Home » Білім және тарих » Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына – 40 жыл

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына – 40 жыл

Қазақстанда құрылысшы білімін Астана, Қарағанды, Шымкент және басқа да қалаларда бірталай жоғары оқу орындары ұсынады. Алайда, құрылыс саласындағы негізгі және байырғы жоғарғы оқу орны  болып оңтүстік астанамыз Алматы қаласында орналасқан Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА) қала бермек. Құрылыс саласындағы білікті инженерлерді дайындау тұрғысынан елімізде Қазақ Бас сәулет-құрылыс Академиясына жетер жоғарғы оқу орны жоқ десек қате айтқанымыз емес. ҚазБСҚА мұражайында Қазақ тау-кен-металлургия институтының құрамындағы «Құрылыс ісі» кафедрасынан бастап, Алматы сәулет-құрылыс институтына және кейінірек жетекші сәулет-құрылыс академиясына дейін дамуының барлық кезеңдерін бақылауға болады. Дамуының барлық кезеңдері академияның материалдық, зертханалық, ғылыми және ғылыми-интеллектуалдық базасын белсенді қалыптастыруға, ең кәсіби және ғылыми-даярланған педагогтарды іріктеуге ықпал етті.
ҚазБСҚА – сәулет, дизайн, құрылыс, құрылыс материалдары мен бұйымдарын өндіру, инженерлік жүйелер, ағаш өңдеу технологиясы, геодезия және картография, экономика және менеджмент саласындағы мамандарды даярлайтын Қазақстан Республикасының бірден-бір жоғары оқу орны. Академиямыз өзінің тарихын 1957 жылы, «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша студенттердің алғашқы тобы Қазақ политехникалық институтына қабылданғаннан бастап жүргізіп келе жатыр. 1961 жылы «Сәулет» мамандығына қабылдау жүргізіліп, құрылыс, сәулет және санитарлық-техникалық факультеттері құрылды. 1980 жылы осы факультеттер мен Бүкілодақтық сырттай инженерлік-құрылыс институтының Алматы филиалы негізінде Алматы сәулет-құрылыс институты (AAСИ) ашылды, ол 1992 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясына (ҚазБСҚА) айналды, ал 2001 жылдан бастап Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА) деп аталды.
ҚазБСҚА жақын және алыс шетелдің жетекші университеттерінің қабылданған стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламаларын біріздендіруге ұмтылады. Елімізде алғаш рет студенттерге әлемдік білім беру кеңістігіне кіруге, шетелде білімін жалғастыруға және академия түлектерінің дипломдарын бүкіл әлемде тануға мүмкіндік беретін кредиттік оқыту жүйесі жасалып, енгізілді. Дәл осы бағытта ҚазБСҚА халықаралық қатынастарын белсенді дамытуда.
ҚазБСҚА-ның  ірі факультеттерінің бірі  Жалпы Құрылыс факультеті болып табылады. Қазіргі уақытта факультеттің ғылыми-педагогикалық әлеуетін 5 техника ғылымдарының докторы, 18 ғылым кандидаты, 11 магистр құрап отыр. Факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамы құрылыс конструкцияларын зерттеуді ғимараттар мен имараттарды жобалау саласындағы әлемдік тәжірибелерді ескере отырып  жүргізеді.
Біздің факультеттің алыс және таяу шетелдік көптеген университеттермен және кәсіпорындармен  кең ауқымды тығыз байланысы бар, Сеул, Токио, Мәскеу, Киев, Одесса, Ташкент, Душанбе және басқа да көптеген қалалардың салалық және академиялық ғылыми-зерттеу институттарымен,  ұжымдармен, кәсіпорындарымен белсенді шығармашылық қарым-қатынасы айтарлықтай.
Жалпы құрылыс факультеті өзінің түлектерін мақтаныш етеді, қазіргі уақытта  олардың көпшілігі – мемлекеттік қызметте, қоғамдық құрылымдарда жоғары лауазым иелері, сондай-ақ ірі құрылыс компанияларының, жобалау институттары мен ғылыми зерттеу институттарының басшылары болып істейді,  Қазақстанда, шет елдерде танымал ғалымдар болып табылады. «Құрылыс» мамандығын бітірген түлектердің түгелдей дерлігі жұмысқа орналасатындығын баса айтамыз.
Жалпы құрылыс факультетінің  коллективі  жыл сайын уақтылы өткізіліп тұратын «Ашық есік апталығына» мектеп бітіруші түлектерді шақырып тұрады. Бұл күндері академия  фойесінде Сені біздің оқытушыларымыз қарсы алып, игілікті Құрылыс мамандығы туралы әңгімелеп береді, Сенің барлық сұрақтарыңа жауап береді.  Өзіңнің болашағыңның берік іргетасын қалағың келсе, құрылысшы деген ұлы кәсіпті игергің келсе, нық сеніммен алға басқың келсе, құрылыс нарығында сөзсіз бәсекелестікке қабілеттілік таныта алсаң, бізге, ҚазБСҚА-ға оқуға кел!

Үстіміздегі жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына 40 жыл толмақ. Мерейлі белесімізді атап өту – салтанатты шеру ғана емес, терең мазмұнды, өзекті мәселелерді қозғайтын мағыналы, кейінгі жастарға үлгі болатын шара. Мерекеге біздер мақтаныш ететін, дүниежүзіне танымал ғылым мен өндіріс майталмандары, көрнекті ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, бүгінде ел игілігі жолында ізденіске толы, жемісті қызмет етіп жүрген түлектеріміз қатыспақ.
Академиямыздың 40 жылдық мерейтойы қазіргі студенттер мен оқытушылардың ғана мерекесі болып қалмайды. Бұл – біздің барлық түлектеріміздің мерекесі!

                  

  Слямбаева А.Қ.,
Ельжанов Е.А.,
ҚазБСҚА профессорлары.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.