№108 мектептің 9-сынып оқушысы
Сұлтамұрат Есенгелді Айдарұлы
Міне, азамат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың болып, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызға биыл 75 жыл толып отыр. Бірақ Ұлы Жеңіске қалай қол жеткізгеніміз, сұрапыл соғыста адамзат тарихында ұмытылмастай із қалдырды. Отан үшін отқа түскендер үшін де, бейбіт жатқан халық үшін де бұл соғыс тарихтың жарқын беттеріне айналды. Сондықтан да бұл күннің маңызы өте жоғары.
« Ер есімі – ел есінде» демекші бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған ата, апаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Елді қорғаған аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы атамыз « Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген қанатты да қайсар сөзі әр азаматтың жадында жатталған. Бұл соғыс кезінде қаншама қазақстандықтар ұрыс даласында дүние салды. Отан үшін, бебітшілік үшін жанын қиғандарға мың тағзым! Осындай ерліктерімен Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевтың тұлғасы неге тұрарлық!? Нәзік жаратылысына қарамастан «Максим» пулеметін ұршықша иіріп, қайталанбас ерлік көрсеткен Мәншүк Мәметова, құралайды көзге атқан мергендігімен талай фашисті жаһаннамға жөнелткен Әлия Молдағұлова, ұшақты ойыншық құрлы көрмеген, зымиян жауды әуеден қырып ерлеген Хиуаз Доспанова, бір өзі жаудың екі танкісін қиратқан батальон комсоргі, гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова – қазақ қызы қайсарлығының бойтұмары емес пе!? Осы айтылған жауынгерлерімізді Отан үшін отқа түскен батырларымыздың ерен ерлігін еш уақытта да ұмытпаймыз. «Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмыт қалған жоқ». Осынау бір қанатты сөз Жеңіс күнін мерекелеу кезінде де жиі айтылады, соғыстан қаза тапқандар ескерткішіне де қашалып жазылған.
Осы мерекеге орай жыл сайын еліміздің түкпір – түкпірінде түрлі іс –шаралар мен шерулер ұйымдастырылатын еді. Қазіргі уақыттағы төтенше жағдайға қарамастан, бұл күнді атап өту үйде отырсақ та жалғасын тауып отыр. Отан, туған ел, қастерлі де қасиетті жеріміз туралы асқақ әндеріміз айтылып, би билеп, бейнебаяндар түсіріліп, жыр шумақтарынан нәр алып жатқан жастарымыз бұл күнді тойлатуды жалғыстырып жатыр.
Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста жеңіске жеткізді. Өскелең ұрпақтың бойында қайсарлық, Отанға деген сүйіспеншілік, елді, жерді қастерлеу қасиеттерін қалыптасуы тиіс! Келешек еліміздің дархан даласы кең аспаны ашық болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!