Home » Абай əлемі » Абай қарасөздері қазақтың өшпес мұрасы

Абай қарасөздері қазақтың өшпес мұрасы

Торина Гүлжахан  Қуанышқызы,
Бекбулатова Рауза Фазылханқызы
Қостанай қаласы №2 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері

«Қазақтың бас ақыны -Абай Құнанбаев. Оннан асқан бұрыңғы -соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»

(А.Байтұрсынов)

Заман қанша ауысып жатса да, Абайдың жұлдызы биіктен жарқырайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру-ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» дей келіп, сананы жаңғырту арқылы еліміздің тың серпінмен  дамуына жол ашатынымызды атап көрсетеді. Сондай-ақ Президентіміздің  «Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан  Абай- елдік мұраттың  айнымас темірқазығы» деуінің астарында терең мән-мағына жатқанын да  аңғару қиын емес.

Ұлы Абай балалар мен жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беруде халық мұрасының тәрбиелік күшін-жоғары бағалаған. Өзінің өлеңдері мен қара сөздеріне халықтың мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін салт-дәстүрлерін орынды пайдалану арқылы балалар мен жеткіншектердің болмысқа деген эстетикалық- көзқарасының, талғамының, сезімінің қалыптасуына ықпал етті.

Абай қазақтардың кешегісі мен бүгінін, болашағын, олардың мінез- құлқын, салт-дәстүрлері мен рухани мәдениетін, оқу-білімін, жастарға адамгершілік тәрбие беру жолдарын тынымсыз ойлаумен өтті. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі уақыттың түсініктерімен зерделеп айтқанда, хакімнің ой барысы қазақтың менталитеті қандай, оған тән кемшіліктерді қалай жоюға болады, не істеу керек ол үшін? Әсіресе, өмірінің соңында дүниеге келген «Қара сөздеріндегі» ой желісі осы мәселелер маңында түйінделеді. Адамгершілік, толық адам туралы ойлар үшінші, бесінші, алтыншы, тоғызыншы, он сегізінші, жиырма үшінші, жиырма жетінші сөздерінде кездеседі. Жиырма сегізінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, қырық екінші, қырық төртінші сөздерінде жан-жақты сарапталады. Әрбір ұлттың ұлылығы өздеріне тән жағымсыз жақтарын жасырмай, аяусыз сынап, көрсете алатындығында деген пікір бар. Абай қазақ халқын басқа халықтардан, ұлыстардан кем деп санаған емес, керісінше халқының озық ойлы, озық мәдениетті елдер санатына қосылып, олардан да асып түссе екен деп армандады. Осы арман үшін өмірін сарп етті. Өз халқының аяулы ұлы ретінде өз заманында орын алған қаракетсіздікке, жалқаулыққа қарсы аянбай күресті. Абай ең алдымен бес нәрседен өсектен, өтірік айтудан, мақтаншақтықтан, еріншек, жалқаулықтан және бекерден-бекер мал шашудан қашық болуға шақырды. Әрбір жалқау адам, қаракетсіз, қорқақ та болады, оның тіршілігі де мардымсыз, сүреңсіз болады. Ал мақтаншақ адам ақылсыз, надан адам. Кісі қашық болу керек бес нәрсе, әрі қарай сабақтаса көптеген келеңсіз қасиеттерге апарып тірейді. Оны Абайдың өзінен артық зерделеу қиын. Ол былай дейді: «Бүкіл ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: Әрбір жалқау кісі қорқақ қайратсыз тартады: Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді: Әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді: Әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді: Әрбір арсыз жалқаудан сұрамақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».

Абайдың «жетінші» қара сөзінде «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмарлығы, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды.

Ал екінші білсем екен демектік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса даусына ұмтылып, онан ержетіңкіргенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласады тұра жүгіріп «ол немене?», «бұл не?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмарлығы деп жан мен тәннің байланысын, бірінсіз бірінің күні жоқ екенін айтып өткен».

Ұлы ақын өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек» деп үйретеді. «Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық. Надандық – білім, ғылымның жоқтығы, дүниеде еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, талапсыздық, ұят­сыздық – бәрі осыдан келіп шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны» дейді. Түсіне білген адамға астары терең осы сөз өз еңбегімен күн көруді, кісі ақысын жемеуді, арамдықтан бо­йын аулақ ұстауға тәрбиелейді.

Ұлы ойшыл алтыншы қара сөзінде былай деп жазады: «Ырыс алды-тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. …Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың». Енді бұл тұстағы «тірлік» сөзіне қатысты талантты жазушы, аудармашы Г.Бельгердің жазғанын келтірелік. Ол Абайдың  «Алтыншы сөзіндегі» «Өнер алды-бірлік,  ырыс алды-тірлік» деген қазақ мақалын кімнің қалай аударғанын былайша  жеткізеді:

«… Енді аудармаларын оқиық. Орыс тіліне  Шкловский «Начало умения- в объединении. Начало достатков-в труде», Санбаев «Начало искусства- в единении, начало достатка-в жизни»,  Серікбаева мен  Сейсенбаев: «Начало успеха- единство, основа достатка- жизнь» деп аударыпты. Қорытындысы: әр аудармада қандай да бір жетіспеушілік  байқалады». Бельгердің айтуына қарағанда, бұл мәнмәтіндегі «тірлік» тек «өмір» дегенді, ал «өнер» тек «искусство» дегенді білдірмейді.  Бельгердің өзі аталмыш мақалды екі нұсқада аударады:  «Успех-в единстве, достаток- в труде»  және «Успех-  в согласии, благо-в труде». Меніңше, осы екі аударманың алдыңғысы қазақша нұсқаның айтар ойын  дәл жеткізіп тұр. Демек, Абайдың «тірлік» деп отырғаны- еңбек болса керек. Ұлы ойшыл  бұл жерде еңбек етіп, тірлік жасаған адамның  несібесі, өз ырыздығы  боларын меңзеп отыр.

Еңбек еткен адамның далада қалмасын оныншы қара сөзінде ойшыл былайша сабақтайды: «Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орын тауып іздесе, кім бай болмайды».

«Естілердің айтқан  сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп бабамыздың өзі айтпақшы(19), еңбекке қатысты өзге де қара сөздерінен теріп  алынған афоризмдерді ескеріп жүрген абзал. Солардың бірнешеуін ұсынайын: «Адал еңбекпен мал іздемек-ол арлы адамның ісі»(29), «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» (33), «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Егер ісім өнсін десең, ретін тап»(37), «Еріншектік- күллі дүниедегі өнердің дұшпаны»(38) және т.б.

Абай  «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беруінің бір себебі- жұмысының жоқтығы.Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» (42) деп, тап бүгінгінің де кінәратын дөп тапқандай жазған екен.  Шынында да, екі қолға бір күрек таппай, көше кезіп онемесе ұрлық жасап я болмаса түрлі алаяқтыққа барып, қылмыскер атанып жүргендер қаншама арамызда.Өкінішке қарай, бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті оқып та, көріп те жүрміз. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен  айналасына үлгі болуы керек. Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады.

Сондықтанда «Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік  тоқып, өзінің тынымсыз,адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек»- дейді Президент өзінің  мерейтойлық бағдарламалық мақаласында.

Абай өзінің қарасөздерін жазудағы мақсатын бірінші сөзінде былай баяндайды: «Ақыры ойладым: осы ойыма кірген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры, осыған бел байладым. Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Бұл- ел қамын ойлаған ұлы ойшылдың өмір, қоғам, тіршілік, философиялық ой қарым-қатынас жөніндегі көзқарастың жиынтығы, философиялық ой топшылауы.

Абайдың қарасөздері көркем әңгіме емес-ғақлиялық даналық сөздер. Абай қарасөздері жазуға зор дайындықпен кіріскен. Оның қарасөздерінің өзіндік ерекшелігі бар. Сөйлемдері қысқа, мағынасы терең, көркемөнер этика мәселелері туралы көзқарастарын білдіруде осы әдісті кеңінен пайдаланған. Оның көптеген өлеңдеріндегі сияқты қарасөздерінде де нақыл, мақал-мәтелге айналып кеткен айшықты сөз тіркестері жиі кездеседі. Өз шығармасын қарасөзбен жазудың публистикалық түрінің негізін қалаушы Шоқан болса, көркем қарасөз қазақтың жазба әдебиеті тарихында Ы.Алтынсариннен басталады. Ал одан әрі дамытушы Абай болды. Абай басқа елдердің философ ғалымдар, шығыстың ойшыл ақындарының еңбегімен танысып, ақыл парасаты толықсыған шағында жазуға кіріскен. Ол қарасөздеріндегі келтірілген терминдік атаулар мен сілтемелерден немесе ой-пікір үндестігінен байқалады. Ол өзінің ой толғаныстарын 19 ғасырдың 90-жылдарында қарасөздермен жазған.

Міне, осындай ақыл сөздерімен қазақ халқына ой салған Абай атамыз ешбір жанның есінен кетпес. Абайдың осы қарасөздерін оқығанда адам белгілі бір толқу үстінде отырады. Адам баласының білмегенін білдіріп, еріккенге ермек деп жаза салған жоқ, ол адам баласы өмірге келгеннен кейін өмірдің бар жақсысы мен жаманын айыра білсе екен деді. Адамның жеп отырған нанының өзі қаншалықпен алға келеді. Адам өмірде тек түзу жолмен жүру керек дейді. Ұрлық, алдау, арбауға үйренген адамға одан шығу қиын. Адам баласы тек білім, оқу, іздену, ғылым арқылы өз ісін алға қарай жалғастыра алады. Абай қарасөздері – оның ақындық мұралығына қосылған бағалы қазына. Ұлы ойшыл қарасөздерінде «артқа лаң болмай» алға ілгері басуды арман етті. Қазақтардың тарихи бетін дұрыс жолға бұрды. Ол өмірдегі құбылыстарды жіті қабылдап, өмірдің мерездеріне жирене қарады, оқырманын солардан безіндірді. Ұлы ойшылдың ғақлиясын, ақыл кеңестер деп ұғынған жөн. Абай қарасөздеріндегі құдіретті болашақ жас жеткіншектерге өзіміздің санамызға ұялатып, әрі оны өмірлеріміздің ұстанымымызға айналдыра білсек, кәделі іс оның тындырған болар едік деп ойлаймын.

Олай болса, Абай турасындағы сөзімді  білім, ғылымды терең меңгерген ұлт ардақтысы сөзімен түйіндейін.  Абайтанушы Тұрсын Жұртбай ұлы тұлғаны «Абайды оқу, оның «есті сөзін» естен шығармай, өмірлік бағдар етудің жеке адам үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін пайдасы зор. Абай –біздің рухани өміріміздегі басты бағдарымыз»-деп  бағалады.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қазіргі жаһандану заманында ұлы Абай тағылымынан нәр алу, оның ішінде озық ақыл-ой мен жасампаз еңбекке сенім артудың маңызы арта түскенін мойындау өмір шындығына ұласқанын көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан».«Егемен Қазақстан» газеті,09.01.2020.
  2. Жарасбай Сүлейменов.  Абай жаққан бір сәуле сөнбеуі үшін. «ЕҚ», 31.01.2020.
  3. Абай.Қара сөздері. Алматы, 2010.8-бет.
  4. Әуезхан Қодар.Абай-өзін-өзі тудырған адам. «Аңыз адам» журналы. №5, 2010.44-бет)
  5. Г.Бельгер. Энергия оригинала.Алматы, 2011. 333-бет.
  6. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.