Home » Жаңалықтар » Ақмола облыстық сотында мемлекеттік тілді қолдану саясатының маңыздылығы мен мемлекеттік тіл мәселесі талқыланды

Ақмола облыстық сотында мемлекеттік тілді қолдану саясатының маңыздылығы мен мемлекеттік тіл мәселесі талқыланды

  Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров мемлекеттік тілдің рөлі мен маңыздылығы туралы конференция өткізіп, сот ісін жүргізуде тіл туралы заңнаманың нормаларын толыққанды қолдануға кедергі келтіретін мәселелерін талқылады.

«Мемлекеттік тілдің сот төрелігі саласындағы кеңістіктері мен кедергілері» тақырыбында өткізілген конференцияға Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Есберген Алауханов, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерінің басшылары, судьялар, адвокаттар, сот ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясы және БАҚ өкілдері қатысты.

Қоғамдық маңызы бар мәселені талқылауда Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Ақмола облысында тіл саясатының орындалу барысы туралы баяндамасымен ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, «Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясы» тақырыбына облыстық прокуратураның мемлекеттік айыптауды қолдау басқармасының бастығы Марат Сұлтанов, мемлекеттік тілді қолдану бойынша атқарып жатқан жұмыстар жөнінде Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Нұрсұлтан Шытырымбек, «Талап арыздарды мемлкеттік тілде беруде туындайтын мәселелер» тақырыбына мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов, тергеуде мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы Ақмола облысының тергеу басқармасы басшысының орынбасары Дулат Кенжесейітов және сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері жөнінде Атбасар аудандық сотының төрағасы Нұрлан Бекенов, Шортанды аудандық сотының төрағасы Бейбіт Нұржан, Көкшетау қалалық сотының судьясы Ғабит Төлегенов баяндамалар жасады.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Д.Әміров конференция жұмысын  аша отырып, кіріспе сөзінде тіл туралы мақал-мәтелдер мен Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Константин Паустовский мен Конфуцийдің қанатты сөздерін келтіріп, тілдің құдыретін айта келе, қоғамда және мемлекеттің барлық салаларында мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану мәселелерін талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база, мемлекеттік бағдарламалар, концепциялар, мемлекеттік тілді дамыту бойынша  ведомстволық жоспарлар құрылған, ал әрбір мемлекеттік қызметшінің мақсаты тек қана заң нормаларын сақтау, азаматтардың тіл таңдауға деген құқығын бұзбай оны дұрыс қолдану ғана болып табылады» — деді Досжан Әміров.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi екендігі көрсетілген. «Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдiк және атқарушы органдар мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасауға міндетті» — деп, атап көрсетті облыстық соттың төрағасы.

Облыстық соттың төрағасы, мемлекеттік органдармен азаматтық істер бойынша сотқа талап қою арызын жолдау, құқық қорғау органдары және прокуратурамен қылмыстық қудалау және тергеу жүргізу, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы тиісті органдармен ресімдеу сатыларынан бастап сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың мәселелелеріне ерекше көңіл бөлді.

Досжан Әміров істерді қарау барысында мемлекеттік тілді қолдану туралы заңнаманың бұзылуына жол берілген жағдайда құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің атына жекеше қаулылар шығару арқылы шаралар қолданатындығы жөнінде түсіндірді.

«Сондай-ақ, заңнамада АПК-нің 14-бабында «Сот ісін жүргізу тілі», ҚПК-нің 30-бабында «Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі» және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738-бабында «Іс жүргізу тілі» азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот өндірісі қазақ тілінде жүргізіледі деп бекітілген. Сол себепті өтініштерді қабылдау, тергеу амалдарын жүргізу, хаттамаларды толтыру кезінде бірінші орыс тілі емес мемлекеттік тіл қолданылуы керек, алайда бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді білмеуіне байланысты орыс тіліне басымдық беріп отыр» — деді Д.Әміров.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ тілінің мәртебесін арттырудың маңыздылығы көрсетіліп, еліміздің тұрғындары 2020 жылы мемлекеттік тілді 95 пайыз  игеру қажет екені айтылған. Алайда осы тапсырма өз деңгейінде атқарылмауда.

Ақмола өңіріндегі халықтың 51% қазақ ұлты бола тұра, 2019 жылында облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші 5,0%, ал 2020 жылдың қаңтарында 5,5%. Соттарда жалпы іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге ауыстырылған 2019 жылында — 1 002 іс (0,9%), 2020 жылдың қаңтарында 48 іс (0,7%).

«Әрбір мемлекеттік мекеме басшылары, құзырына сәйкес талап арыздарды және басқа да іс қағаздарды сотқа тек қана мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан зор үлес болар еді» — деді Д.Әміров, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың көрсеткіштерін талқылай келе.

Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Есберген Алауханов өз сөзінде жиынның маңыздылығын айта отырып, мемлекеттік тілді қолдану жолында кедергілерді женуге, мемлекеттік тілде сөйлеуге мәжбүрлеп үйрету керектігін айтты.

Конференцияға қатысушылар мемлекеттік тілді одан әрі дамыту бойынша түскен ұсыныстар негізінде қарар қабылдады.

Қарарда мемлекеттік мекемелер, тергеу органдары, прокуратура және соттар азаматтардың тіл таңдау құқықығын сақтай отырып, істі мемлекеттік тілде жүргізу бойынша бақылауды күшейтуге, сот ісін жүргізу тілі жөніндегі заңнама нормаларының бұзылуын анықтау және жол бермеу мақсатында барлық шараларды қабылдауға, мемлекеттік органдар соттарға талап қою арыздарын мемлекеттік тілде жолдау туралы міндеттеме алды.

Домалакова Куляш,
Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметінің жетекшісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.