Алматы қаласы білім басқармасының «№198 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Біртұтас тәрбие» құзіреттілік орталығының 2024 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Алматы қаласы бойынша тірек мектептерінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен аға тәлімгерлерге арналған “Ұлттық құндылық — отбасы негізі” атты қалалық әдістемелік семинар өтті.
Семинардың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған мектеп директоры Канапьянова Асемкуль Слямбековна келген қонақтарды семинардың өтілу барысымен таныстырды.
Семинарда ҚББЖТҒӘО тәрбие білімінің әдіскері Исатаева Акерке Сагатовна, Республикалық спорт мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алгожаев Айбар Кумекович қатысты.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нурбекова Гульжан Айдархановна “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының жүзеге асырылу жолымен таныстырып, мектепте жүргізіліп жатқан іс-шаралармен бөлісіп, іс-тәжірибесімен алмасты. Мектепте 2023-2024 оқу жылында отбасы құндылығын арттыру мақсатында ата-аналармен жүйелі жұмыстар жүргізілген екен. Атап өтер болсақ,
Әжелермен сырласу кеші,
“Жеңгем менің сырласым” атты сайыс,
“Атаның ақылы-ақылдың көзі” тақырыбында дәріс,
“Бабалар дәстүрі — ұрпаққа өсиет” тақырыбында ашық сабақтар,
“Қарттарым — асыл қазынам” атты аталарымызбен іс-шаралар,
“Ағасы бардың жағасы бар” атты ағалармен кездесу,
“Әке — алтын діңгек” тақырыбында әкелер форумы, “Әкем, шешем және мен” атты спорттық жарыс өткен.
Әрбір өткізілген сабақ пен іс-шараның мақсаты: өзара махаббат пен құрметке негізделген қарым-қатынастар жиынтығын құрай білу. Бұл құндылықтар әрбір отбасы мүшесінің жеке өсуіне және дамуына ықпал етеді. Отбасылық қарым-қатынастар адамның өміріндегі ең маңызды аспектілерінің бірі болып табылады және қоғамның тұрақтылығы мен дамуына үлес қосады. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында ата-анамен бірге өтетін іс-шаралар “ата-ана, бала, мектеп” үштігінің іргетасын мықты етері сөзсіз. Сонымен қатар мектеп психологтары Божикенова Элизавета мен Аятбек Сымбат ұстаздарға “психологиялық даму” тақырыбында тренинг өтті. Бұл қызу пікірталас, сұрақтардың шешімін табу, еркін оймен бөлісу, жаңа идеялармен алмасу сияқты маңызды мәселелердің шешімін бірлесіп табуға мүмкіндік беретін тренинг болды.
Семинар барысында Тажиева Гульмира Искакбековна “Жақсы бала ата-ана қуанышы” атты дөңгелек үстел, Бейсенова Махаббат Әдіқадырқызы “7 киелі саны” зияткерлік ойынын, Малаева Динара Иренқызы “Ұлттық құндылық тәрбиенің түп қазығы” тақырыбында тәрбие сағатын, Надиргужина Бақыт Амандыққызы “Отбасы — бақыт мекені” атты спорттық эстафет өткізді. Семинар қонақтары кабинеттерге тарап, ашық сабақтарға қатысты. Сабақтардың берері мол болды, жоғары дейгейде өтті.
Семинар концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Отбасы құндылығы, ата мен әже тәрбиесі, бала тәрбиесіндегі әке рөлі сахналанды. Әсем ән шырқалды. Қыздарымыз мың бұралып би биледі. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында келген қонақтармен бірге киіз басылды.
Семинарға қатысушы әрбір қонақ №198 жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылған семинардан «білім қоржындарын» түрлі әдіс-тәсілмен толықтырып, ризашылықпен жақсы көңіл–күйде тарқасты.
Елдіктің туын жықпайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ұрпақты тәрбиелеп шығару, бұл-ерлік. Педагогтердің тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді.
Отбасы дегеніміз – бұл шағын мемлекет. Мемлекеттің шаңырағы биік, керегелері тең, уықтары нық болуы үшін ұлттық бағытта тәрбие берудің маңызы жоғары. Ұлттық дәстүрлерден қол үзушілік тәрбиенің қайнар көзінен үзушілікке әкелетінін, ұрпақтар байланыстығы мен сабақтастығын бұзатынын, адамгершіліктің құлдырауын, еңбектің тәрбиелік мәнін құнсыздандыратынын тарихи тәжірибе қуаттап отыр. Демек, отбасы педагогикасымен байланысты мәселелердің маңызы ерекше. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!
“BILIM AINASY”,
Алматы қаласынан,
Ақерке Аманқызы