Осыдан біраз жыл бұрын, балам туыстарымен бiрге күйеубаламның туған күнiне кеткен. Үйде жалғыз едiм. Бiр кезде безiлдеген телефонның құлағын көтердiм. “Әлгiнде балаңыз (атымен атап) қару-жарақ сатып жатқан жерiнен милицияға ұсталды, сөйлесiңiз”, – деп телефон тұтқасын балама ұстата салды. Ол: “Мама, менi тезiрек құтқарып алшы” дегенi сол едi, байланыс үзiлiп кеттi. Жүрегiм қоса үзiлiп кеткендей болды. Iле бағанағы ер адам: “Қалта телефоныма хабарласпасаңыз, бiреу-мiреу естiп қояр. Балаңызға жаным ашыған соң көмектескелi тұрмын” деп маған бiр телефонның нөмiрiн айтты. Мен ештеңе ұғып жарытпасам да, жалма-жан телефонға жармастым. Ол: “Егер сотқа жеткiзбей шығарып алам десеңiз, бiр мың АҚШ долларын дайындаңыз. Аздан соң, өзiмiз хабарласып, кездесетiн жердi айтамыз”, – дедi. Мен есiм шығып, тұрған орнымда қаттым да қалдым. Не сенерiмдi, не сенбесiмдi бiлмедiм. Сенбейiн десем, баламның атын атап тұр, сөйлеген жiгiттiң даусы да баламдiкi сияқты. Сенейiн десем, балам осыдан 15-20 минөт бұрын ғана үйден шықты. Қайдағы қару-жарақ? Қайдағы сауда? “Оның дәл қазiр үйде жоғын бұлар қайдан бiлдi?” деймiн түкке түсiнбей. Не iстесем екен? Кiмнен көмек сұрасам? Апыл-ғұпыл киiмiмдi үстiме iле сала, құлап-сүрiнiп далаға жүгiрдiм. Сiңлiм күйеуiмен вокзалға кеткен, ойым – соларға жету. Алға басқан аяғым, керi кетiп, жүрегiм өртенiп, көшеде жылап келем. Аялдамаға жете бере алдымнан әлгiнде балаларды шығарып салуға кеткен студент жиенiм шықты. Ол да сенер-сенбесiн бiлмей, шошып кеттi. Екеуiмiз жанұшыра вокзалға жеттiк. Сiңлiм балалардың бөлек кеткенiн айтты. Ұлыма телефон соғып ем, алмады. “Қорыққанға қос көрiнер” дегендей менiң үрейiм одан әрi күшейе түстi. Дегбiрiм қашып, аяғым жансызданып, тiзелерiм ерiксiз бүгiле бердi. Ұлыммен ағамның қызы бiрге кеткен, соған қоңырау шалдым. Ол Бақтиярдың жанында екенiн айтып, телефонды ұлыма бердi. Қатты қорыққаннан болар, менiмен сөйлесiп тұрған адамның ұлым екенiнен күдiктенiп, тiптi бауырларымен бiрге “автобуста кетiп бара жатырмыз” дегенiне де сенбей, өз-өзiмдi тоқтата алмай, көп жыладым. “Оны бiреулер орта жолда тоқтатып, ұстап әкете ме” деген қауiптен зәре-құтым қалмады. Сол кезде ойыма не келiп, не кетпедi десеңiзшi! Қажет десе, сол сәт баламды аман алып қалу үшiн жүрегiмдi де еш ойланбастан жұлып беруге даяр едiм. Дереу қызыма қоңырау шалып: “Ұлды өзiң қарсы ал да, ертең үйге өзiң алып кел” деп бұйырдым. Олар да шошып кеттi. Бойымды үрей билегенi соншалық, түнi бойы кiрпiк айқастыру былай тұрсын, жанымды қоярға жер таппадым. Содан не керек, баламды сiңлiлерiм келесi күнi үйге аман-есен алып келдi. Мен оның даусын естiген кезде, талықсып кетiппiн. Бақытымызға қарай, бәрi жақсы аяқталды. Сөйтсек, бұл – ерiккен алаяқтардың әрекетi екен. Бұрын бiрлi-жарым құлағым шалып қалса да, дәл осылай өз басымнан кешiрем деп кiм ойлаған? Мүмкiн, бұл да өмiрдiң менен аямаған көп сынағының бiрi шығар. Алайда сол сәтте балапанымсыз өмiрiмнiң мәнi жоқ екенiн жаным шырқырай мойындаған едiм.
Айгүл МОЛДАШ,
«BILIM AINASY» газеті
Павлодар қаласы.