Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқыту – жаңа бағыт

Қашықтықтан оқыту – жаңа бағыт

Маңғыстау облысы,   Мұнайлы ауданы
«№4 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Танирбергенова Айжамал Аталыпкеловна

         Қазақстан аумағында төтенше жағдай  жариялануына байланысты еліміздің барлық оқу орындары қашықтықтан оқуға көшті.Әрине, бұл оқушылар тұрмақ, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де қиындау болып тұр. Дегенмен, іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасау маңызды.Сондықтан  біз үшін білім беру — бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс.

Қашықтық тәртіпте жұмыс жасауда мұғалімдердің жүйелік тәжірибесі жоқ екенін ескеретін болсақ, әрине, бұл оңай шаруа емес және мұндай жұмыс бұрын талап етілмеді. Десек те, сабақ барысында біздер, ұстаздар қауымы,  цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де жұмыс жасайтын едік.Сондықтан қашықтықтан оқыту аса қиындық келтірген жоқ.

Жалпы білім беретін мектептерде жаппай қашықтықтан оқытудың енгізілуі бірқатар қиындықтар мен проблемалар туындатты. Мәселен, алғашқы кезде қолданылған zoom платформасы арқылы сынақ сабақ түрінде оқыту оң нәтиже бермеді. Бұл платформаға шамадан тыс көп адам қосылған кезде баяу жұмыс істейтін болып шықты. Осыған орай, қашықтықтан оқытуға «Еларна» және «Балапан» телеарналары қол ұшын созды.

Сонымен қатар, Министрлік тарапынан оқу процесін ұйымдастыру үшін мұғалімдер  мен оқушыларға  электрондық платформаларға кіруге жағдай жасалды. Оқыту құралы ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс пайдаланып жатырмыз. Бұл ретте «Bilimland», «Google Classroom», «MOODLE», «Univer», «Platonus», «Canvas», «Daryn.online», «Coursera», «ZOOM»  сынды жүйелер өз курстарын, оқу бағдарламаларын, қызметтерін тегін пайдалануды ұсынып отыр.

Қандай жаңалықты жатырқамай қабылдайтын ұстаздар аз уақыт ішінде қашықтан оқытуды да меңгеріп алды. Мен оқушылармен   ватсаб желісі бойынша сабақ өткізіп жүрмін.Қашықтан оқуда оқушыларға тақырып түсіндіріліп, тапсырма беріліп отыр. Оқушы өз деңгейінше мұғалімге кері байланыс жасап, мұғалім мен оқушы арасында тығыз қарым-қатынас  туғызып жатыр.Бұл жерде ата – аналардың  да түсіністікпен қарап, қолдауының арқасында біздер көп мүмкіндікке қол жеткізіп отырмыз. «Көш жүре түзелер» демекші,  бүгінгі күні оқушылар да, мұғалімдер де  бұл  оқыту түріне  әжептәуір төселіп қалған сияқтымыз.

Қашықтан оқытудың мен үшін тиімді болған тұсы  оқыту кезінде  кез келген бейнесабақтар мен  видеороликтер көрсету мүмкіндігі бар.  Ауыл мұғалімі ретінде сыныпта видео, кино үзінділері мен презентацияны көрсетуге мүмкіндіктер аз болатын.Бағалауда да айтарлықтай қиындықтар жоқ. Қазіргі мүмкіндіктерге қарай әртүрлі әдіс – тәсілдер  арқылы кері байланыс беруге мүмкіндіктер  бар. Тағы бір айта кететін жайт, сыныптарда үндемей отыратын оқушыларымыз осы оқыту жүйесіне көшкелі сабаққа деген қызығушылығы артып, белсенділік танытты.

Балалардың уақытында байланысқа шыға алмау қалуы, интернет көздерінде  тұрақты сеттің болмауы сабақ процесінің  өтуіне  кедергі туындатып отыр. Осы жасалған жұмыстардың барлығы бір мақсат үшін еді,ол – оқушылардың алңсыз білім алуы. Қандай жағдайда да үздіксіз білім беруді тоқтатпаған ұстаздар бүгінгі күннің жауапкершілігін сезіне отырып,өз кәсібінің майталман мамандары екенін дәлелдей білді. Осы сәтте жұмылған жұдырықтай бірлесіп, бір – бірімізге көмек қолымызды созсақ  алынбайтын қамал жоқ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.