Рысбекова Аяулым Қанатқызы
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
Балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығының
«Қызықты география»
үйірме жетекшісі
Қазақ даласында не көп— бірі көне, бірі жаңа жапырлай орналасқан зираттар, обалар мен төбешіктер, қалашықтар көп. Қазақтың тұрмыс тіршілігінің бұл тілсіз ескерткіштері тарихи тұрғыдан гөрі, жағрафиялық тұрғыдан алғанда қымбаттырақ.
Шоқан Уалиханов
Аудандық балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығы «Қызықты география» үйірмесі – өлкетану бағытында жұмыс жасап, туған жердің тарихын, көне қалалары мен кесенелерін, оның ішінде Сығанақ қалашығына оқушылармен бірге саяхатқа барып қайттық.
Сығанақ қалашығына бару мақсатымыз – оқушылардың қоғамдық белсенділігін дамытып, табиғатқа деген сүйіспеншілікті нығайтып, жер шарының табиғатын және тарихи мәдени ескерткіштерінің құндылығын қастерлеуге үйретіп, ел тарихын сөндірмей келешек ұрпаққа жеткізу.
Оқушылардың өзара қарым-қатынастарын қалыптастыру барысында белгілі бір еңбек түріне баулып, оны дамытуға ықпал жасау. Географиялық тұрғыдан Сығанақ қалашығының табиғаты мен орналасқан жерін анықтап, топырағы мен өсімдігін, жан-жануарларын анықтап қайттық. Баға жетпес тарихи байлығымыз — Сығанақ қалашығының қазіргі орны 10 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Бұл жер Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Төменарық темір жол станциясынан 8 шақырым жерде орналасқан Қаратау жотасының оңтүстік батыс етегінде жатқан Белқар үстіртінде жатыр. ХVІ ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан «Сығанақ қаласы қыпшақтардың астанасы болған. Сығанақ базарына базар күндерінде 500 түйе сойылып, кәуап жасалып кешке дейін бір түйір қалмай сатылып кететін саудасы дамыған үлкен қала» деп жазады. Ал басқа ірі қара мен ұсақ малдың қанша болғандығының есебі болмаған. Бұл соңғы орта ғасырдағы қазақ хандығының дәуірлей бастаған кезіндегі қаланың аты шыққан кезі.
Ал Сығанақтың ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығының астанасы болғаннан бері есептейтін болсақ, қыпшақ тайпасы қазақ халқының негізгі этникалық құрамының бірі. Олай болса, Сығанақ қаласы халқымыздың халық болып қалыптасуына да, мемлекет болып құрылуына да алғашқы басты бір астанасы болғандығында ешбір дау болуы мүмкін емес. Фазлаллах ибн Рузбиханның Сығанақ қаласына беретін сипаттамасында қала Дешті қыпшақтықтардың солтүстік жағында орналасқан өте жайлы, адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы қала еді дейді. Қала орналасқан аймақтың өзі табиғи жағынан да адам баласының тіршілікке қажетті барлық мүмкіндіктерді пайдалануға, егін шаруашылығына да, мал өсіруге де қолайлылығын жазады.
«Қаланың суландыру жүйесін Сейхун (Сырдария) өзенінен Тұман тайпасының адамдары Тұман арығынан оман (канал) тартылып, қала аймағының көкорай бау-бақшаға оралып жатқанын көрсеңіз, бұл жалғандағы бір бейіште жүргендей сезінесіз. Ал қаланың аймағындағы орман-тоғайы халқын отын суынан таршылық көрсетпейді. Оның ішінде жайылып жүрген аң-құстардың молдығы молшылықтың белгісіндей. Сығанақтықтар ет керек болса, мойындарына садақтарын асынып, бір ақбөкенді атып келіп қажеттіліктерін тындырады. Керек болса, қысқы еттерін аңның етінен дайындап сүрлеп алады. Олар үшін аң еті өте арзан».
Ақбөкен дегенде, қалаға қазба жүргізіліп жатқан жерден ақбөкеннің бас сүйектері, асықтары өте көп кездеседі. Әсіресе, мүйіздерін аралап, сыртқы қабығын алып тастап ішіндегі өзегінен дәрі жасағандары да байқалады. Оны «мускус» деп атаған. Мұндай тәсілдер Қаратаудың солтүстігіндегі қалаларды қазғанда да байқалады. Қалаға Дешті Қыпшақтан Хаджи-Тархан жақтан көптеген бұйымдар, мал әкелінеді, әсіресе семіз қой, жылқы, түйелер, құндыздан жасалған ішіктер, керемет сәнді, мықты ақ қайыңнан жасалған садақтар, жібек маталар, т.б. қымбат заттар әкелінді.
Оқушыларыммен бірге Сығанақ қалашығының топырағы мен өсімдігін, жер көлемдік координатасын анықтап суретке түсірдік.Топырағы – қара қоңыр мен сұр және сазды, тұзды бозды дала болып келген. Бұл жерлерге эфемероидты – жартылай бұталы (сұр-жусанды, эфемерлі), ал дөң және тізбектелген аллювийлі – эолды құмдарда бұталы-сексеуілді-эфемероидты (сексеуіл-қоянжын-жүзгінді, шеңгел, майшыбык, ақбас, қарабарқан, жантақ, жейде ағашы, қамыс өсімдік жамылғылары кездесті. Сығанақ топырағына тоқталсақ, топырағы құм сауытты. Бұрын бұл жердің топырағын әртүрлі заттарға мысалы топырақты күйдіріп қыш құмыралар, үй тұрғызуға күйдірілген кірпішпер және таға басқа заттарға қолданған. Сол кездегі топырақтың мықтылығы соншалық қанша ғасыр өтседе табылған қазаба жұмыстары кезінде қыш құмыралардан және күйдірілген кірпіштен көруге болады.Топырақты күйдіріп дайындау үшін өзінің бір қасиеттілігі мен өзіндік әдісі болған.
Ал қазіргі уақытты Сығанақ жерінің топырақ құрамы өзгерген, себебі қалашықтың жан-жағында егістік алқабы мен жол торабы түскен.Топырақ бұрынғы топыраққа қарағанда тұзданып қатты сортанданған. Дәл бұрынғыдай күйдіріп қыш құмыра мен кірпіш жасауға келмейді.Топырақ құрамы тұзданып өзгерген. Ибн Рузбихан Сығанақ қаласы «аймақтың солтүстік жағындағы жер жәннатының шеті» деп сипаттаса, қала Дешті Қыпшақтың шекаралық сауда бекеті, бүкіл әлемге аумағының кеңдігімен, қауіпсіз әрі тыныш болуымен даңқы шыққан қала дейді.
Сығанақ Түркістанның ірі сауда орталығы болған, қала тау өзендерімен және Сырдариядан тартылған арықтармен суландырылып, егіншіліктің де орталығы болған. Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 шақырым). Сол кездегі тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп атаған.
Қазіргі Сығанақтың солтүстігі 275 метр, солтүстік батысы 175 метр, оңтүстік батысы 190 метр және оңтүстігі 175 метр, ал оңтүстік шығысы 320 метр өлшемінде. Биіктігі 1,5 метр. Қала 6-7 метр шығыңқы 15 төбешікке айналған және мұнара іздері сақталған, қасында Сунақ Ата мешіті бар. Құрылыс іздері төбе-төбе болып кездеседі. Ертегі қаланың үстіңгі мәдени қабаты керамика сынықтарымен толы екенін көруге болады.
Жалпы бұл саяхаттан алған әсеріміз керемет. Тағлымға толы тарлан тарихтан сыр шерткен құнды жәдігерлер туралы әлі талай жазуға болады. Өйткені тарихы сөнбеген елдің ертеңі еңселі болады. Ең бастысы елдің тарихы сөнбесін, тарих адамзаттың келешегіне жол, бүтіндей бір мемлекеттің іргетасын берік ұстайтын құндылық .Кім біледі біздің осы дәуір ғасырлар қойнауына енгенде, келер ұрпақ зерделеп сан сырлы құндылықтарды дәріптейтін болар. Өз жеріміздегі тарихи-географиялық жерді білу біз үшін ең басты міндет.