Қолданбалы лингвамәдениеттанымдыққа ерекше назар аударуымыз керек – Анар Фазылжан
Бүгін Сулейман Демирель атындағы университетте «Заманауи лингвистика және мәдениетаралық коммуникация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Шара ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Қанашқызы Ахметжанованың туғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Оған қазақстандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер, тіл мамандары және ғалымның отбасы қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында СДУ ректоры Әлімжан Игенбаев сөз сөйледі.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Зәуреш Қанашқызының зерттеулері, ғылыми еңбектері ұрпақтан ұрпаққа жетері сөзсіз. Сулейман Демирель университетінде 10 жылға жуық қызмет етіп, ғылыми-зерттеу лабораториясын басқарды. Педагогика факультетінде талай шәкірт тәрбиеледі, жастардың ғылыми бастамаларына қолдау көрсетті. Мұндай халықаралық шараны ұйымдастыру – біз үшін үлкен мәртебе», – деді ректор.
Зәуреш Қанашқызымен бірге жұмыс істеген белгілі ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан ғалымның зерттеулері туралы баяндама жасап, қолданбалы лингвамәдениеттанымдыққа ерекше назар аударуымыз керек екенін айтты.
«Зәуреш Қанашқызының рецензиялары, еңбектері жай ғана ғылыми зерттеулер емес, бұл – үлкен бір мемлекеттің саясатының дұрыс жолға түсірілуіне әсер еткен еңбектер. Ғалым өз еңбектерінде лингвамәдениеттанымдық бағытты бірнеше аспектіде дамытты. Біріншісі – лингвамәдениеттанымдық бағытыттың философиясының негіздері. Екіншісі – лингвамәдениеттанымдық бағытыттың лингводидактикасын жақсы дамытты. Қазақ тілін осы бағытта оқытатын бірнеше оқулық дайындады. Қолданбалы лингвамәдениеттанымдыққа ерекше назар аударымыз керек. Халықтың санасынан ұлттық құндылықтарды білдіретін жүйелер өшіп бара жатыр. Соны жандандыру үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында шаралар қолға алынды», – деді филология ғылымдарының кандидаты.