Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№12 жалпы білім беру орта мектебі»КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
Умирзакова Разия Султамуратовна
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген індет,елімізден айналып өтпеді. Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы халықаралық және көршілес елдердің тәжірибесіне сүйеніп,төтенше жағдай жариялап,сақтық шараларын дер кезінде бастап кетті.
Әрине күтпеген жерден алаңсыз білім алып жүрген мектеп оқушыларын шұғыл түрде lll тоқсанды ерте аяқтатып,көктемгі демалысқа шығарылды. Төтенше жағдайдың ұзаққа созылуына байланысты білім саласында да бір үлкен өзгерістің болары анық еді.
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов мырза қашықтықтан оқыту туралы шешім қабылдап,бұйрық шығарған болатын.Осы бұйрық негізінде білім мекемелері қызу жұмысқа кірісіп кетті.
Мектебіміздің директоры Қ.Ү.Титанов,оқу ісінің меңгерушілері Ботакөз Қайнарбаевна,Бауыржан Абдимуратович,әдіскерлер Сауле Байназаровна,Убира Джумаевна,техникалық білім маманы Гүлбану Майлыбаевна және 10адамнан тұратын «Жедел жұмыс тобы» құрылды. Топ мүшелері мұғалімдер және әлеуметтік жағдайы төмен оқушылар тарапынан туындаған мәселелерді шешумен айналысты.
Осы орайда, ұстаздар өз сынып оқушыларының әлеуметтік жағдайы төмен,кейбір отбасында теледидар,тіпті смартфонында бірліктері жоқ отбасыларын анықтап,мектеп әлеуметтік педагогына тізімін беріп отырдық. Мектеп директорымыздың бастауымен бірнеше әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына демеуші мекемелер және жеке тұлғалардың көмегімен ұялы телефондар,теледидарлар,бірліктер табысталды.Осылай кедергілерден біртіндеп шыға бастадық.
Бұрын-соңды кездеспеген,қалыпты жағдай болмағандықтан, ұстаздарды үрейлендірмей қоймады. «Осы ауыр жүкті қалай көтереміз жасай аламыз ба?Тәжірибеміз жоқ қой,қалай істейміз?» деген сұрақтар әрбір мұғалімді ойландырып,көңілінде қорқыныш ұялатты. Бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып,ұстаздар қауымы тәуекелге бел буып ,жұмысқа кірісіп кетті.Әр түрлі платформада сабақ дайындап,3 сәуірде сынама сабақ өтіп шықты.Ұстаздар сыннан сүрінбей өте білді.
Өз сыныбыма тоқталар болсам,ата-аналардың үрейін сейілту мақсатында Zoom платформасымен ата-ана жиналысын өткіздім. Алдымен ата-аналардың сұрақтарын,пікірлерін тыңдап,сабырға шақырдым. Осындай қиын сәтте жұдырықтай жұмылып,баланың білімі ата-ана мен ұстазға ортақ екенін,бірге тығыз байланыста болуымыз керектігін айтып,түсіндірдім.Көптеген ата-аналардың ұсынысы бойынша whats app желісімен сабақ өтудемін. «Әр нәрсенің қайыры бар» демекші, қашықтықтан оқу барысында байқағаным,тақтаға шығып,сабақ айтуға ұялатын кейбір оқушыларым үй жұмысын орындап,өздерін бейне жазбаға түсіріп,кері байланыс жасауда.Көптеген оқушыларымды жаңа қырынан танып жатырмын.Әрине бұл қуантарлық жағдай.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»демекші,бұл қиын кезеңнен де өтіп келеміз. Тәртіпке бағынып,үйде болып,өзіміздің де,өзгенің де денсаулығын ойласақ,бұл індеттен де құтыламыз.
Біз біргеміз,берік іргеміз!