Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№2 жалпы білім беру орта мектебі»КММ
Мектеп директоры
Тағанияз Өмірхан Базарұлы
Маңғыстау облысы,Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылдық округінде орналасқан «№2 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы сәуір айының 6-шы жұлдызынан бүкіл республикадағы мектептердегідей қашықтықтан оқытуға көшті. Маңыстау облысында карантин жариялануына байланысты үйде жұмыс жасап отыр. Міне, оқу тоқсанының үш аптасы өтті. Мектеп әкімшілігі арнайы чатта үнемі байланысқа шығып, қашықтықтан оқыту барысы, балалардың сабаққа қатысы, қандай қиыншылықтар, кедергілер бар, оларды жолға қоюда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, мұғалімдердің жағдайы, ата-аналармен байланыс, әрбір бастауыш, орта буын, жоғарғы буын сыныптарына бекітілген бақылаушылар жұмысының нәтижесі туралы хабарласып оқушыларға қашықтықтан білім беру барысын жіті бақылауда ұстап отыр.
Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында орта білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыным жобасы берілгеннен кейін қашықтықтан оқытуға көшуге байланысты іс-шаралар жасақталып, мектепте ІТ білігі жоғары 10 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Бұл мамандарға тез арада мұғалімдерге әдістемелік көмек ұйымдастыру тапсырылды. Пән мұғалімдеріне календарлық-тақырыптық жоспарларын реттеу, электронды журналға жүктеу, сабақта қолданатын әр түрлі материалдар файлдарын дайындау тапсырмалары берілсе, сынып жетекшілеріне әр сынып бойынша барлық ата-ананың міндетті тіркелуін қадағалау, түгендеу , WhatsApр желісінде ата-аналар чатын ашып, жаңалықтармен дер кезінде таныстырып отыру міндеттелді.
Педагогикалық кеңесті қашықтықтан өткізе отырып, жұмыс сапасын арттыру, қашықтықтан оқыту процесін ұйымдастырудың техникалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету, қашықтықтан оқыту технологияларын қолдану арқылы оқу процесін іске асыру жағдайында мектеп жұмысын қалай ұйымдастыру туралы кеңесе келіп, орындалуға тиісті нақты қаулылар алынды.
Осыған байланысты мектептегі оқу ісі, әдістемелік жұмыстар жөніндегі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларым мен педагог-ұйымдастырушы, педагог-психологтар, сынып жетекшілері мен жалпы пән мұғалімдеріне ризашылық сезімімді білдіргім келеді. Себебі оқу ісі жөніндегі орынбасарлар әр буындағы, әр сыныптағы сабақтардың кесте бойынша жүруін бақылап, өткізілген іс-шаралар туралы ақпараттар жинап, оны мектеп ұжымына таныстырып отырса, педагог-психологтар білім алушылар мен ата-аналарға қашықтықтан оқыту жағдайында психологиялық қолдау көрсетуде. Сынып жетекшілерінің жұмысы бұрынғыдан анағұрлым ауырлай түсті десем артық болмас. Олар оқушылар мен олардың ата-аналарымен күнделікті байланысты жүзеге асырып отыр. Ата-аналарды қашықтықтан оқыту технологияларын қолдану арқылы оқыту процесі туралы, кестедегі өзгерістер туралы, оқу барысы, оның нәтижесі туралы, оқушыларға кері байланыс беру туралы хабардар етіп, әр сыныптағы жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы мектеп әкімшілігіне мәлімет беруде. Пән мұғалімдері бекітілген оқу кестесіне сай жұмыстың оңтайлы және әртүрлі түрлерін, қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып сабақтарын өткізуде.
Тәрбие жөніндегі орынбасарым да ауылдық жердегі балалардың тіршілігі, карантин кезіндегі ұсыныстардың қатаң орындалуын қадағалап, әртүрлі категориядағы оқушылармен тікелей байланысқа шығып, жағдайларын біліп отыр.
Компьютерлері жоқ мұғалімдер ноутбук, компьютерлермен қамтамасыз етілген. Кейбір оқушыларға сабаққа қатысуға болатын планшеттер демеушілер есебінен берілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады деп ойлаймын.
Бірлесе көтерген жұмыс та өз нәтижесін беруде. Ұжым арасында өздерінің үйренген жаңалықтарын, оқытудың әр түрлі платформасын сабақта қолдану туралы пікір алмасуы өте жақсы. Әзірге ата-анадан жақсы лебіздер ғана естіп жатырмыз.
Мектепалды даярлық сыныптарындағы 142, бастауыш сыныптардағы 681 бала, орта буындағы және жоғарғы сыныптардағы 744 оқушымен толықтай байланыс жолға қойылды. Мұғалімдеріміз де, оқушыларымыз да қашықтықтан оқуға төселіп қалды. Оқушылар түгелдей «Балапан» телеарнасынан берілетін сабақтарды көреді. Өзіміздің пән мұғалімдеріміз де күнделікті кесте бойынша сабақтарын өткізуде. Мектеп бітіруші сыныптарға айырықша көңіл бөлудеміз. Биылғы мектеп бітірушілерге қорытынды аттестаттаусыз аттестаттары, «Алтын белгі», «Үздік аттестаттарды» жылдық қорытынды баға негізінде берілетін болғандықтан, осы оқушылар білімі талапқа сай болуын айырықша қадағалаймыз.
Аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, өзіміздің Білім және ғылым министрлігінен келіп жатқан барлық нұсқаулықтармен ұжым дер кезінде таныстырылып, өз жұмыстарында пайдалануда.
Менің ойымша қашықтықтан оқытуға көшу мұғалімдердің ақпараттық-технологияларды меңгеруіне тиімді әсер етті. Мұғалімдерге көбірек ізденуді үйретті. Ата-аналармен күнделікті байланыста болып, оқушылардың тұрмыс жағдайын бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсы білуіне септігін тигізді.
Алайда, қашықтықтан білім беруді дәстүрлі мектептегі сабақпен теңестіре алмаймын. Республика бойынша интернет желісінің әлсіздігі белгілі болды. Сонымен бірге қазіргі пайдаланып отырған түрлі платформалардың да өзіне тән кемшіліктері бар. Мектеп қабырғасын көрмеген, ұстаздың алдына бармаған балада жеткілікті тәрбие де, білім де болмайды. Сондықтан қашықтықтан оқытудың заман талабына сайлығы, тиімді жақтары туралы қанша дәріптелсе де, осының барлығын балаға мұғалім көзбе-көз көрсетіп, ақпараттық құралдарды мектепте пайдаланғанға жетпейді. Дүниені жайлаған індет ауыздықталып, балаларымыз мектебіне келуі керек.
Ал, көне көшпенділер ұғымы бойынша биылғы жылды «берекеге бай, белдігі бекем, тоқымы терсіз, түтіні түзу, тірлігі тоқ жыл болуға лайық»,- деп жазған екен Newscайты.
Лайым солай болсын! 2020 тышқан жылынан да күтер жақсылығымыз көп. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Қазіргі қиын жағдай да өтер, мектепке мұғалімдер де, балаларымыз да аман-сау жарқын жүзбен оралсын.
Дарытып мол шапағат барша жанға,
Жолатпай арамдықты жақын маңға.
Бер, тәңірім, бақыт пен несібеңді,
Ақ ниет, аппақ жанды адамдарға дей келе, баршаңызға мықты денсаулық, мойымас қайрат, сабырлылық тілеймін.
Үйде болыңдар, біз біргеміз, біз жеңеміз!