Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқыту-заман талабы

Қашықтықтан оқыту-заман талабы

Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№6 жалпы білім беру орта мектебі»КММ
Бастауыш сынып мұғалімі Аманжаева Жанар Аманкельдиевна

Бүкіл әлемді шарпыған індет құрсауына іліккен еліміздің білім  беру жүйесі тұңғыш рет қашықтықтан оқыту жүйесіне 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап  көштік.

Меніңше,қашықтықтан оқытудың білім алушыларға жаңа мүмкіндіктерді алып келгені рас.Жалпы бұл жүйе өзге мемлекеттерде ертеректе жүзеге асқаны баршамызға белгілі.Кейбір елдерде ата-аналардың қашықтықтан оқыту мен мектепке барып білім алуды таңдауына болады. Бірақ бәрібір де балаға мұғалім мен ата-ананың қадағалауы қажет.

Сын сағатта қашықтан оқыту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дер кезінде қолға алып, ұстаздар қауымына үлкен сенім білдірді.

Қашықтықтан оқыту үшін Қазақстан білім алушылары мен білім берушілеріне «Kundelik.kz», «Daryn.online», Қазақстанда баламасы жоқ «BilimLand» ұлттық цифрлық білім беру платформасы, «Google Classroom» веб-сервистері арқылы оқу ұсынылды.

Осы орайда, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы №6  жалпы білім беретін  мектептің педагогикалық ұжымы өздерінің кәсіби шеберліктері мен тәжірибелерін шыңдай отырып оқытудың жаңа үлгісіне жауапкершілікпен қадам басты. Ұжымдағы әр ұстаз өздерінің шәкірттеріне, ата-аналарына бағыт-бағдар, түсіндірме жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп, оқыту мен оқу үрдісін жалғастыруда.

Осы 1 ай  барысында менің әріптестерім өздерінің  киелі білім ордасын, білімді шәкірттерін сағынғандығын айтып, жылы лебіздерін қашықтан білдіруде.

Біз балалардың көктемгі демалысын жан-жақты ізденуге арнап, видеосабақтарды дайындап, берілген уақытымызды тиімді пайдаландық. Бастапқыда бұл жұмыс қалай болады деген қобалжу болғанымен, қазіргі уақытта қашықтан оқыту жобасы арқылы мектебіміздің барлық мұғалімі тәжірибе жинақтап, төселіп те қалдық.  Осы уақыт аралығында мұғалімдер де, оқушылар да өзара білім алмасу үдерістерін үздіксіз жалғастырып келеді. Кері байланыс та жүргізіліп, оқушылар лайықты бағаларын алып, білімдерін толықтыру үстінде.Енді сәл күнде осы ІҮ тоқсанның қорыту мақсатында негізгі пәндерден БЖБ,ТЖБ алына бастайды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  21 сәуір күні Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде денсаулық сақтау мен білім салаларында үлкен өзгеріс күтіп тұрғанын, сондықтан жаңа талаптарға жауап беретін стратегиялық шешімдер әзірлеуді  сала басшыларына тапсырды. Сондықтан, қашықтан оқыту жүйесіне білек сыбана кіріскен білім саласындағы қызметкерлер мен әріптестеріме  тек сәттілік және шығармашылық табыс  тілеймін.

«Жұмыла көтерген-жүк жеңіл» демекші, ендеше ата-ана, оқушы, мұғалім болып жұмылып, еңбек етейік!

БІЗ БІРГЕМІЗ!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.