Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
№15 орта мектептің әдіскері
Сейтмаганбетова Толган Шанбаевна
«Біз білім беруді одан әрі жалғастыруға тиіспіз.
Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының
және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс.»
Н.Ә.Назарбаев
Еліміздегі эпидемиялық төтенше жағдайдың жариялануына байланысты білім беру ұйымдары ІҮ тоқсанда қашықтан оқытуға көшкендігі баршамызға мәлім. Қашықтан оқыту әлем елдерінің басым бөлігінде қолданылуда. Бұрын соңды кездеспеген, қалыпты жағдай болмағандықтан қашықтан оқыту барысында, әсіресе мектеп оқушылары мен ата-аналарында көптеген қиындықтар кездесіп жатыр. Адамдардың бойында осындай қиын кезеңде, жаңа әрі тәжірибемізде алғаш қолданылып жатқан нәрсеге деген қорқыныш сезімінің болуы-қалыпты жағдай. Дегенмен, бұл уақытша қиындықтарды да еңсеріп келеміз.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, қашықтан оқытудың да тиімді тұстары мен өзіндік қиындықтары бар екендігіне көз жеткіздік. Білім алушылардың тапсырмаларды орындауда еркіндігі мен уақыттың ыңғайлылығы және үнемділігі, мұғалім мен оқушы арасындағы арақашықтыққа қарамастан оқытудың қолжетімділігі, шығындардың қысқаруы- қашықтан оқытудың тиімділігі болып табылады.
Ұстаздар қауымына пандемия кезіндегі қашықтан оқыту жаңа технологияларды, әдістерді, жаңа дағдыларды меңгеруге, шығармашылығын дамытуға, жаңа идеялардың пайда болуына, заман талабына сай тез бейімделуіне мүмкіндік беруде.
Қашықтан оқыту жүйесін ұстанған кездегі кейбір қиындықтардың туындайтындығы да заңды. Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер немесе бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыз болуы немесе кейбір жағдайларда қажетті техника мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбіреулерінде интернет байланысы да жоқ болуы мүмкін. Педагог пен оқушы арасында нақты бетпе-бет байланыстың болмауы, оқушыларды ынталандыру әдістерінің аз болуы, қойылған міндеттердің орындалуына тұрақты бақылаудың болмауы — оқу үлгерімі мен білім сапасының төмендеуіне де алып келуі мүмкін. Ақпараттық- коммуникациялық технология құралдарын көп қолдану- баланың физикалық және психикалық денсаулығына, жұмыс қабілеттілігіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан техниканы қолдану барысында қауіпсіздік ережесін сақтау, уақытты тиімді пайдалану- бала денсаулығына келер зиянның алдын алады.
Әрине, кез келген жаңа тәжірибеде осындай жағдайлардың орын алары сөзсіз. Қазіргі негізігі мақсат- қашықтан оқытуды дұрыс жағынан пайдаланып, қиындыққа мойымай бірлесе жұмыс жасай отырып, оқушыларға білім беруді жалғастыру, оқу жылын сәтті аяқтау.
Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы маңызды да жауапты іс. Елдегі пандемия ерте ме, кеш пе аяқталады, ал білім қалады. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңнен абыроймен шығатынымызға сенемін.