1 мамыр — Қазақстан бірлігі күні мерекесіне орай Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты КМҚК «№34 бөбекжай-балабақшасында» фестиваль өтті. 1 мамыр — мейрамына орайластырып ұйымдастырылған бұл мерекелік іс-шараға бірнеше балабақшалардың музыка жетекшілері қонақ болып келіпті. Ал, бүлдіршіндерді педагогтер сақадай сай жан-жақты дайындапты. Әні мен сәні келіскен бүгінгі мерекеде балалар тақпақ айтып, ән шырқап, би биледі. Бүгінгі мерекеде төрт мектепалды топ өнер көрсетті.
Қазақстан отаным! — деп ұрандатқан бүлдіршіндердің өнерлеріне көпшілік тәнті болып қошемет көрсетті. Олар әр ұлттың мәдениетін, өнерін жан-жақты асқан шеберлікпен көрермен санасына жеткізе білді. Өзге ұлттардың өнері мен мәдениетін, ұлттық киімін насихаттап қана қоймай, ата-аналар ұлттық тағамдарын көпшілік назарына ұсынды. Жиналғандар қазақтың бауырсақ, құрт, жент, орыс ұлтының құймағын, ұйғыр ұлтының тағам түрлерімен танысып, дәм татты.
— Қазақстан көпұлтты мемлекет, қашанда өзгені бауырына басуды жатсынбаған. Қазақтың киелі жерінде 130- дан астам ұлт пен ұлыс тұрып жатыр. Бүгінде қасиетті шаңырақ астында көптеген өзге ұлттың ұл қыздары ауызбіршілікте тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бәріміздің мақсат-мүддеміз бір, бейбітшілікте, татулықта бақытты да баянды ғұмыр кешу. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!,- деді балабақша меңгерушісі Сейдалиева Сәуле.
Балабақша меңгерушісі өзінің ұжым қызметкерлерінінің еңбектеріне алғыс айта келе, олардың есімдерін де атап өтті. Олар әдіскер М. М. Абдулова, Қазақ тілі педагогтері; М.К. Абдраймова және А. Б. Абильдаева. Музыка жетекшілері; С. С. Мишина, С. С. Бобрикова, М. С. Есенбаева. Сонымен қатар мектепалды топ педагогтері; Р. Д. Ярупова, Ж. М. Дайырбекова, С. Т. Азизова және М. А. Мансурова, З. А. Гаитова. Ұжымда әр ұлттың қыздары болып ынтымағымыз жарасып, қызмет атқарып келеміз, осыдан артық бақыт бар ма-деді өз сөзінде меңгеруші.
1 мамыр — бұл жарқын көктем мерекесі. Жыл сайын еліміздің әр қаласында, ауыл-аймақтарында аталып өтеді. Бұл мереке — Қазақстанда тұратын халықтың дәстүрлері мен мәдениетін бір-біріне таныстырып қана қоймай, ұлттарды біртұтастыққа бірлікке бағыттайтын мереке. Бүгінгі өткен мерекеде бүлдіршіндердің кіп-кішкентай жүректері осыны меңзейтіндей.
«BILIM AINASY»,
Жұлдызай Елеусізқызы,
Алматы қаласы