Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Біз бабалардан мұра болған қасиетті жерімізде тұрып жатырмыз. Бүгін республикалық басылымда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның бүгінгі тарихы 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Яғни, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр.
Осы орайда тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы тиіс деген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды. Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді», — деп атап көрсеткен.
Мақалада Президент бұл күнде Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасы толығымен шегенделгеніне айрықша тоқталып өтті. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.