Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№ 193 ЖББМ КММ Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Джолдасбаева Амангул Сайлаубаевна
«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа — үлгі» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы — біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр — тарих. «Ел ерімен еңселі,» «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр- аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды.
Иә, қанқұйлы, сұрапыл соғыстың біткеніне де жетпіс бес жыл болады. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмайтын ізін қалдырды. Жеңіс үшін төленген құнның бірі— балалық шағын соғыс өрті шарпыған балалардың көз жасы. Соғыс және балалар деген ұғымның санаға симайтын, бір – біріне сәйкес келмейтін ұғым екенін түсінеміз. Дегенмен 1941-1945 жылдардағы балаларға соғыстың бар ауыртпалығын бастарынан өткізуге тура келді. Олар аштықты, жалаңаштықты көріп, қара қағаздан қайғы жұтып, зар жылаған ана дауысын естіп өсті.
Жеңіске жету жолында жан аямаған сарбаздардың алдыңғы қатарында қазақ қаламгерлері де болды. Солардың бірі – соғыста ел қорғаған, соғыстан кейін қолына қалам алып, жантүршігерлік соғысты сипаттаған тұлғалы ақын Сырбай Мәуленовтің мына өлеңі әсерлі
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар
Көрдің бе үлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кетерде солдат жарының
Ішінде қалған ана жыл.
Көкемді айтпай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар!
Жеңіс күні- бұл мыңдаған ұрпақтарымызға ортақ мереке. Отанын қорғаған жауынгерлер мәңгілік есте қалады. Олар өздерінің батырлықтарын көрсетіп , Отаны үшін барлығына да дайын болды. Олар өз Отанына деген сүйіспеншілігін осылай дәлелдеп, елімізге жеңіс туын алып келді. Соғыста Отаны үшін кеудесін оққа тосқан, қанымен,жанымен арпалысқан ата, аға, бауырларымызды ешқашан ұмытпай, оларды сағынышпен, құрметпен еске аламыз. Біздің ендігі парызымыз- бұл күнді еске сақтау. Жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан ерен еңбектерін ешқашан ұмытпау. «Ер есімі- ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар , апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Елімізде тыныштық, амандық болсын. Ешқашан соғыс болмасын! Міне, сол қайсар батыр аталарымыздың есімін, жасаған ерлігін ұлықтау, рухына тағзым етіп, асыл қасиеттерін, қажырлы ерлігін мәңгі жүрегімізде сақтау- біздің парызымыз деп санауымыз керек.