Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Ұлан Сейітқалиев әлемнің таңдаулы 4 бірдей оқу орнынан шақырту алды. Олардың қатарында рейтингтері жоғары Назарбаев Университеті, Корей жетекші ғылыми-техникалық институты (Korea Advanced Institute of Science and Technology) (KAIST), Мәскеу физика-техникалық институты (Moscow Institute of Physics and Technology), Катардағы Карнеги-Меллон университеті (Carnegy Mellon University in Qatar) сынды үздіктер бар.
Ұлан – есепке жүйрік, компьютердің «құлағында ойнайтын» ерекше дарынға ие. Мектебімізге шалғайдағы Зайсан ауданынан келіп оқуға түсіп, бірнеше мәрте республикалық, халықаралық олимпиадаларда «алтын ұясының» абыройын асырған. Атап айтсақ, Халықаралық Эйлер олимпиадасында 2 –орын, математикалық Еуропа Кубогында 1 –орынды, ХХХІІ Азия — Тынық мұхиты халықаралық математикалық олимпиадасында 2 орынды жеңіп алған. Сонымен бірге Халықаралық Жәутіков олимпиадасында да бақ сынып, екі жыл қатарынан қола медальға қол жеткізген. Орталық күштер бойынша физикалық зерттеулер — республикалық ғылыми жобалар байқауында 1 орынға ие болған түлегіміз көптеген мобильді қосымшалардың авторы.
— Менің бұл дәрежеге жетіп, бірнеше оқу орнынан шақырту алуыма білім берген ұстаздарым мен тәрбиелеген ата-анамның септігі көп тиді деп айта аламын. Үлкен өмірге аяқ басар тұста оларға перзенттік, шәкірттік алғысымды айтқым келеді. Ендігі ойым – маған артылған сенімді ақтай білу. Әзірге қай оқу орнына баратынымды шешкенім жоқ. Ойлануға уақыт бар. Бірақ мені қызықтыратыны – информатика. Осы салада білімімді шыңдап, еліме пайдамды тигізсем деймін, -дейді түлегіміз.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспсөз қызметі