1 мамыр – Қазақстан бірлігі күні мерекесіне орай Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №50 бөбекжай-балабақшасында «Халықтар достығы» деп аталатын қазақстан халқының ынтымағын паш еткен ата-аналардың қатысуымен фестиваль өтті.
Фестивальге Әуезов ауданынының Білім басқармасына қарасты он екі балабақшадан музыка жетекшілері қонақ болып келді.
Музыка – жан дүниенің мықты тәрбие құралы болса, достық – тірліктің алтын көпірі. Әр түрлі ұлт өкілдерінің балалары бір шаңырақ астында тәрбиеленіп жатқан мекемеде балаларды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеп, достық пен сыйластық қарым-қатынасын бала бойына сіңіруде музыканың орны ерекше.
Достық тақырыбындағы бұл фестивальге музыка жетекшілері балабақшада өздері балаға үйретіп жатқан ән-әуендерді ала келіпті. Фестивальде әр ұлттың достық туралы музыкалық шығармалары орындалып, әндерін шырқаған жетекшілер, ата-аналар мен балалар достық рәуіште көңілдері марқайып, шат-шадыман күй кешті. Жүздері мейірімге тұнып, қай ұлт екеніне қарамай бәрін ізгілік баурады.
Бала тәрбиелеуде музыканың басты мақсаты да осы ғой. Дос туралы тақпақ, ән-жыр айтуға балалар асық болды. Балалардың орындауындағы қазақтың ұлттық биі «Қамажай», ақын Р. Елубаев пен композитор И. Нүсіпбаевтің «Достық» әні, орыс ұлтының халық биі «Калинка», ұйғыр халқының өкілдері Р. Таипов пен ұлы С. Таиповтың орындауында «Әппағым» деп аталатын ұлттық әні, қимылды ойын «Домбыра» және «Қай ұлттың киімі» \пазл түрінде жинау\, Әнуарбек Дүйсенбиновтің «Дети земли» әні мен ақын Ә. Дүйсенбиев пен сазгер М. Әубәкіровтің «Ағайынбыз бәріміз» әні жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Келушілер балабақша мамандары мен балалардың аппақ ниетіне ризашылықтарын білдірді.
Фестиваль соңына қарай балабақша меңгерушісі М.Е. Абдықалықова ұжым қызметкерлеріне алғыс айтып, есімдерін атап өтті. Олар: музыка жетекшілері Р.Г. Абдыхаликова және М.А. Таджибоева, мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Г.А. Қасымбекова, ересек топтарының тәрбиешілері А.М. Омарова және У.Т. Дүйсекова, қазақ тілі мұғалімі Р.Ж. Хакимова. Сонымен бірге фестивальға белсенді қатысқан ата-аналар Р.А. Таиповқа, А.С. Сун, Р.Т. Рахимоваға жұмыла, бірауыздан қатысқандары үшін алғыс білдірді.
BILIM AINASY