Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№177 жалпы білім беретін мектеп
Директордың оқу-ісі
жөніндегі орынбасары
Тайгельтирова Г. А.
Қазіргі кезде замана көші, уақыт ағымы тез өзгеруде. Сондықтан білім беру жүйесі ылғи да жаңғырып, жаңартылып, заман талабына сай дамуда. Қазіргі күннің басты талаптарының бірі – даму.
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, әлемді жайлаған індеттің таралуы қоғамның барлық саласымен қатар білім беру жүйесіне де өз әсерін тигізуде. Бірақ, Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов қашықтықтан білім беру формасының өзекті мәселелерін айқындап, шұғыл шешім қабылдап, халықпен дер кезінде байланыста болып, кездесетін қиындықтар мен кедергілерді бірге жеңетінімізге бағыт беріп, ұстаздар қауымына қолдау көрсетіп, үлкен сенім артты.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылған қашықтықтан оқыту – аса күрделі де жауапты жұмыс.
Қазіргі уақыт талабы – қашықтықтан оқыту – елде жайлаған індеттен сақтану жолы екенін түсінген ұстаздар қауымының еңбегінің орасан зор екені айтпаса да түсінікті.
Мемлекет болашағы білімді ұрпақ қолында екені даусыз. Бүгінгі заман жаңалыққа құмар, жаңаша ойлайтын, жаңалық ашатын адамдарға зәру екені баршаға аян.
Білім берудің жаңа әдіс-тәсілдері мен технологияларын игеру бүгінгі күннің қажеттілігіне айналғанына көзіміз жетіп отыр. Қазіргі жаңа талап, жаңа міндет, оқыту технологиясындағы жаңалықтар, оны қалай пайдалану керек, оқу сапасын жоғарылату сияқты мәселелер жайлы өз ойымды ортаға салмақпын.
Мектептің мақсаты–өз ой-пікірін кез келген ортада айта алатын, оны қорғай алатын, өзгермелі дүние жағдайында өздігінен шешім қабылдай алатын дара тұлға қабілетінің дамуына мүмкіндік жасау.
Бүгінгі таңда №177 жалпы білім беретін мектеп ұжымы әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген бағдарлы ойын тек ескеріп қана қоймай, педагогиканың діңгегіне, білім берудің тірегіне айналдыру барша ұстаздың міндетіне айналды десем де болады. Білім беруді тәрбиеге негіздеудің екі қанаты бар: бірі-білімді ұлттық құндылықтар мен өркениетке негіздеу, екіншісі-шәкіртті өз күш-жігерін пайдалануға баулу. Бұл екеуі құстың қос қанатындай, бір-бірінсіз шәкіртті самғау биікке көтере алмайтыны сөзсіз. Сондықтан да, шәкіртті заманына қарай икемдеп, өз елінің озық ойлы өнегесін оның санасына сіңіре отырып, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту-бүгінгі күннің басты талабы.
Қашықтықтан оқыту мен оқуда мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен шеберлігі маңызды рөл атқарады. Ендеше, мұғалім заман талабына сай жаңа бағытқа қарай кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіру қажет. Осы орайда, мұғалімдерге қойылып отырған талаптар мен міндеттер өте жоғары. Мектебімізде қашықтықтан оқыту оқушыларға тиімді болуы үшін жасалынып жатқан жұмыстар жетерлік. Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы мұғалімдер мен оқушылардың бір-бірімен ақпарат алмасу арқылы білім алып, кері байланыс орнатып, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге бағыт сілтеп, кеңестер беріліп отырды. Әрине, ұстаздық шеберлікті игеру оңай емес.
Оқыту әдістемесін жақсы игерумен бірге барлық білім салаларының жетістіктеріне сүйене отырып, ең тиімді деген әдіс-тәсілдер жүйесін шығармашылықпен қолдана отырып, жетістікке жеткен ұстаздар ғана мақсатына жетері анық.
Мұғалімнің жетіктілігі-оқу сапасын көтерудің және оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуының негізі. Олай болса, оқыту әдістемесіне қосылған жаңалықтарды зерделей отырып, оны орынды, тиімді пайдалана білетін психологиядан, педагогикадан, методикадан білімді ұстаздар өз мақсатына жете алады деп ойлаймын. Қабілетті, білімді, барлық саладағы білім мен ғылым туралы түсінігі мол, кез келген сұрақтың шешімін таба алатындай дәрежедегі білікті ұстаздар бар да мұғалім мәртебесі қашанда жоғары болмақ.