Home » Мақалалар » Біздегі қасиет..

Біздегі қасиет..

Соңғы айларда Мухряповтың «мәдениетін»естігелі бері, мобилизациядан қашып келген көршілер қаптағалы бері өз елін сүйгіштер көбейе бастады.  “Бізді сыйлаңдар” деп күшеніп жатыр бәрі.
Біз қандай қасиетіміз үшін сыйлауға лайықпыз?
⠀Өзіміз-өзімізді сыйлаймыз ба осы?
“Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін” деген ата-бабам. Осының мағынасын қаншалықты түсіндік? Әр қазағы жалғызы, отаны біреу екенін түсінетін қоғам қайда? ⠀
Билігі халықын сыйламайды. Халықтың бар екенін білдіру үшін, тарихта болмаған елімізге аударып төңкеруіміз қажет екен-мыс.
⠀ Ал біз кімді әлде нені сыйлаймыз?
⠀Қанша адамның көз жасы, қан терімен қол жеткізген ана тілімізді  сыйлап жатырмыз ба? Жастардың «мамбет» тіліне айналуына өзіміз ат салысудамыз. Өз қолымызбен тұншықтырып, қолдану аясын тарылтып, орысша араластырып алапес ауруына ұшыраттық.
⠀  Найзаның қан жалаған ұшымен келген Жерді сыйлап жатырмыз ба? Жантайған жерімізде енді ештеңе өспейтіндей қорлап кетіп жүрміз. Гүлдендіріп, қолымыздағы бар байлықты дұрыс пайдалана алмаймыз. Қолымыздан бар келгені әдемі мола салу.
⠀  Адам сыйланып жатыр ма? Балалардың әдетте көретіні зорлық пен таяқ. Әйелдердің көргені зорлық пен таяқ. Мүгедектер өз беттерінше күн көре алмайды. Кәрінің бәрі ылғи алаяқтың жемі. Әлеуметтік желіде бір-бірімізді жауша қарғаймыз.
⠀ Еңбек дегеннің не екенін біліп жатырмыз ба? “Алма піс, аузыма түс” деп елірген ел мен “Алмаңды пісіріп берем” деп бөскен дүмшелер.
⠀Заңды сыйлап жатырмыз ба? Кімнің астында құйрық,соның астында тақ деп тығырықа тірелсек ақша тықпалап әуре боламыз. Ұрлықшыны да, зорлықшыны да, өлтірушіні де шешіп беріп шығарып алып жүрміз. Солай диплом жазамыз, жұмысқа тұрамыз, емделеміз, жол жүреміз, кезекке тұрамыз…
Осылайша өз-өзімізді сыйламасақ, өзге бізді қайтсін? Отаныныңды сыйлау-өзіңді құрметтеуден басталады. Өз тіліңде сөйле,өз жеріңді аяла, еңбегіңе сен, жақыныңды сыйла. Өзің қоғамды сыйла, сол кезде басқа жұрттың сыйы артар.
Оң қолыңды көтеріп тұрып, көлеңкеге сол қолыңды көтер деу сияқты әурешілік.

Мұрат Жанерке
Тұран университеті,
Журналистика мамандығының 2 курс студенті.
Жетекшісі Айнұр Каршигаева

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.