«Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Жаркент қаласының облыстық зерде бұзылыстары бар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған арнайы мектеп-интернат» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Дефектолог: Жанқабыл Назира Қабдулақызы ЗЕРДЕ БҰЗЫЛЫСТАРЫ БАР БАЛАЛАРҒА БІЛІМ БЕРУДЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ Инклюзивті білім – бұл мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың жалпы білім беру үдерісіне қосылуына, яғни кедергілердің жойылуына және олардың саналы білім алуына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік бейімделуіне бағытталған білім беру үдерісі. Инклюзивті оқытудың басты мақсатын мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамнан алыстатпай, өздерін қоғамның бір мүшесі екендігін сезіндіру, басқа да дені сау балалармен бірдей білім алуын қамтамасыз ету деп білемін. Соңғы жылдары психикалық дамуы кешеуілдеген, зерде бұзылысы бар балалардың танымдық қабілеттерін дамыту-түзету (коррекциялық) жұмыстарының қарқынды жүргізілуі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Психикалық дамуы кешеуілдеген балалар категориясын 50-шы жылдардың аяғынан бастап зерттеу кеңінен қолға алына бастады. Проблеманы зерттеумен айналысқан ғалымдар: М.С.Певзнер, Т.А.Власова, К.С.Лебединская, В.В.Ковалев, П.Е.Сухарева, В.И.Лубовский т.б. бала дамуы ерекшеліктеріне қарай өз пікірлерін ұсынды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ішінде психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың негізгі айырмашылығы мынада: бұл балалардың сабаққа деген үлгермеушілігі, сондай-ақ дағдылары мен танымдық процестеріндегі өзара ауытқушылықтарымен сипатталады. Арнайы педагогикада, сондай-ақ дефектология ғылымында психикалық дамуы кешеуілдеген балалар тобын зерттеу негізінен ХХ ғасырдың ортасынан бастап бастау алды. Психикалық дамуында ауытқушылығы бар балалардың танымдық қабілеттерін тексеруге, ең алдымен, олардың эмоциясына назар аударған жөн. Бұл балалардың эмоциясы көбінесе өзгеріске ұшырап отырады. Бұл балалардың қалыпты балалардан ерекшелігі — олардың әлеуметтік ортаға бейімделуімен, мінез- құлықтарымен және іс-әрекеттерімен ерекшеленеді. Балалар құқығы туралы Декларацияда: «Барлық балалар нәсіліне, ақ- қаралығына, жынысына, тіліне, дініне, саяси және басқа да түсінігіне, туған жері мен жағдайына қарамастан, төмендегі аты аталған мүмкіншіліктердің бәріне құқылы. Ерекше қамқорлықпен қорғалуға, сондай-ақ жақсы тамақ ішуге, баспана және медициналық қызметпен қамтамасыз етілуге, тәрбиелеуге, рухани және физикалық жағынан дамуға, денсаулығы әлсіз болса, емделуге, сырттан шектеу болса ерекше қамқорлыққа, ата-анасының және да басқа адамдардың сүйіспеншілігі мен түсінігіне, егер ағайын- туыстары жәрдемдесе алмаса, онда үкіметтің қарамағында қамқорлықта болуға құқылы…» делінеді. Педагогтар мен дефектологтардың пікірінше, біздің елімізде мұндай балалармен жұмыс жүргізетін жаңа, нәтижелі бағдарламалар мен әдістемелер жоқтың қасы. Алайда мемлекет тарапынан интербелсенді тақтамен, мультимедиялық құрылғылармен жабдықтау ісі дұрыс жолға қойылған. Балалар бірінші кезекте қамқорлық пен көмекке ие болуы тиіс. Күннен күнге мүмкіншілігі шектеулі, зердесі бұзылған балаларға деген қоғамның көзқарасы өзгеріп келеді. Бұрынғыдай оларды мүгедек адам ретінде қарамай, қоғамның белсенді мүшесі және өз тағдырына батыл сеніммен қарайтын адам ретінде қабылдауда. Жас ерекшеліктерін ескере отырып, шешім қабылдай алуға, өзін-өзі қамтамасыз етуге, еңбекке, тәртіп мәдениетіне, ұжымда еңбек ете алатындай деңгейге бейімдеу қажет. Бұндай балалардың тәрбиесі өзара жақсы, түсіністікті қажет етеді және оларды оптимистік рухта, өз-өзіне сенімді тәрбиелеудің мәні зор. Зерде бұзылыстары бар балаларға білім беруде маңызды педагогикалық шарттардың бірі – олардың білім алуға деген қызығушылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы арттыру. ХХІ ғасыр — ақпараттық ғасыр. Қазіргі кезде қоғамның барлық саласын ақпараттандырусыз, компьютерлендірусіз елестету мүмкін емес. Ақпараттық технологияларды қолдану оқу-тәрбие үрдісінің сапалы әрі қарқынды жүргізілуіне оң ықпалын тигізуде. Баланың жеке тұлғалық дамуында, сапалы білім алуында, танымдық қабілеттерінің артуында ақпараттық технологиялардың маңызы зор. Білім беру жүйесін ақпараттандырудың жоғары қарқыны, телекоммуникациялық технологиялардың дамуы мен интернеттің жаһандық желісі зерде бұзылысы бар балалардың білім алуында жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Компьютерлендіру немесе ақпараттық технологияларды қолдану негізінде оқу үрдісін ұйымдастырудың бірнеше артықшылықтары бар. Атап айтар болсақ: — Ақпараттың ойын түрінде компьютер экранында көрсетілуі балалар тарапынан қызығушылық тудырады; — Қимыл, дыбыс, анимация түріндегі мультимедиялық оқу материалына баланың назары ауады; — Баланың танымдық белсенділігін арттыруға көмектеседі; — Компьютер алдында дербес әрекет ету арқылы баланың бойында өзіне деген сенімділік қалыптасады; — Түрлі тапсырмаларды орындау негізінде жеке оқыту түрі жүзеге асады; — Оқу материалын меңгеру барысында есте сақтау жады жаттығып, сөздік қоры молаяды, шығармашылық қабілеттері дамиды. Бүгінгі таңдазерде бұзылыстары бар балаларды түзету, білім беру үрдісіне жаңа компьютерлік технологияларды енгізу қажеттігі — айқын мәселе. Түзете отырып оқыту арқылы ықпал етудің дәстүрлі әдістерімен үйлесімділікте ақпараттық технологияларды қолдану — баланың ақыл-ойының, моторикасының, көру және моторлық анализаторларының дамуына айтарлықтай әсер етеді. Бұндай балаларға білім беруде оқыту мен дамытуға арналған компьютерлік ойындар маңызды рөл атқарады. Зердесі бұзылған бала бойындағы дефектіні түзеу үшін тәжірибелі маман үшін бірнеше ай қажет десек, бұл дефектіден арылуға компьютермен жұмыс тез әрі оңай көмектеседі. Компьютердегі қарапайым түрінен күрделісіне дейінгі ойынды үйренуде баланың саусақпен қажет пернелерді баса алуы – ұсақ моториканы жетілдіруге көмектеседі. Қолдың қозғалысы баланың көзбен бақылап отырған экранында түрлі бейнелердің қозғалуын қамтамасыз етеді. Ойынның мақсатына жетуде дұрыс шешімнің табылуы — баланың тиісті пернені басып, экрандағы бейненің қажетті бағытта жылжуын қамтамасыз етуіне байланысты. Осылайша, арнайы қосымша сабақсыз-ақ, баланың көру-моторлық координациясы дамиды. Егер бала компьютермен жұмыс істеуде қиналатын болса, тиісті пернені басу үшін қандай іс-әрекетті орындау керектігі туралы қосымша мәлімет беретін арнайы ұяшықтар жасап қою қажет. Сонымен қатар экрандағы бейнелердің қимылын тездету немесе баяулату арқылы қозғалыстың бағытын балалардың тез түсінуін жеңілдетуге (немесе керісінше қиындатуға) болады. Баланың қолының жазу-сызуға бейімделуі үшін түрлі кескінді суреттердің, бояудың, сурет салудың үлкен көмегі бар екенін білеміз. Осы мақсатта арнайы дамытуға арналған бояуға арналған компьютерлік бағдарламалар немесе кәдімгі «Paint» графикалық редакторын пайдалануға болады. Егер тапсырмалар мен ойын түріндегі оқыту бағдарламаларына дұрыс таңдау жүргізілсе, күрделі ауытқушылығы бар балалардың көпшілігі белсенділік танытып, тапсырмаларды орындай алады. Біріншіден, компьютермен жұмыс істеу барысында балада жағымды эмоционалдық көңіл-күй туындайды. Екіншіден, психикалық процестердің түзелуі мен дамуы жүзеге асады. Оқытуға арналған компьютерлік ойындар бала зейінінің шоғырлануына, тұрақталуына, жаңа білімді игеруіне мүмкіндік береді. Оқытуға арналған арнайы ойындарда: — Ойнай отырып, оқу; — Суреттерді бояу; — Есте сақтау, логикалық ойлауды дамыту сияқты бөлімдер қамтылады. Өз тәжірибемде интерактивті тақтаны да жиі қолданамын. Интерактивті тақтада жұмыс істеуде балаға бірден көмектеспей, тапсырманы өздігінен орындауына жағдай жасау қажет. Мысалы, баланың суретке қарап: — Суреттегі барлық бейнелердің пішін бірдей ме? — Барлық бейнелердің түсі бірдей ме? — Бейнелердің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?- деген сұрақтарға жауап берулерін сұрау өте тиімді. Сондай-ақ түрлі танымдық ойындарды қолдануда да интерактивті тақта көмегіне сүйенуге болады. Интерактивті тақтада көкөністер мен жемістердің бірнеше суретін беріп, соларды тақтаның арнайы қаламының көмегімен«Көкөністер» мен «Жемістер» себетіне салуды ұсындым. Қағаздағы суретті түрлі түсті бояумен бояғаннан гөрі, интерактивті тақтадағы суретті тақтаның арнайы маркерімен бояу да балалар қызығушылығын тудырды. Зердесі бұзылған, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға арналған арнайы сайттарда балалардың зейінін шоғырландыру мен тұрақтандыруға қатысты түрлі ойындар беріледі. Компьютерлік ойындар мен мультимедиялық қойылымдардың маңызы мен мазмұны туралы баспасөз материалдарында да жарық көруде. Бала зейінінің өзге нәрсеге алаңдамай, тұрақтануында қолданылатын ойындардың бірінде экрандағы ойын алаңының жоғарғы жағында бірнеше секунд көлемінде аңдар пайда болады. Ойын алаңының ортасында пайда болатын сары түсті шаршы пішініндегі ұяшықтарды басу арқылы қанша аңның көрсетілгенін көрсету үшін бала көргенін есте сақтап қалуы керек. Зердесі бұзылған балаларды оқыту үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Баланың оқу материалын қабылдауының тиімділігін арттыру үшін кәдімгі «Power Point» компьютерлік бағдарламасының презентациясын пайдалануға болады. Үнемі жазу немесе көшіру зердесі бұзылған, ауытқушылығы бар балалардың бойында жазудағы қорқыныш,өзіне деген сенімсіздік, оқуға ынтаның төмен болуын қалыптастыратыны бәрімізге белгілі. Ал ақпараттандыру технологиясының көмегімен оқыту осы мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, балаларды түзете отырып оқыту процесін жеңілдетеді. Компьютердегі жұмыстың түрлі-түсті, бейнелі болып келуі, жоғарыда айтқанымыздай, баланың бойында жағымды көңіл-күй қалыптастырады, ал бұл жайт- ұстаз үшін оқытудағы жетістіктің кепілі. Ұлы педагог Ян Коменский: «Дидактиканың алтын ережесі — көрнекілік» деп орынды айтқан. Қазіргі кезде көрнекіліктің барлық түрін ақпараттық технологиялар беруде. Ақпараттық технология – балалардың қажетті білімді, дағдыны игеруіне таптырмас көмекші құрал. Зердесі бұзылған балаларды түзете отырып оқыту процесінің тиімділігін арттыру үшін ақапараттық технологиялар мүмкіндігін мейлінше мол қолдану – ақпараттық құзыреттілігі қалыптасқан әр педагогтің міндеті. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Исхакова А. Н. Внедрение компьютерных технологий в коррекционно- образовательный процесс. Министерство образования и науки РК ННПЦ КП. – Алматы, 2009ж 2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 -2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Алматы, 2010ж |