Home » Мақалалар » Алаш зиялылары мен қазақтың ақын арулары

Алаш зиялылары мен қазақтың ақын арулары

Мустахимова Фариза Гадилбеккызы
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
«№ 102 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

XX ғасырдың басы қазақ әдебиетіндегі дүрбелең кезеңдердің бірі болды. Себебі бұл кезеңде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатса да тот басқан асылдарымыз шаң-тозанның арасынан кешегі XIX ғасырда жыр болған әйел теңдігі үшін күресін одан әрі үдете түсті. Азапты тағдырдың уын жұтса да, бір қолымен әлемді, екінші қолымен қаламын тербеген XX ғасырдың басында өмір сүрген ақын қыздар өте көп болған: Сақыпжамал Тілеубайқызы, Бәтима Батырбекова, Гүлсім Билібайқызы, Жамал Бусков, Күләйім Өтегенқызы, Күлімжан Жүнісова, Қанипа Бүгібаева, Мәриям Хакімжанова, Нәзипа Құлжанова, Мәриям Сейдалина т.б.

Осыдан 100 жылдан аса уақыт бұрын М. Сералиннің басшылығымен жарық көрген, ұлттың жоғын жоқтаған «Айқап» журналында Сақыпжамал Тілеубайқызының мақалалары мен өлеңдері жарияланған. 1913 жылы жарық көрген «Айқаптың» жиырмасыншы санында ақын қыздың тырнақалды туындысы «Қазақ қыздарының аталарына» деген атпен жарық көрген. Бұл мақалада автор: «…Ер баланы қыз баладан артық көріп тәрбиелесін, қыз баланы одан кем тәрбиелесін деген деген шариғат бар ма? …Ер балаларыңызды оқытсаңыздар да қыз балаларыңызды бұзылып кетеді деп оқытпайсыздар, сөйтіп, біздерді оқудан махрұм қалдырасыздар. Бұрынғы бұзылған әйелдер, оқығаннан бұзылды ма екен? Мұны неге ақылдарыңызға салып қарамайсыздар? Жете білсеңіздер алдымен қыз баланы оқытуларыңыз қажет. Бұл қыздар – болашақ ана, ана болған соң, бала тәрбиелеу – олардың жұмысы. Егер ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алмайды. «Алып анадан» деген ғой, біздерді оқыту – сіздердің мойындарыңыздағы борыштарыңыз. Қиямет күнінде алла тағаланың алдында біз қыз балалар барлығымыз бір ауыздан шулап, зарланамыз..»,- деп сол кезеңдердегі қазақ қыздарының басындағы білімсіздік қасіретін батыл жеткізген. [1.1]

Автор бұл мақаласы арқылы қазақ қыздарының басындағы екі өзекті проблеманы қозғайды: Бірі – қазақ қыздарының басындағы білімсіздік болса; екіншісі – қалың малға сатылу мәселесі. Бұл туралы автор, осы мақалада: «Қыздарды мал секілді сатасыздар, бесікте жатқан шағымыздан-ақ біреуге қатындыққа сатып қоясыздар. 13-14 жастағы қыздарды малға қызығып, 50-60 жастағы шалдарға шырылдатып бересіздер, ол теңі бола ма? Теңі болатын болса, 13-14 жастағы ер балаларыңызға 50-60 жастағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер? Бұл – тек өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі осы» дейді. [1.2]

Ғылым академиясының қолжазба қорында Сақыпжамал Тілеубайқызының «Айқап» журналына жарияланған екі мақаласы мен екі өлеңінен артық ешқандай мәлімет сақталмаған. Тіпті, автордың туған, өлген жылдары да беймәлім, тек C.Шаянбаевтың «Семейдегі алғашқы әйел мұғалімдер» атты мақаласында Сақыпжамал Тілеубайқызының Қазан төңкерісіне дейін Орынбордағы әйелдер гимназиясында білім алған қазақ қыздарының бірі екендігі және  1917 жылы Алаш зиялыларының Алаш қаласында ашқан арнайы бастауыш қазақ мектебінде алғашқы әйел мұғалімдердің бірі болғандығы ғана жазылған. Ал, 1995 жылы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясынан шыққан «Айқап» журналында қазақ әйелдерінің қоғамдағы орны мен қызметін, олардың тұтастай ұлтты тәрбиелеуші ана екендігін жан жақты айтыла келіп, «Журнал осы мәселені көтере отырып, езілген қазақ әйелдері арасынан жұмысқа тілшілер тартты»,- деп сол тілшілер арасында Сақыпжамал Тілеубайқызының да есімі аталады. [1.3]. «Айқап» журналының бұрын шығып тұрған газеттерінен тілші болған ешбір әйелдің аты-жөнін кездестіре алмадым. Сондықтан да, осы мәселені ескере отырып Сақыпжамал Тілеубайқызын қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы тілші және мұғалім деп танысақ артық емес секілді.

Сақыпжамалдың туған жылына байланысты Серікпай Оспанов 2012 жылы «Қазақ» газетінің № 24-25 санында мынадай дерек айтады: «Сақыпжамалдың күйеуі Нығыметолла Күзембаев Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алған. «Темірқазық» журналының алғашқы нөмірінде жарық көрген полицияның Түркістан генерал-губернаторына берген құпия мәліметінде Павлодар уезінің Атағазы болысынан келіп, «Ғалия» медресесінде оқып жүрген 20 жастағы Нығметолла Күзембаевтың аты да аталады. (Ахметов Г., Алаш Алаш болғанда, 144-145 б.б.) Бұдан шығар қорытынды «Темірқазық» журналы 1923 жылы жарық көрді. Бұл кезде Нығметолла 20 жаста болса, 1903 жылы туған. Демек, Сақыпжамал Тілеубайқызы да шамамен 1903-1908 жылдардың аралығында дүниеге келген деп шамалаймыз»,-делінген. 1913 жылы «Айқап» журналына жарияланған мақалаларына қарап ұлт жанашырының XX ғасырдың басында өмір сүргендігін топшылаймыз.  Және осы мақалада жазылған: «Өзім шәһәрде бірнеше жыл тұрып, оқығаннан жазарлық шамам болған соң мұң-мұқтажымызды жазып жатырмын…» деген жолдар арқылы оның жоғары білім алғандығын байқауымызға болады.

Бұл мақаладан соң «Айқап» журналының келесі санына Күләйім Өтегенқызы «Қазақ қыздарына» атты өлеңін жариялаған. Өлеңде:

Оқыдым Сақыпжамал қыздың зарын,

Жазайын көңілдегі мен де барын,- деп бастап, автор Сақыпжамал ойымен толық келісіп, «әкенің бетіне шіркеу болады деп азаппен күйеуге шықпауға» үгіттеп:

«… Өткізбе жылап-сықтап ғұмырыңды,

Көнбейік, өлсек-тағы енді бұған» — деп қазақ қыздары мен келіншектерін бас бостандықтарын бағалауға, білім алуға шақырады.

Автордың «Айқап» журналына жарияланған келесі мақаласы: «Біздің бұрынғы һәм қазіргі халымыз». Бұл мақалада автор «қазіргі қалыпта бізге тиер екі түрлі қауіп бар», — деп екі мәселе бойынша сөз қозғаған:  бірі – надандық пен жалқаулық; екіншісі – қазақ қала сала алмай, көп мұжық қалаларының арасында тілкім-тілкім боп бытырап кетуі.

Автор ертедегі қазақ халқының өмір тынысын мақаласына тиек ете отырып қазақтың өткені мен бүгінін бағамдап салыстырып береді:

«Қазақ ашаршылықтың арқасында егін егуді үйренді. Егін егіп, тамағын тойдырып, артылғанын сатып, малға айналдырған соң, қатты қыстарда малын аман сақтау үшін шөп шабуды үйренді. Сұрапыл дауыл боран соқса, малын паналату үшін қора-қопсы салуға, өз бойын да жылы сақтау үшін жылы үй салудың пайдалы екендігін де түсінді» дей келіп: «Орыстардың бір мақалы бар: «пока гром не грянет, мужик не прекрестится» (Күн күркіремей, мұжық шоқынбайды) деген. Сол секілді қазақ халқы жұтшылық һәм ашаршылық секілді екі жауынан құтылған соң, енді қайтып дүние керек емес, ісі біткен адам секілді, көрпесін қалың жамылып, ұйықтап жатып алды». [1.4]

Расымен де, XX ғасырдағы қазақ зиялыларының негізгі күн тәртібіне қойған өзекті мәселесін ақын, Сақыпжамал Тілеубайқызының осы мақаласынан да айқын аңғаруымызға болады. Себебі «Оян қазақ!» мотивін XX ғасырдың басында өмір сүреген Міржақып Дулатұлы өзінің 1909 жылы жарық көрген «Оян қазақ!» еңбегінде пайдаланады. Яғни, бұл мотивтің басы Міржақыптан бастау алады. Кейін осы мотив тек қазақ арасында емес, барша түркі тектес елдерде де пайда болған. Оған Анкара Хаджы Байрам Уәли университеті Түркия зерттеу орталығының директоры Хулия Касапоғлы Ченгелдің түркі халықтарының азаттық күресіндегі  «Оян!» мотиві туралы айтқан мына бір сөзі мысал боларлықтай: «Түркия түрікшесімен Акиф жазған «Уян» өлеңін Міржақып «Оян» дейді. Ұйғыр тілінде де «Ойған» деген өлең шығады. Міржақып, «Оян, қазақ» өлеңін 1909 жылы жазады. Демек, меніңше, «Оян» мотивті өлеңдердің қайнар көзі — Міржақып Дулатұлы».

Ахмет Байтұрсынұлы жалқаулыққа мастанып, еріншектікпен білімдікке бас қоймаған күллі қазақты маса боп ызыңдап оятқысы келсе, Міржақып «Оян қазақ!», — деп жар салды. Ал Сақыпжамал осы мақаласында: «Келіңіздер, жігіттер, жалқаулықты тастап, жұрт қатарлы ғылым-өнерге талпына жармасалық!»,- деп Алаш зиялыларының үніне үн қосты.

Сақыпжамал –  кесте орнына қалам ұстап, қазақ қыздарының арасында өлеңдерін тасқа бастырып жаздырған тұңғыш әйел. Оның өлеңдерінің тақырыптық идеясы әйелдің бас бостандығы, надандық, озбырлықты айыптау, әлеуметтік қайшылықтарды шенеуге арналған. Осы мәселелер Айқаптың осы санында жарияланған ақынның «Қыз батасы», «Айналып қара жұрт ағасы сендерде» атты өлеңдерінде сипат алады. «Қыз батасы» атты өлеңінде ғылым білім, надандық туралы:

…Үйін жандыр, надандықтың білім киіп,

Кетсін әрі, жақындамай босқа күйіп

…Көңілі соқыр, көзі ашықтан кейін қаш,

Білімділер үлгі беріп, білім шаш,-десе. Сол кезеңдердегі қазақ қауымына кесел боп жабысқан әйел бас бостандығы, қалың малға жастай сатылуы туралы:

Қыз алатын алпыстағы қызыл көз,

Қой мұныңды, мұнан былай күдер үз,- деген жолдар арқылы беріп,  автор осы ойын «Айналып қара жұрт ағасы сендерде» атты өлеңінде:

Біз де адам ғой мал сияқты көрмеңіз

Лайық па екен әйел сатып жемдерге.

Сатып жемей бізге енді ерік бер,- деп жалғастырады да надандық пен білім мәселесін көтеріп:

Күн көрініп, бізге тұман ашылсын,

Білімсіздер білімдіге бас ұрсын,- деп жырлайды.

Ақын қыздың заман ызғарына қарамай осылайша әйелдер арасынан суырылып шығып өз ойын ашық ортаға салуына қарап оны ағартушы-демократ деп бағалауымызға әбден болады. Себебі оның мақалалары мен өлеңдерінің қай-қайсысын алып қарасақ та еркіндіктің самалы есіп тұрғанын көреміз. Тек өкінішті нәрсе «Айқап» журналының кейінгі сандарынан автордың бірде бір еңбегін таба алмадым. Оған себептер де жоқ емес секілді. Себебі Сақыпжамалдың жариялаған мақалаларын «Айқап» журналында Ж.Тілеубергенов, Ахмет Батиқов деген кісілер қатты сынға алып, пікірлер жазған. Тек А.Жакиев «Әйелдер жайынан» атты мақаласында Сақыпжамалды жақтап, байыпты пікір айтқан. Яғни, айтпақ ойым журналдың кейінгі сандарынан Сақыпжамал еңбектерінің кездеспей қоюына осы жайттар әсер етуі әбден мүмкін екендігі. Алайда 1 ғасырдан аса уақыт өтсе де Сақыпжамал Тілеубайқызының аз да болса мәз мұрасы қадірін жоймақ емес.

Нәзипа әйелдің міндеттерін айта отырып, олардың жауаптылығын жеңілдетуге бара қоймайды. Оны біз «Жұма күндерінде қазақ әйелдеріне кеңес», «Үй қандай болу керек?» деген ойласу ретіндегі ақыл-кеңесінен, отбасының шаңырағын биіктете, босағасын берік ете түсуге шақыруынан көреміз. Жазушы отбасы тұрмыс салтының олқы жақтарын көзімен көріп күйзелген толғанысын ортаға салуы да — әйелдің қамы. Үйді тазада дұрыс ұстауды мойындата отырып, үндейтіні, шақыратыны – тірлік қамындағы үздіксіз еңбеккерлік.

Нәзипа Құлжанова — әдебиетіміздің сол кездегі жай-күйі мен даму жолдарына да барлау жасаған әдебиет зерттеушісі. Ол өзі қазақтың жазба әдебиетінің атасы деп таныған Абай шығармасына зергерлікпен үңіледі. Абайдың ақындық бұлақ көзін ашқан әуелі шығыс әдебиеті, содан соң орыс әдебиеті деп топшылайды. Бұл пікір Нәзипа орыс тіліндегі дүниелерді ғана оқып, үйреніп қоймай, шығыс әдебиетінен де хабардар болғанын көрсетеді. Мұны біз «Бір керек жұмыс», «Әдебиетімізге көз салу», «Қазақ әдебиеті», «Ақын Шолпан» сияқты зерттеулерінен айқын байқаймыз.

Нәзипаның «Бір керек жұмыс» деген еңбегінде біраз мәселелер көтеріледі. Солардың ішінде: «Бұл жақсылық іске ақша әртүрлі жолдармен жиналмақшы еді. Сол жолдардың бірі — қазақтың жиын жерлерінде әлгіндей әдебиет кештерімен және басқа түрлі ойындар жасау еді. Мұндай ойындар көбейсе, ақшасы – бір, екінші – жақсы сөздер жарысқа түсіп, әдебиетіміздің ілгері басуына зор себеп болар еді. Сондықтан осындай жақсылық жолдарға ойын істеймін деп кезенген жерлерде жол бөгеу болмайтын қылып, тамам ескі, жаңа сөздерімізді, өлеңі бар, қара сөздері бар, жиып, теріп, бір кітап (сборник) қылып, (драматический) цензурадан өткізіп алсақ…» деген тілегі көпке ой саларлық жайт.

«Әдебиетімізге көз салу» атты зерттеуінде ол: «Ұлт әдебиетімізді майданға шығармақ үшін, ең әуелі өз тұрмысымызды білмегіміз, халық аузындағы әдебиетімізді жинап, бір тәртіпке, белгілі сарынға салмағымыз, өз жұртымызды әр жақтан білмегіміз керек. Қазақ зиялылары бұл күнге дейін бұл туралы не қылды?.. Бізге ұят, халқымыздың бай әдебиетін, оның ертегілерін, мақалдарын, өзінің мәдениетін, күйлерін, жырларын… білуге, жинауға құштарлығымыз жоқ. Бұларды, көңіл қойсақ жию қиын емес. Әрбір оқи, жаза білетін кісінін қолынан келетін жұмыс. Егер халық аузынан жазып, бәрін бірге жинасақ, оларды тәртіпке салсақ, әдебиетіміз, ғылымымыз үшін бір пайда шығара алатын кісілер табылып қалар еді. Бұл істі жарыққа шығармақ үшін кімнің қандай білгені болса, планы болса, жазып ортаға салса, шын ықыласпен оқып тыңдар едік» деген сияқты қазақ әдебиеті үшін жаны ауырған, қамқорлыққа толы ойлар айтады,

Н.Құлжанова 20-30-жылдарда ел өміріндегі елеулі мәселелерді көтерген мақалаларды өндірте жазады. Бұған оның бұл жылдарда С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов т.б. да қазақтың маңдайалды ұлдарымен қызметтес болуы да оң ықпалын тигізген деп есептеуге болады.

Дәл осы жолдарда ол қоғамдық-әлеуметтік жұмыспен бірге шығармашылық жұмысты қатар жүргізіп, әдебиетке тиісті үлес қосуды көздегендігі байқалады. Осы бағытта Нәзипа ең алдымен халықтың сана-сезімін оятуға күш салу керектігін анық аңғарды. Бұл үшін жұртшылықты оқытуға, өнерге талаптандыратын үгіт-насихаттың ауадай қажет екенін, оның кілті баспасөзде жатқанын жете түсінді. Сондықтан ол өзінің қазақ баспасөз ұйымдарындағы қызметін пайдалынып, бұл салада көптеген мақалалар жазды және үздіксіз жариялап жүрді.

Нәзипаның журналистік, жазушылық қабілетінен туындаған шығармаларының тілі оралымды, оқиға желісі оқушысына ой салып, ынталандыра жетелейді. Өйткені жазғандары жаңды оқиғалар – еліміздің біраз жерінде қызмет істеп жүріп көргендеріне, солардан түйген ойларына негізделген, өмірдің өзінен туған дүниелер.

«Маржан» атты шығармасы («Қызыл Қазақстан», 1925. №1) ел ішіндегі қорғансыз әйелдің жүрек зары мен көз жасын суреттеуге арналған. Әңгімеде автор Маржан өмірінің аянышты кезеңдерін суреттеу арқылы қазақ ауылындағы жағдайларға назар аударады. Төңкеріске дейін, әсіресе, ауылды мекендерде берік орныққан рулық-феодалдық салттың кейбір жағымсыз жақтарын мейлінше сынап, әшкерелейді. Әйелдер теңсіздіктен азат болып, қашан еркін өмірге жетер екен деп арман еткенде, көкірегі қарсы айрылады.

Маржан қыздың әділетсіздіктің құрбаны болып, көкірегіне шер байланып, айықпас дертке ұшырағанын аянышпен суреттейді. Әңгімеде автор қазақ әйелінің мінез-құлқындағы көнбістікті, тазалықты, инабаттылықты да орнымен көрсетіп отырады.

Нәзипа Сағызбайқызы — Қазақстанда әйелдер қозғалысын өрістету ісіне белсене араласқан, әйелдер бөлімінің жұмысына үлкен үлес қосқан қоғам қайраткері. Шығыс әйелдерінің I съезін ұйымдастыруда атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Республиканың жер-жерлерінде әйелдер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге аянбай ат салысқан. Осы жұмыстарды жандандырып, оған бағыт беріп, ақыл-көмегін көрсетуге ауылдық, губерниялық, уездік комитеттерде әйелдер бөлімінің құрылуына күш салған.

Оқыған, зерделі Құлжановтардың өнерпаздық өнегелері туралы жоғарыда қысқаша атап өткеніміздей, олар Ыбырай мен Абайдың шығармашылығына байланысты ойын-сауық кештерін өткізіп, ең алдымен елдің көңіл көзін ашуды мақсат етсе, екіншіден жиналған қаржының біраз бөлігін Петербург, Қазан, Томск, Омбы сияқты қалаларда оқитын қазақ жастарына көмекке жіберіп отырғандықтары үлкен азаматтық іс еді.

Семей облыстық театрының құрылуы жайында сөз болғанда, әсіресе Нұрғали мен Нәзипаның сырт қалмауы жөн дегіміз келеді. Театр құрылмастан көп бұрын да оның негізін салуға ат салысқанын, театр шаңырақ көтергеннен кейін де оның мақсат-мүдделеріне құлақ түріп, ұжымның әрқандай жағдайын ескеріп, қажет болса тиісті орындардың алдына мәселелер қойып, баспасөз беттерінде театрды үздіксіз насихаттап отырғандары да – халық алдындағы игі істері.

Бұрынырақта Нәзипаның театрға қатысты, оның алғашқы ойын-сауық кештерінде белгілі рөлдерде ойнағаны көп айтыла бермей, атүсті ғана ауызға алынып кететін. Сондықтан Құлжанова талантының осы бір қырын аша түсу мақсатында да зерттеулер жасалса, қандай ғанибет болар еді.

Пайдаланылған әдебиет

  1. Энциклопедия «Айқап» /Бас редактор Р.Нұрғалиев, Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы,1995 ж.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.