «Қамажаймен» әрленіп, «Келіншек» күйімен түрленіп, «Жаса Қазақстан» әнімен мәресіне жетті. Ән мен күйге, жүрек тербер жырға толған бұл шараға ерекше үлес қосқан балабақшаның музыка жетекшілері Султанбекова Жулдызай Токаевна, Пазылханова Гулраушан Пазылханқызының атын атамай кету мүмкін емес. Келген қонақтардың алған әсері мен ортақ тәжірибеден түйген ойлары қалыптасқан педагогикалық ұжымға берген оң бағасы атқарылған еңбектің жемісі.
«№1 бөбекжай- балабақша» меңгерушісі Қарабалаева Қымбат Алимбаевна сөз алып: -негізгі тақырып баланың тілін дамытып, баланың эмоциясын көрсету арқылы қоғамға белгілі бір тұлға ретінде қалыптастыру үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Балабақшадағы оң өзгерістерге жақсы бағасын беріп, ұжымға шығармашылық табыс тіледі. «№150 бөбекжай – балабақша» меңгерушісі де «ұлттық құндылықтарды насихаттай білген берекелі ұжымға сәттілік» деп жылы лебізін білдірді. Сөз соңында осы жылдарға дейін Елорда Астана қаласында балабақша меңгерушісі болған тәжірибелі маман, білікті басшы Махатова Акбопе Турсынкожаеваға, әдіскер Кулембекова Акбота Берикболовнаға жас ұрпақтың жетілуіне негіз болар жұмыстар атқара алдыңыздар дегім келеді. Қазақ өзінің туған тілін, ұлттық рухын, ұлттық санасын, әдет-ғұрпын, ұлттық тұрмыс-тіршілігін , ұлттық мәдениетін, ән, әуен, күй , би, өлең –жырларын, музыка аспаптарын танып өскенде ғана ұлттық жігері асқақ, бойында намысы бар ұл-қыз өсіре алады. Дәл осы семинардағы көрсетілген әр дүние содан хабар бергендей. Мен үшін бұл балабақша ұжымы ұрпақ тәрбиесін –ұлттық тәрбиемен ұштастырып, ұлттың сақталып қалуы үшін үлес қосып жатқан білім ордасы.
«BILIM AINASY»
Астана қаласы
Әлия Ғалымбекқызы.
Құрметті Семинар жоғары деңгейде өтті. Сәттілік әріптестер
Құрметті әріптестер тек биіктерден көріне беріңіздер!