Мұзафарқызы Ажар
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Ақсу-Аюлы мекені
Жамбыл Ақылбаев атындағы
мектеп-гимназиясының 10-сынып
оқушысы
Мыкышева Гүлбаршын Ермекқызы
Жетекші, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Өмірге келген күннен бастап нәресте – адам болып қалыптасқанша мына жалған дүниеден сабақ алып жетіледі. Менің бұл ойыммен оқыған перзенттердің барлығы келіседі деп ойлаймын. «Адамның ойы да көркем, бойы да көркем» — деп, Ғабит Мүсірепов айтқандай расында адам баласының бойы өскен сайын ойы да өседі ма екен?. Мен үшін бұл қызықты. Сол себепті жазушылар әлеміне жүгіндім.
Адам адамдық игі қасиеттерін бойына жинақтап, ойы арқылы сараланады. Пенде әлемге, жан–жағына, өзіне, өмірге күліп қарайтын болса, оның жүзі жан дүниесі нұрланады. Абай атамыз айтқандай: «Адам анадан бірден есті болып тумайды, естіп, көріп, татып ескерсе, көргені көп болған адам білімді болады», менің ойымша ұлы ақынымызбен барша қауым келісерлік. Рухани құндылығымызды, ой-санамызды дамытқымыз келсе, ең алдымен Абай бейнелеген баяғы Мақсұт образын есімізге түсіреміз, адамгершілік санамызды қалыптастырамыз. Біз көре-көре көсем де, сөйлей-сөйлей шешен де бола аламыз. Бірақ, ол үшін өзімізді, санамызды көңілге тәрбиелеуіміз қажет.
Дүниеде адам баласының саналы ойлауынан асқан құдірет жоқ. Әдемі ойлап, көркем жеткізе білу — адамның жетістігі. Осы орайда мен өзіме сауал қоям: Адамзатқа не керек? «Сүймек, сезбек, кейімек, харекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек». Барлығымыз бір ғаламшардың жанды пендесіміз. Бір-бірімізден айырмашылығымыз бойымыздағы адамгершілік, білім, сана тазалығы жағынан көрінеді. Мейлінше, өзіміздің бойымызға пайдасы тиетін құндылықтарды толтырсақ, сол кезде ойымыз ұшқыр, санамыз таза болуы тиіс. Осы ойыммен құрбы –құрдастарым да келіседі деп ойлаймын.
Аса талантты ақын Сұлтан-Махмұд Торайғыровтың пікірінше: «Адам табиғаттың туындысы, ондағы себептіліктің жемісі. Адам дүние сырларын біртіндеп ашып, шама-шарқынша өзгертіп отыратын белсенді тұлға. Ол сыртқы ортамен байланысып өз ақыл-ойын дамытады» деген. Демек, қандай мақсат қойып жоспар жасасақ та, ең алдымен өмірге деген шынайы көзқараспен қарағанымыз дұрыс. Әр сәтте, әр нәрседен сабақ алып өзгені де, өзімізді де түзете аламыз. Мінез – адамның көркі деп бекер айтылмаған. Шапшаңдық, сабырсыздық, ашуланшақтық, ойланбай сөйлегендік дұрыс әрекетке жетелемейді, біздің өмірге деген назарымызды өзгертеді, оны білгеніміз абзал!
Ойымды пайымдай келе, айтайын дегенім мектеп табалдырығын аттағаннан кейін де өмір бойы оқып үйренуге тырысамын, яғни өзін-өзі жетілдіру жұмыстарымен айналысам. Ең бастысы Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Адам өзінің еркін белгілі бір тәртіптің тезіне сала отырып, таза жолды таңдай алады. Еркіндікті жаратылыс береді, оны қалай ұстану адамның өз қолында». Сондықтан, жүрегімізге жылулық ұялатып, ақылымызды нұрмен толтырып, ыстық қайрат бөленгеніміз жөн. Тек сол кезде ғана өмір бізге ізгі рақатын сыйлайды деп білемін.