Маңғыстау облысы,
Мұнайлы ауданы
«№14 жалпы білім беру орта мектебі»КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Джамаладинова Багила Османовна
Әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Елімізде ғана емес, әлем бойынша белең алған қауіпті індеттің дертіне байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан бері оқушылар, студенттер, тіпті кейбір жұмыс жасайтындардың үйде отырғаны белгілі.
Қауіпті дерттің алдын алу мақсатында мемлекетімізде төтенше жағдай жарияланып, халықты осы ауыр кезеңнен аман-есен алып шығудың бірнеше жолдары қаралып жатқаны көңіл қуантады.
Мәселен, оқушылар үшін төтенше жағдай болғанымен білім алу тоқтап қалған жоқ. Олар үйінде отырып, қашықтықтан оқуларын жалғастыруда.
Қашықтықтан оқыту көп жылдан бері жоғарғы оқу орындарында дәстүрлі түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің мектеп оқушылары үшін де маңыздылығы арта түсті. Ал қашықтықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі замандағы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді. Яғни, қашықтықтан оқыту төтенше жағдай кезінде оқу үрдісін жалғастыруға мүмкіншілік туғызып отыр.
Алғашқы кезде біздер де оған қорқынышпен қарадық. Қалай болар екен деп ойладық. Бірақ мектеп директоры Н.Т. Самендирова, Мұнайлы аудандық білім бөлімінің мамандарымен келісе отырып біздерге әдістемелік көмек көрсетті. Zoom платформасы арқылы педагогикалық кеңес өткізіп, қашықтықтан оқыту туралы, ата-аналарға қандай түсінік жұмыстарын жүргізу керек екендігін толығымен жеткізді. Біз мұғалімдер, ата-аналарға қашықтықтан оқу туралы бір қатар түсінік жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда біздің мектебіміздің оқушылары қашықтықтан оқуға белсенді түрде қатысып жатыр.
Сәуірдің алтыншы жұлдызынан бері оқушылар еліміздің «Балапан» телеарнасының көмегімен білім алуға кіріскен. Оқушылар күнде таңертең 8:00-де «Балапан» телеарнасының алдына жайғасып, телеарнада көрсетілген сабақтан өздеріне керектілерін дәптерлеріне түртіп алып отырады.
Телеарнадағы сабақ біткеннен кейін оларға ұстаздары ватсаб желісі бойынша әр пәннен тапсырмалар беруді бастайды. Әр пән бойынша тапсырмаларды мұғалім жекелеп түсіндіріп, оқушылармен біргелікте 30 минут бойы орындайды. Олар үйден шықпай осы тапсырмаларды орындап, оны фотоға түсіріп, мұғалімдеріне жібереді. Және де mektep.edu электрондық порталы арқылы мұғалімдер күнделікті сабақтарының тақырыптарын таңдай отырып, тапсырмаларын, бейне сабақтар көретін сілтемелерді күнделікті салып отырады. Оқушылар өз мүмкіндігіне қарай өздерінің жеке кабинеттеріне кіріп, мұғалімнің тапсырмаларын орындайды.
Оқушыларымыз үйде отырып, қашықтықтан әр түрлі байқауларға да белсенді түрде қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жатыр.
Осылайша мектебіміздің оқушылары өздерінің оқуларын жалғастырып, төртінші тоқсанның бағдарламасын игеріп жатқан жайы бар.
Еліміз қандай қыстау заман болса да одан шығатын жолды тауып келеді. Бұл жолы да қауіпті дерттің алдын алу үшін жан-жақты жоспарлар құрылып, жүзеге асырылып жатқанының куәсі болып отырмыз. Ел болып бұл қауіптен де аман-есен шығатынымызға сеніміз.