Шымкент қаласы
№61 «Нұртас» бөбекжай—бақшасы
Тәрбиеші: Ибрагимова Сандуғаш
Мамандық. Менің ойымша маман, ол өз ісін жанымен,бүкіл болмысымен таңдаған жолы. Мен тәлімгер тәрбиешімін терең білім иесі, елімнің болашағы бүлдіршіндердің екінші анасы, мамандықтардың бетке тұтары.Тәрбиеші жолы- ойы ұшқыр,тілі ұтқыр шәкірт тәрбиелеу,арқаланған армандар мен үміттер жолы.Таланттылық ол бір жүре пайда болса,менің жолым жанымның бүкіл руханиятымның таңдауы, сондай сәтте болады. Мен мамандығымсыз өздігімді елестете алмаспын. Мен өмірде өз мамандығымды табу жолында ұзақ жүргендеймін.Мектеп қабырғасынан ұшқан бойда осы мамандықты таңдамағаныма өкінемін. Экономика саласында біраз жыл еңбек етіп, ол мамандықтан ешқандай ләззат алмай,жүрегімнің қалауы мүлдем басқа екенін түсінгенде мен өз өмірімді өзгерту керек деп ұйғардым. Өз мақсатымды табу жолында ең алдымен, өзіме сұрақ қойдым. «Мен нені қалаймын? Менің жүрегіме не жақын? Мен қандай мамандықтан бақыт табамын?», -деген секілді сауалдарға жауап іздей бастадым. Сондағы менің ойыма ең бірінші келген жауап, ол кішкентай сүйкімді бүлдіршіндерге деген менің шексіз махаббатым және олардың кіршіксіз таза көңілі мен риясыз сылдырлаған күлкілері!
«Әсемпаз болма, әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан» — деп Ұлы Абай жырлағандай шыр етіп дүниеге келген соң, жұмыр адамзат баласы алдына мақсат қойып,бір нәрсеге қол жеткізгісі келіп армандайды. Ойдан ой туады. Ой арманға жалғасады. Адам баласының алға қойған мақсатының ішіндегі маңыздысы, мәндісі — оның мамандығы. Иә, мамандығы, дәлірек айтсақ кәсібі. Болашақ өміріндегі қызығы мен қиындығы мол кәсібі. Менің бала көңілімде, сәби жүрегімде өзінің парасатты болмысымен сақталып қалған құрметті адам болса,ол – менің ең алғашқы ұстазым тәрбиешім еді. Кішкентай кезімде тәлімгер тәрбиешілерге қарап, оның әрбір іс-қимылын көзіммен ұрлана бағып, қызыға қарап,еліктейтінмін. Осылайша мен өз орнымды бүлдіршіндердің бақыт мекені балабақшадан таптым.
Қазіргі жаңартылған білім беру саласында ауыл мен қала жастары балабақша тәрбиешісі мамандығына жеңіл қарап, оның маңыздылығын жете түсіне бермейді. Қалай айтсақ та, менің түсінігімдегі –рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отаны үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші , өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін мейірім шапағатын болашақ ұрпақтың бақыты мен болашағына жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы адам деп білемін. Осы тәрбиеші мамандығының ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Қасиетті мамандықтың иесі бола тұрып, баланы тұлға ретінде тани білу,оның пікірімен санаса білу, қуанышына қуану, жетістігін бағалай білу – менің ұстанымым деп білемін. Тәрбиеші балаларға білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық пенденің бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.
Жақсы тәлімгер тәрбиеші өз білгенін түсіндіреді, ал ұлы тәрбиеші балаларға өз жүрегіндегі бар мейірімділігі мен махаббатын бере отырып, оларды шабыттандырады. Олардың көп нәрсені білгісі келіп, қызығушылық танытқанын, бақытты нұрын көргенде, кәсібімнің , төккен терімнің зая кетпегені деп білемін. Менің балаларды өмірге дұрыс көзқараспен қарап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қоршаған ортаға деген мейірімділік пен жанашырлық танытқанын көргенде, бағытымның дұрыс жолда екендігіне көзім жетеді.
Иә, ғалым да шахтер де бас иетін, шамасы келсе дүниені бағындыратын тәлімгер тәрбиешілерге бүгінгі таңда жүйелі жүк артылып отыр. Бүлдіршіндерімнің әрдайым балабақшаға сағынышпен келіп, құшақ жая маған қарай асыққанын көргенде менен бақытты тәрбиеші жоқ екендігіне қуанамын. Осыдан кейін мен өз мамандығымды қалай жақсы көріп, құрметтемеймін? Мамандығымды мақтан етемін! Менің әрбір жұмыс күнім – мен үшін күнделікті мереке.
Қорыта келгенде, ендігі ұрпақ – Мәңгілік қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік ел! Көз қарашығымыздай сақтау мәңгі мұратымыз! «Мәңгілік Ел» , «Ұлы даланың жеті қыры» , «Рухани жаңғыру» көп ғасырлық тарихын білетін, бағалайтын, мақтан тұтатын, бүгінін нақты білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын азаматтарды тәрбиелеу бәрімізге тікелей жүктелген міндет деп білемін.
Тәрбиеші –адам баласы үшін, өмір жолындағы ең алғашқы ұстаз, баланың жадында мәңгі сақталатын тәлімгер анасы, ол барлық ой мен қимыл әрекеттің, ақылдың дәнін себетін, нұр құятын жалын иесі. Балаларға жаңартылған жалпы білім беру бағдарламасындағы құндылықтар мен дағдыларды өзара ықпалдастыра, жас ұрпақ бойына дарыта отырып, білім мен тәрбие беру менің міндетім.