Home » Мақалалар » Дене  шынықтыру  сабағында  қозғалыс  ойындарын  қолдану

Дене  шынықтыру  сабағында  қозғалыс  ойындарын  қолдану

Тилесова Гулайым Кунтубаевна
Түркістан облысы  Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп -лицейінің
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
Дене  шынықтыру  сабағында  қозғалыс  ойындарын  қолдану

Оқушыларды тәрбиелеу процесінде қолданылатын кез-келген ойын олардың денсаулығына теріс әсер етпеуі керек. Мұғалім, біріншіден, балалардың денсаулығына, физикалық мүмкіндіктеріне, жасына және жеке ерекшеліктеріне байланысты ойындарды қолдану қажет, екіншіден, медициналық және педагогикалық бақылауды қамтамасыз етуі керек. Жалпы білім беруді реформалаудың негізгі бағыттарында жас ұрпақты отанымыздың физикалық дамыған, шыңдалған, жұмыс істеуге және қорғануға дайын етіп тәрбиелеу өте маңызды екендігі атап өтілді. Дене тәрбиесінің көптеген құралдарының ішінде сауықтыру мәселелерін шешуге көмектесетін және спорттық дағдыларды қалыптастыруда жетекші болып табылатын қозғалыс  ойындар кеңінен қолданылады. Дене шынықтыру сабағында қозғалыс ойындарын қолданудың маңызы зор. Ойын, біріншіден, жеке тұлғаның белсенді іс-әрекетін қалыптастырса, екіншіден, өмірге деген көзқарасы мен сенімін дамытады. Сондықтан да қозғалыс ойындарының типологиялық даму ерекшеліктері мен сипаты ғалымдардың зерттеу нысанасына айналған. Көзқарастардың мазмұнына байланысты әртүрлі топтастыруға болады. Бірінші блоктағы ғалымдар, қозғалыс ойындарын белсенді іс-әрекетті дамытудың құралы ретінде зерделесе, екінші блоктағы ғалымдар, оны оқушылардың психологиялық-эмоционалды даму тенденциясымен байланыстырады. Ғалымдардың көзқарастарын интерпретациялайтын болсақ, педагогикалық процесте қозғалмалы ойын түрлерін пайдалану бүгінгі білім беру жүйесінің өзектілігін көрсетеді. Қозғалыс ойындары оқушының  моторикасын дамытады. Олар ептілік, жылдамдық, күш, үйлестіру және т.б. сапалы қасиеттерді жақсартуға мүмкіндік береді. Дене жаттығулары – бұл қозғалыс ойындарының негізі болып табылады. Дене жаттығулары сабақ барысында жоғары дәрежеге ие. Оқушылар қызығушылықпен оны қолданады. Ойынды таңдау барысында мұғалім ең негізгі педагогикалық принциптерді негізге алуы керек. Атап айтсақ:

  • оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін есепке алу принципі;
  • оқушылардың физикалық мүмкіндіктерін ескеру принципі;
  • оқушылардың медициналық және психологиялық даму көрсеткіштерін негізге алу принципі.

Дене шынықтыру пәнін жетілдірудің негізгі формасы-сабақ. Сабақтың мазмұны педагогикалық құжаттармен бекітілген.

Қозғалыс  ойындар арасында сюжеттік (имитациялық) ойындар ерекше орын алады. Мұндай ойындар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыта отырып, рөлдерді ойнауға, сюжетке байланысты образға енуге мүмкіндік береді.  Имитациялық ойындарды дене шынықтыру сабағында пайдалану, оқушының дене тәрбиесін жетілдіруге көмектеседі. Олар қоршаған ортадағы әртүрлі бейнелерді көрсетіп, ойынға имитациялық қозғалыс береді. Сонымен қатар қозғалыс ойындары мектептегі әртүрлі сайыстарға қатысу арқылы шешіледі.

Соның бірі «Көңілді старт» жарыстарарын атауға болады. Бұл жарыстың мақсаты-  оқушылардың бойында бәсекелестікті дамыту. Онда шапшаң қозғалысты, секіру, еңбектеп астынан өту, қарғып түсу ойындары ұсынылады. Ойынды ұйымдастыру әртүрлі кезеңдерден тұрады. Ойын таңдау. Ойынға дайындық оны таңдаудан басталады. Ойынды таңдау міндеттермен сабақтас болуы шарт. Мысалы, егер сабақта секіру дағдысын бекіту міндеті қойылса, онда секіруге байланысты ойын таңдалады.   Ойынның мазмұны оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес құрылады. Оқушының жасы өскен сайын, ойын сюжеті де күрделенеді. Ойынды таңдау кезінде педагог оқушылардың ұйымшылдық, белсенділік сияқты қасиеттерін ескеруі қажет. Қозғалыс ойындары барлық сабақта дерлік жүргізіледі. Ол сабақтың негізгі және соңғы бөлімдерінде өткізіледі. Келесі кезең. Ойынға дайындық. Сабаққа дайындалу кезіңде педагог ойынды ұйымдастыру барысын ойластырады. Оқушыларды топқа бөлу, ойын шартын түсіндіру, рөлдерді іріктеу сияқты күрделі әрекеттерді орындайды.

Ойынды өткізу кезіңде педагог мына талаптарды орындауы шарт:
1.Ойын ережесі мен талаптарды түсіндіру;
2.Материалдық-техникалық жағдайлармен қамтамасыз ету;
3.Оқушылардың даму деңгейі мен жас ерекшеліктерін ескеру;
4.Оқушылардың арасында позитивті қатынас орнату;
5.Ойын түрлерін оқушының қызығушылығына сәйкес таңдау

Ойынның шартын түсіндіру қысқа және эмоционалды болуы маңызды, себебі кіші жастағы балалар монотонды түсіндіруді қабылдай алмайды. Ойынды дұрыс түсіндіру белгілі бір уақытта оның жетістігіне әсер етеді. Дене шынықтыру мұғалімі сабақ барысында балаларга гнмнастнканы, жеңіл атлетиканы үйрету кезінде олардың дұрыс қнмылына ерекше көңіл бөледі. Көп қайталанып істелетін қозғалыстар оқушылардың кабілетін дамытуға, шапшаң және орынды қолдануга үйретеді. Тағы бір қызықты кезеңі ойынды басқару.  Бұл іс-әрекет жасаудың ең күрделі  түрі болып табылады. Педагогтың шеберлігі ойынды дұрыс бағыттауына байланысты. Ойынға басшылық жасай отырып, педагог оқушылардың белсенділігін дамытады, ойын мәселесін шешуге көмектеседі. Ойынның аяқталуы. Қозғалыс ойындарын дұрыс ұйымдастыру оның дұрыс өткізілуін ғана емес, сонымен бірге өз уақытында аяқталуын қарастырады. Ойынның уақытынан бұрын тоқтатылуы немесе шамадан тыс сщзылуы орынсыз. Ойын ұзақтығы оның сипатына, сабақ шарттарына және ойыншылардың құрамына тәуелді.

Ойын қорытындысын шығару оның нәтижелерін анықтаумен байланысты.  Ойынды объективті талдау ойыншыларды дұрыс өзіндік бағалауға үйретеді. Оқушылардың қозғалыс  ойыны әрекетінде екі өте маңызды объективті факторларының арақатынасы бар: бір жағынан, балалар практикалық әрекетке араласады, денелік жағынан дамиды, дербес әрекет жасауға әдеттенеді, екінші жағынан, бұл әрекеттен моральдық және эстетикалық қанағат алады, өзін қоршаған ортаны танып — білуін тереңдетеді. Баланың қозғалыс ойындары барысында барлық дене мүшелері қимылдап, дами түседі. Жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру, қағып алу қабілеттерін жетілдіруге, дамытуға мүмкіндік береді. Қозғалыс ойындары баланың жүйке қалыптасуына зор ықпал етеді. Қозғалыс ойынында ұйымдастырушы жетекші рөл атқарады, олар ойынның барысын, жүйелілігін, ойнаушылардың қарым- қатынасын, баланың мінез- құлқын белгілейді. Қозғалыс ойындары үйдің ішінде және серуен кезінде бірнеше баламен немесе бүкіл топпен өткізіледі. Олар сондай-ақ дене шынықтыру сабақтарының құрамына енеді. Балалар ойынды игерген соң өздігінен ойнай алады. Қозғалыс ойындары – жасөспірімдердің сүйікті де пайдалы іс-әрекетінің бірі болып табылады. Ойын адам ағзасының жұмыс істеу қабілетін арттырады. Түрлі ойындар арқылы балалардың қызығушылығы мен белсенділігі оянады.  Олардың арасында әсіресе эстафеталық ойындарға деген қызығушылық басым. Эстафета – топтық ойын. Яғни, топ құрамындағы әрбір адам түрлі кезеңдерден өтіп, келесі қатысушының алақанына қолын тигізу арқылы кезегін беріп отырады. Жеңіске мәре сызығын бірінші болып аттаған топ жетеді. Қозғалыс ойындардың көпшілігі қатысушылардан жылдамдықты талап етеді. Бұл дыбыстық, визуалды сигналдарға жедел жауап беру қажеттілігіне негізделген ойындар, кенеттен тоқтайтын, кідіретін және қозғалыстарды қайта бастайтын ойындар, қысқа мерзімде қысқа қашықтықты еңсеру арқылы жылдам, шапшаң қозғалыс жасау. Ойын барысында балалар әлеуметтік мінез-құлық нормалары туралы түсініктерді қалыптастырады, сонымен қатар белгілі бір мәдени дағдыларды дамытады. Алайда, ойын барысында шешілетін педагогикалық тапсырмаларды мұғалім жақсы меңгерген кезде ғана пайдалы болады.

Қорыты айтқанда, қозғалыс ойынын жүргізу әдістемесін былай топтастыруға болады:

  • Ойын таңдау
  • Мазмұнды, мәтінді үйренуге дайындық,
  • атрибуттарды дайындау
  • Балаларды ойынға жинау
  • Ойынды түсіндіру (ойын ережелері)
  • Түсіндіруге қойылатын талаптар
  • Рөлдерді бөлу
  • Жүргізушіні таңдау әдістері
  • Ойын нұсқаулығы
  • Ойынның аяқталуы, қорытындылау

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.