Home » Жаңалықтар » Батысқазақстандық оқушылар қашықтан білім алуға дайын

Батысқазақстандық оқушылар қашықтан білім алуға дайын

     Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті баспасөз мәжілісінде төтенше жағдай кезінде оқушыларды қашықтан оқыту жүйесінің барысы сөз болды.

Брифингке облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, облыстық білім беру басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова қатысты.

Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары С.Егізбаев: – Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты мектептер алдағы 6 сәуірде төртінші оқу тоқсанын жаңа форматта бастайтын болады. Бұл қашықтан оқу жүйесі туралы мәлімет Оал қаласы мен облыс көлеміндегі білім ұйымдарына жеткізілді. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жиналыс өткізілді. Бұл байланыс алдағы уақытта да үзілмейді. Сондай-ақ республика көлемінде «1450», облыс аумағында «1301» қауырт желісі тәулік бойына жұмыс жасайды, – деді. Серік Рахметоллаұлы өз сөзінде қашықтан оқыту бойынша туындаған мәселелерді ата-аналар сынып жетекшісі арқылы жедел түрде қала, аудан, облыстағы білім саласының жауапты мекемелеріне жеткізсе, жергілікті атқарушы органдар да оларды шешуге атсалысатынын жеткізді. Сонымен қатар ата-аналарды осы сын сағатта ұстаздарды қолдауға шақырды.

БҚО білім беру басқармасының басшысы Айымгүл Мақсотқызы облысымызда 108 мыңнан астам оқушы білім алатын 390 мектеп бар екенін жеткізді. – Оқушылар үшін қашықтан оқыту түрлі форматта жүргізіледі. Сабақтар «Еларна», «Балапан» телеарналарында және «Қазақ радиосы» толқыны арқылы беріледі. Оларды көріп болған соң мұғалім оқушылармен түсіндірілген жаңа тақырыптар бойынша кері байланыс орнатады. Кері байланыста электрондық журнал болмаған жағдайда оқытушылар өздерінің уақытша журналына оқушылардың оқу үлгерімдерін белгілеп отырады. Оған қоса «Bilіm MediaGroup», «Күнделік», «Мектеп онлайн», «Дарын онлайн» интернет платформалары ұстаздар мен оқушыларға тегін қызметтер ұсынып отыр. Мұнда әр пәннен бірнеше мыңнан астам бейнесабақтар орналастырылған. Сол арқылы мұғалім оқушыларға тиісті тапсырмалар беріп, кері байланыс жасайды және сабақтың қалай өткенін қорытындылап отырады. Сонымен қатар ұялы байланыс телефондарының мүмкіндігін пайдаланып ватсап, телеграмм, басқа да чаттар, электрондық пошталар  арқылы оқыту ұйымдастырылады. Алдын ала дайындалған сабақ жоспары арқылы пошта бөлімшелерінің көмегімен немесе қолма-қол қағаз тасымалдағыш та жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.

Облыстың бас мұғалімі балалар қашықтан кедергісіз білім алу үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Білім беру ұйымдарының балансындағы компьютерлік қондырғыларды уақытша пайдалану педагогтер мен ата-аналардың материалдық жауапкершілігіне берілсе, үнемделген қаржыға компьютер, ноутбук, планшеттер сатып алу мәселесі де қарастырылуда. Сәйкесінше, мұғалімдерге жан-жақты әдістемелік көмектер  берілуде. Барлық жайтты қаперге алған білім басқармасы қашықтан оқытуға дайындық бойынша талдау жұмыстарын жүргізуде.

– Аудандық және қалалық білім бөлімдерінің мәліметінше оқушылардың 91,5%-ның  компьютерлік құрылғылары мен смартфондары болса, 86,9%-ның интернетке шығу мүмкіндіктері бар. Компьютері жоқ 9288 баланың 2554-іне мектептердегі компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Облыс мектептеріндегі 14 мыңнан астам мұғалімнің де осындай қиындықтары ескеріліп, 601 оқытушы компьютерлермен уақытша қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады, – деді Айымгүл Мақсотқызы. Сондай-ақ басқарма басшысы мұғалім-оқушы-ата-ана бірлесе күш салса, бұл оқыту форматының да нәтижелі боларына сенім білдірді.

Бұдан әрі сөз алған Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Мүтиғоллақызы осы бағытта облыс орталығындағы білім ошақтарының дайындығына тоқталды. Айтуынша, шаһардағы 51  жалпы орта білім беру ұйымы ағымдағы жылдың  6 сәуірі мен 22 мамыры аралығында  қашықтан  оқыту үрдісіне көшеді. – Қала бойынша мектептерде жалпы 4322 мұғалім жұмыс жасайды. Мектеп тарапынан мұғалімдерге 167 компьютер беріліп, қашықтан оқыту үрдісіне көшу үшін техникалық-материалдық жағынан толықтай қамтамасыз етілді. Білім беру бөлімі жанынан педагогикалық шеберлік орталығының Оралдағы  филиалы тренерінің қатысуымен  мектеп басшыларының оқу-әдістемелік істері жөніндегі орынбасарларына арналған «Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың ерекшелігі» тақырыбында вебинар өткізілді.  Өз тарапымыздан қашықтан оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, арнайы іс-әрекеттер алгоритмін жасақтадық, – деді бөлім басшысы.

Нақты атқарылған жұмыстарға басымдық берген Ақжарқын Мүтиғоллақызы қалада жалпы 50342 оқушы болса, солардың ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, қашықтан оқытуға көшу үшін  қосымша сұранысты қажет ететін оқушыларға мектеп тарапынан 779 компьютер, 116 ноутбук берілгенін атап өтті. Сонымен бірге демеушілер арқылы, қамқоршылық кеңестің қолдауымен кейбір жанұяларға интернет желісі жеткізіліп, планшет, ноутбуктер алынған.

Әрине, қай істің де бір түйткілді мәселесі болары сөзсіз. Қашықтан оқыту кезінде кездесетін проблемалардың бірі – қала маңындағы кей елді мекендердегі ұялы байланыс сапасының төмендігі. Бөлім басшысы осы мәселені шешу үшін   қала әкімдігінде ұялы байланыс өкілдерімен кездесу өткізіліп, оларға сол ауылдардағы байланысты жақсарту жөнінде ұсыныс жолданғанын айтты.

Қалай десек те, басты міндет – мектеп оқушыларын сапалы біліммен қамтамасыз ету. Күні кеше ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту жүйесінде онлайн сабақтар жүргізілмейтінін мәлімдегені белгілі. Осыған байланысты оқушыларға арналған бірнеше платформалар әзірленген. Екі күннен соң мектебін сағынған ұл-қыздар елдегі жағдайға байланысты білім ордаларының есігін ашпаса да, аталған платформалар бойынша үйден қашықтан оқуға кіріседі. Қазіргі уақытта қоғамда бұл мәселе кеңінен талқылануда. Ал оның іс жүзінде қалай боларын оқу үрдісі басталған соң білеріміз анық. Ең бастысы, жұқпалы індеттен қорғануда сақтық шараларын естен шығармай, елмен бірге болу.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.