Алматы қаласы Жетісу ауданы
№179 балабақша тәрбиешісі
Чинар Абильханова
Республикалық конкурсқа қатысып жүлделі орынға ие болды. «Мейірімді тәрбиеші» төсбелгісімен марапатталған тәрбиешінің еңбек жолы жақсы адамдармен қауыштырды.
2005 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар Университетін тәмамдаған тәрбиеші бүгінде жұмысының жемісін көріп отыр. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» атты эссе жазып маңдайының жұлдызы жанған Чинар Абильхановнаның балаға деген ыстық пейілі, ықыласы жоғары деңгейде қошемет алуға жол ашты. Ол байқауға қатысуына себеп болған меңгерушісі Жанар Әуелханқызына алғысы шексіз екенін айтты.
Мамандығым — менің мақтанышым. Баланың былдырлаған тілі, томпаңдаған жүрісі, қиыла қараған жанары менің жұмысыма деген құрметімді оятты. Әрине, қызығымен қатар қиындық та бірге жүреді. Дегенмен, жомарт басшының арқасында төселіп, жаңа заман талабына сай маман болуға ұмтылдым.
Көңілдің тазалығы, ниеттің ақтығы балабақшадан бастау алады. Балабақша ең таза жер. Кіршіксіз күлкімен, сүйкімді қылыққа тоймай таңның атып,кештің батқанын байқамай қаламын. Сірә, содан болар балаларымды, алдымдағы тәлім алушыларды қатты жақсы көремін. Меніңше, мейірімділік деген осы,-деді тәрбиеші.
Жаңалыққа жаны құмар, даналыққа ұмтылған Чинар Абильхановнаға шығармашылық табыс тіледік. Ел алдында абыройы асқақтап, еңбегі жемісті болсын!