Саутпаева Акблек Абдикаликовна
Қостанай облысы Қарасу ауданы
Қарасу орта мектебінің
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі
Б.Майлин — қазақ әдебиетінің көш басында тұрған алыптар
тобының көрнекті өкілі, бір өзі туған әдебиетіміздің бір байтақ әлемі.
Б.Сарбалаев
Қазақ прозасына елеулі үлес қосып, поэма жанрын жандандырып, тіршілік тынысын шынайы айшықтай білген көрнекті қаламгер Бейімбет Майлиннің мұралары жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Қазақ халқының көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің шығармаларын біз енді ашып келе жатқан сияқтымыз. Осы орайда тіл маманы ретінде өз халқының лайықты ұлы туралы қалам тербеп, жас буынға дәріптеуге өз үлесімді қосқым келді. Тарқатып айтсам, қазақ халқының көрнекті қаламгері Бейімбет Майлин 1894 жылы қазіргі Қостанай Таран ауданы, қазіргі Майлин атындағы кеңшарда туған.Екі жасында әкесі қайтыс болып, күнкөріс үшін шешесі бір байға сауыншылыққа жалданады. Жетіге келген Бейімбеттің өзі де қозы-лақ бағып, соңынан ат арбасына арбакеш болады. Сөйтіп, ол жоқшылық зардабын әбден тартып, кәрі әжесі мен анасының зарлы дауыстарынан тітіркеніп, мұңды болып өседі. Ауыл арасындағы алуан түрлі аңыздар мен ел ішіндегі әңгімелерді зейініне тоқып өседі. Қаламгер туралы әңгіме өрбіткенімде маған жазушының қазақ әйелдері үшін күрескені жаныма жақын қабылдадым.
Расында, оқырманның басым көпшілігі көрнекті қаламгерді «Шұғаның белгісі» туындысымен еске алады. Әрине, «Шұғаның белгісі» поэзия мен лирикаға толы шебер жазылған шығарма. Баяндама жазу кезінде ізденіс үстінде байқағаным «Шұғаның белгісі» оның биігі ғана емес, балауса жас кезінің туындысы. Жазушының шығармаларында қазақ әйелдерінің теңдігін тілге тиек етеді. Қазақ әйелі туралы өнімді еңбек еткен қаламгер үшін әйелдер тағдыры жоғары деңгейге көтерілген жиынтық бейне. Шұға сертіне берік, махаббатын өте қастерлеген саналы адам. Қыз өзінің тағдырында өктем зорлықшылармен қалай күресудің жолын білмей ызасы ішіне жиналған. Жазушы шеберлігімен сурттеген түйсікке көзіміз анық жетеді. Осы Шұғаның о дүниеге аттанар сәтіндегі жазған хатын шебер жеткізген. Қандай арман-мұң, қандай шерлі сыр, қандай салтанатты сабыр! Жазушы суреттегенде оқырмандар дәл осы хатты оқып отырғандай күй кешеді. Біздің көз алдымызда алтын арайға бөленген нұрлы жүзді Шұғаның мәртебесі арта береді. Шұға десе, Шұға өте келбетті қыз елес береді. Ажары қалай болса, ақылы көркіне сай. Қазақ әйелінің сөйлеген сөзі, паң жүрісі, әңгіме арқылы көкірегімізде жатталып қалды.Дүниеден озған Шұғаны ойлап бір күрсініп аламыз. Міне, «Шұғаның белгісі» қазақ әйелдерінің теңдігін аңсап, үн көтере бастаған кезі болып саналады. Бейімбет Майлин әйел теңдігін жырлауда қомақты үлесін қосқанын тағы мынадай шығармаларынан көреміз. «Рәзия», «Маржан қыз», «Зайкүл», «Қашқан келіншек», тәрізді поэмалары көңілге әртүрлі ой салады. «Маржан қыз» кейіпкерінің Самалық байдың кесірінен қасіретке душар болғаны ойының анықтығымен, дәлдігімен, тілінің құнарлы суреттеуімен айқындалады.
Осы арада шымшыма мысқылы мен аңқаусыған әжуасы шығарманың өрісін ұзартып, тартымды етіп көрсетеді. Әсіресе, Раушан-коммунист әңгімесі ғажайып суреттің шежіресі. Ол қай шығармасы болмасын халықтың тұрмысымен тамырластыра көрсетеді. Ондай шығармалар жазушыда өте көп. Мәселен, «Ұлбосын», «Берен» бұл атауларды жалғастыра берсем болар еді.Шынында да, Бейімбет Майлиннің әңгімелері, повестері әп-әдемі, тіпті өмірдің өзі сияқты. Мысалы, «Коммунист Раушан» әңгімесіндегі Раушан өмірдің өзі. Оймақтай әшекейі, титімдей де қоспасы жоқ. Сол кездегі әйел теңдігін көтерген қаламгердің арманы бүгінгі күні жалғасын тауып отыр. Өйткені казіргі таңда әйелдер қауымы ер азаматтармен бірге ел тізгінін қатар ұстауда. Біздің егеменді елімізде әйел мен ер тең құқылы. Ал, әрине бұрын ондай болмаған. Әйел теңдігінің көтерілуіне әрине, қаламгердің үлесі зор болғаны анық. Сондай-ақ проза әлемінде де Бейімбет Майлин дара құбылыс десем артық айтқаным емес.Әйтсе де, жазушының туындыларын оқығанда, ол туралы ойласам көбінесе, сүйсініп, қайран қаламын да, тіліме асқақ теңеулер орала береді. Жазушыдан қалған дүниенің аумағы ұлан-байтақ тұтас өмір. Жазушы Бейімбетті ғалымға теңеуге де болады.
Оның зертханасы — бүкіл халық, зерттегені ел өмірі, адам мінезі, адам өмірі. Оның жасаған әйел теңдігіне арналған шығармалары сан алуан бейнелермен көрініс береді. Иә, заманына қарай адам өзгерді. Сондықтан да соларды жанды қалпында суреттен жазушыға рахмет айтқың келеді. Өйткені жазушы болмаса, Таңсық, Айша, Берен т.б кейіпкерлер теңдік ала алмас еді. Қазіргі жаңартылған білім аясында қазақ тілі мен әдебиетінде Бейімбет Майлиннің шығармалары ерекше орын алады. Оның қай туындысын алсаң да, шынайлық байқалады. Сол кейіпкерлерді шәкірттерім өмірмен байланысқа тез бағыттайды. Әрине, Бейімбет Майлин өз заманын жазған адам. Әйел теңдігін аңсап, олардың өмірі жырлады. Қазіргі таңда жазушы сол мұратына жетіп қазақ әйелі теңдік алды. Сондықтан қаламгердің мұрасын дәріптеп отыру мерейлі мақсатым болмақ. Ол жасынан әжесінің аңыз әңгімелерінен өзіне азды-көпті тәжірибелер жинады, жас кезінде ауылдан шықпай-ақ сол ауылының бейнелерін жасап шықты. Көшпелі халықтың санасы мен психологиясындағы өзгерістерді жіті көзбен, көріп, шынайы көркемдікпен аша білген. Сөйтіп, шын мәнінде жаңалықтың жаршысы болған адам. Бейімбет шығармаларының тағы бір абзал қасиеті азаматтық сарынының күштілігі деп айтар едім.Бүкіл талантымен сол өмір үшін халықтың қамы үшін алысады.Өмірдегі кедергі болған жайларды, әділетсіздікті әшкерелейді. Бейімбет Майлиннің көркемдік әдісі өз замандастарының көбінен ілгері болды. Жуырда «Рухани жаңғыру» аясындағы бағдарлама және Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай музейге саяхат барысында қаламгердің Таран ауданындағы музейін тамашалап қайтуым осының бір дәлелі іспеттес. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, музейге саяхат барысында әлі де біз біле бермейтін көне жәдігерлерді көзімізбен көріп таң- тамаша қалдым. Залға кірген сәттен музей қызметкерлерінің жол бастауымен көне жәдігерлерге куә болдым.
Көзіммен көріп, зердеме тоқып алған көріністерді тарқатып айтсам, Бейімбет Майлиннің құрметіне жасалған арнайы қабырға, өмірбаяны, отбасылық суреттер, жазушының пайдаланған радиосы, қаламын көріп сүйсінгенімізді жасыра алмадым. Сондай-ақ жазушының сарғая түскен қолжазбалары да көзге анық көрінді. Бейімбет Майлиннің «Отбасы» бұрышына үңіліп, балаларына қатысты мәліметке де жауап алдым. Ерекше атап өтетін жайт музейге саяхат барысында маған елі сүйген, елін сүйген қаламгердің ескерткіші үлкен ой салды. Ұлы мұрат жолында игілікті іс қылған көрнекті жазушының мүсініне зер салып қарағанда, жас ұрпаққа деген мейірімін сезінгендей күй кештім десем артық айтқаным емес. Міне, осындай біртуар тұлға Бейімбет Майлиннің шығармасын оқыған оқушының да өсу, даму жолы бар.
Өйткені жазушының төл туындысын қолына ұстаған оқушы екінің бірінде бола бермейтін оқиғаны бастан кешеді. Кез-келген оқырман үшін үлкен жазушы әдебиетінің шынай болмысын өнеге етіп кетті.Сұлулықты — әшекей жылтырақтан алып, қарапайым түрді көрсете білді.Оның шығармашылығы қазіргі жаңартылған бағдарлама аясында да өмірщеңдігін көрсетіп отыр. Сондықтан қолыма қалам алып, жазушының туындыларының бүгінгі күні рухани жаңғыруға тұспа-тұс келгенін дәлелдегім келді. Жазушының туындылары риясыз шындық, бөгде қоспасы жоқ мөлдір шындық, өзі жасаған әдебиетінің айнасы. Бейімбет Майлин өмірді шығарманың сюжеттік заңына иіп әкелуге қарсы болды, оқиғаның дамуын керсінше логикаға бағындырды. Жұрт күнде көріп жүрген аңғармай жүрген оқиғаның сырын ашты, момақан, қарапайым әйелдің адамның ірілігін көрсетті. Міне, бүгінгі күні қазақ әйелі жаалық ашты, ел тізгініне ерлермен қатар ие болды. Осы орайда қаламгердің үлесі болғаны анық. Олай болса, өз халқының лайықты ұлының аса өткен теңдігін қастерлейік, мұрасын дәріптей берейік дегім келеді. Оның жылап өткен әйел теңдігі қазіргі таңда қоғамнан орын тапты деп нық айта аламын.
Пайдаланған әдебиеттер
1.Аңыз адам журналы 2015 ж №5 6-8 беттер
- Алтын аймақ газеті 2018 ж №2 8-9 беттер
3.Білімді ел газеті 2017 ж №2 4-5 беттер
4.Қостанай таңы газеті 2018 ж №5 6-7 бет
5.Егеменді ел газеті 2018 ж №5 3-7 беттер
6.Қазақстан мектебі журналы 2018 ж №6 5-8 беттер
7.Егеменді Қазақстан газеті 2019 ж №5 5-6 беттер
8.Парасат журналы 2019 ж № 5 6-8 беттер