Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы
Төретам кенті Жанқожа батыр атындағы
№269 орта мектебінің
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Жакеева Гульмира Уатаевна
Бала – өмірдің жалғасы. Әр ата-ана баласының жақсы азамат пен азаматша болғанын қалайды. Олардың болашағы үшін алаңдап, алдағы өміріне азық боларлық тәрбие бергісі келеді. Сол себептен баланың ортасы мен ұстаздары жақсы болғаны жөн. Бұл тіркестер бұрыннан белгілі. Қазақ халқында мақал бар. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дегені бекер айтылмаса керек-ті. Сонымен қатар «жігітті жолдасына қарап таны» дегенін қалай естен шығарарсыз. Мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор. Ата-ана жұмысына кеткенде, баласын уайымдамай жүруі үшін мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмеуі тиіс. Бұл тақырып аясында Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауында да айтылды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында балалар қауіпсіздігіне қатысты арнайы тапсырмалар берілді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз жолдауында: «Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын», — деген болатын.
Әлемді жайлаған індет көптеген нысандарға және адам өмірінде үлкен өзгеріс алып келді. Әсіресе білім ордалары қаңырап бос қалды. Қашықтықтан сабақ өту туралы шешім қабылданып, балалардың денсаулығы үшін онлайн сабаққа кірісіп кеттік. Алғашқы апталарда қиынға түскенімен, кейін үйренісіп кеттік. Сонымен қатар ата-аналармен тығыз байланыс орнады. Бұған дейін мектеп мұғалімдері мен ата-аналар жұмысы жүргізіліп отырды. Бірақ карантин енгізілгеннен бастап, одан екі есе қарым-қатынас орната бастады.
Мектеп оқушыларына арналған арнайы қауіпсіздік ережелері бар:
Көшеде жүру тәртібі мен қауіпсіздік ережесі
Көше ережелері туралы тыңдау.
1. Көшеде жүру тәртібін орындамау көліктің жүріп — тұруына кедергі келтіреді, жұмысшылар жұмысқа, оқушылар сабаққа, басқа да баратын жерлеріне дер кезінде жетпеуі мүмкін.
2. Көшеден өту үшін арнайы белгіленген жермен жүрген дұрыс.
Егер бар болса, жер асты жолын пайдаланған жөн.
3. Мектепке келе жатқанда өзіңе қауіпсіз болатын жолды таңдай біл. Өткел тар болса, қарсы кездескен үлкен кісіге жол бер.
4. Жүргіншілер жолымен келе жатып қақпадан көрінген машинаны байқасаң өткізіп жібер. Көшеде тоқтап тұрған көліктің қасынан абайлап өт.
Ауылдық жерде
1. Мектепке келе жатып үлкен жолдың шетімен жүр.
2. Алдыңнан машина шықса жол бер. Тоқтап тұрған көліктің қасынан абайлаған абзал.
3. Жол үстінде ойнама, сырғанақ теппе.
4. Жер тайғақ болса, жолда абайла.
Осындай қарапайым ғана ережелерді сақтау арқылы балалардың қауіпсіз болатындығын байқаймыз. Әсіресе мектептегі бастауыш сыныптардың қауіпсіздігіне екі есе мән беріледі. Өйткені жоғары сынып оқушылары өздігінен түсініп, ұмытып кете қоймайды. Ал бастауыш сынып оқушыларының есінен шығып кетуі де мүмкін. Сол себептен сынып жетекшілер тікелей жауапты болып саналады.
Мектеп басшылығы және сынып жетекшісі тәрбие сағаттарында арнайы уақыттар бөліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар ата-аналар жиналысында ата-анасының осындай қарапайым ережелерді ұрпағының ойына тоқытып, әрекет ету керек екендігін айтып отырамыз. Сондай-ақ түрлі акциялар өткізу арқылы оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей ұрпағымыздың тәрбиелі, білімді, парасатты болғанын қалаймыз. Жоғары сынып оқушылары арасында түсінбеушілік орын алмас үшін оқушылар арасындағы жағдай қандай екенін бақылауда ұстаймыз.
Ел ертеңі – білімді жастар қолында! Оқушылардың оқуда озат болып, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтағанын қалаймыз. Қауіпсіз ортада жетіліп, ешқандай зорлық-зомбылық көрмесе екен. Келеңсіз жағдай болдырмау үшін, бар күшімізді саламыз.