Home » Мақалалар » ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Тогузбаева Айман Уябаевна
Д. Бабаев атындағы №115 жалпы білім
беретін мектеп директорының
оқу-ісі жөніндегі орынбасары 

         Баршамызға мәлім, қазіргі таңда бүкіл әлем өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Әлем халықтарының көкейін тескен бұл жұқпалы індет те Қазақстан елінен айналып өтпеді, керісінше, есігімізді қақты. Бұл тосыннан болған төтенше жағдай жұртымызды есеңгіреткені анық. Осыған байланысты ел қамын ойлап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың қауіпсіздігі үшін елге тосқауыл (карантин) жариялауы тегіннен тегін емес!

Індет- жұқпалы ауру қоздырғышының ауру ағзадан сау ағзаға жұғып, үздіксіз таралуы. Ендеше қазіргі таңда қаншама отандастарымызға осы індеттің үздіксіз өршіп таралуы және бірнеше қандастарымыздың өмірін жалмауы бәріміздің қабырғамызды қайыстыруда. «Тілсіз жау айтып келмейді» деген пікір осыдан қалса керек? Осы орайда сақтық шараларын  дұрыс қолданбаудың соңы қайғылы жағдайға әкеліп жатқаны бәрімізге айқын. Осы індеттің салдарынан  халық зардап шекті.Көптеген құндылықтар өзгерді.  Осы орайда мемлекет басшысының медицина саласымен бірге білім беру саласына да ерекше ден қоюы қуантады.

Қазіргі таңда білім беру саласындағы қызметкерлерге үкімет тарапынан үлкен көмек көрсетілуде. Елімізде болып жатқан осындай жағдайға қарамастан еңбекақымызды уақытылы беріп, қиын қыстау кезде қолдау көрсеткені үшін  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға ұстаздар тарапынан үлкен алғысымызды айтамыз.

Кез келген кезеңде болған нәубетті жылдарда білім беру ісі назардан тыс қалған жоқ. Ғаламды жайлаған ғасырдың індетіне қарамастан білімнің сырынан, ғылымның шыңына шығу үшін ұстаздар қауымы да өз жұмысын тоқтатқан емес. Осы орайда Алматы қаласы Түрксіб ауданы Д. Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектептің әкімшілігі мен ұлағатты ұстаздары орасан зор жұмыстар атқарып жатыр. Мектеп басшысы Чорманова Алия Сбанкуловна жоғарыдан берілген жаңалықтарды ұжымға конференция ашып дер кезінде жеткізіп, ұжым қашықтықтан жиналыстар өткізіп жұмыстар атқарып жатыр. Мектеп ұстаздары білім алушыларға мүмкіндігінше бірнеше платформалар арқылы қашықтықтан сабақтар өткізу үстінде. Әрине, әр жұмыстың қиындығы да  бар. Басында қалай болады екен деген үрейдің болғанын да жасыра алмаймыз. Дегенмен де еліміздің болашақ ұрпағы мен амандығы үшін  қашықтықтан оқуға ұстаз, ата — ана және оқушы болып үйренісіп қалдық. Ұстаздар қауымы оқушысыз өмірін елестете алмайтыны анық. Күнделікті сабақта оқушыларымызбен тілдесіп, амандығымыз үшін бірге екенімізді, осындай қиын жағдайды әлі-ақ еңсеріп, бейбіт өміріміздің жарқын болуына атсалысуымыз керектігін айтып отырудан жалықпаймыз. Ата-аналар тарапынан да әкімшілікке және ұстаздарға көп хаттардың келуі толастар емес. Барлығының тілеуі ұстаздардың қадірін біліп, бала тәрбиесі үлкен жауапкершілік екенін түсініп жатыр және оқушылар тезірек осы індеттің жойылып, алтын ұя мектептеріне аман-есен оралуды армандайды. Көптің тілеуі — көл деп тегін айтылмаса керек. Қоғамның қасіретіне қарамай атсалысып еңбектенуден жалықпаған ұстаздар қауымы — біз де тілеулеспіз!

Коронавирус атымен жоқ болса екен,

Қазағымның еліне бақ қонса екен.
Деніміз сау жұртымыз аман кезде
Елімізде тыныштық орнаса екен.

Мұсылман халқы үшін қасиетті ай болып саналатын Рамазан айында да жүрекжарды ниеттеріміз қабыл болып, Аллам елімізге бұрынғыдай жарқын бейбіт өмірді көруге нәсіп етсін! Рамазан айы құтты болсын, Қазақ Елі! Бәріміз біргеміз, бұл тілсіз жауды да бірге жеңеміз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.