2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік Жоғары оқу орындарының рейтингі жарияланды. Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен зерттеуді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген. Рейтингте тек Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қорғаныс министрлігіне бағынышты білім ордалары қамтылмапты.
Зерттеу кезінде 68 мың түлектің жұмысқа орналасу көрсеткіші, орташа айлық жалақының мөлшері, білім беру бағдарламаларының сапасы, білім алушылардың жетістіктері, сондай-ақ халықаралық байланыстар ескерілген.
Бұл жұмысқа еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам салалық сарапшы тартылыпты. Нәтижесінде 108 унверситетке қатысты 6 мың эксперттің тұжырымы назарға алынған.
Зерттеу қорытындысы бойынша үздік ондықтан төмендегі Жоғары оқу орындары көрінген. Олардың арасында Академиялық адалдық лигасының құрамындағы университеттер де бар.
- М. С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті;
- Қазақстан-Британ университеті;
- КИМЭП университеті;
- Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті;
- Қазақстан-Неміс университеті;
- Сүлеймен Демирел атындағы университет;
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
- Халықаралық білім беру корпорациясы;
- Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті;
- Нархоз университеті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Жоғары оқу орындары арасында бәсекелестікті дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Бәсекелестікті дамытудың бірден бір жолы — Қазақстанның Жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының нарықтағы сұранысқа қаншалықты сай келетінін анықтау, олардың арасында рейтинг жасау.