Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы,
Сүгір Бегендікұлы атындағы
№4 орта мектеп.
Бастауыш сынып оқу ісі меңгерушісі: Ахметова Нурсулу Амановна
Жеңіс десе менің есіме елімнің қайғы — мұңсыз, бейбіт өмірі келеді. Бірақ, мен бұл жеңістің құны қаншалықты қымбатқа түскенін еш уақытта естен шығармаймын. «Ұлы Отан соғысы» тарихының беттерін парақтасақ, жеңіс үнін естіртуге қазақ батырларының қосқан үлесі телегей – теңізбен тең. Осы аяқ астынан басталған әділетсіз арпалыста қауызын ашпай, көктей қырылған қазақ жастарының ішінде, әттең-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен…
Екінші дүние жүзілік соғыстың өрті шарпымаған шаңырақ кем де кем. Бұл әділетсіз соғыстың өртін тек қан ғана сөндірген болатын. Сол жылдары үстемдік, билік, байлық — осындай түкке тұрғысыз нәрселер үшін адам қаны суша ағызды. Қаншама отбасы қан жылады. Қаншама бала тірі жетім, әйелдер жесір атанды. Осындай қайғы-қасіреттің ортасында жүріп, көзбен көріп, ел басына күн туды деп, намысты қамшылап, етігімен су кешкен қазақтың қайсар ұл-қыздары от пен оқтың ортасында жүріп, Отанымызға ғана емес, барша әділетсіз соғыс құрбаны болған халыққа жеңіс сыйлай алды. Ұлы Жеңіс күні – барша халықтың жеңісі. Кеудесін отқа тосып, су кешіп, қан жұткан сол бір жылдар, бір қуантары, барған сайын алыстауда. Дегенмен, қанша жылдар өтседе үні үрейлі Ұлы Отан соғысының қасіреті баршамыздың жүрегімізде. Иә, осы майданда қасық қанын қиып, ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандарымызда қаншама! Олар, арын жалау, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұландары – жерін, халқының өмірін, өзі туған өңірін, ақ сүт берген анасын, ақ самал ескен даласын қорғап, майдан алаңында қаза тапты. Бұл жеңіс шапағы бейбіт тірлігіміздің шуағы іспетті.
«Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес.
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек» , -деп
Сұлтанмахмұт жырлағандай жеңіс үшін жанын салған ата-бабаларымыздың ерлігін ешкім, ешқашан ұмытпақ емес. Өйткені, бүгінде өсіп — өніп жатқан біздер бұрынғы батыр бабаларымыз бен кешегі майдангерлерден тараған ұрпақпыз.
Ұлы Жеңіс, мен үшін достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы боп атылған, ел дауысы боп шақырған жеңіс. Бұл жеңістің қасиетін халқыма ұмыттырмауға барымды саламын.