Home » Мақалалар » Болашақ  музыкант  тәрбиелеудегі ұжымдық орындаушылық – ансамбльдің   маңызы

Болашақ  музыкант  тәрбиелеудегі ұжымдық орындаушылық – ансамбльдің   маңызы

Макибаева Маржаннур Жомартовна
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақ ұлттық өнер университеті
Дарынды  балаларға арналған
мамандырылған мектеп-колледжінің
скрипка оқытушысы

Музыка және музыка өнері ерекше психофизиологиялық құбылыс. Ол – қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы болып саналады. Музыкалық шығармаларды аспапта ойнап үйрену жеке тұлғаның  эмоционалды-сезімдік, эстетикалық сана сезімін дамытып қалыптастырады. Жалпы музыка тыңдау, аспапта ойнау, ән айту музыканттың жүйке жүйесін (тонусын) шымырлатып, босатып, күш-қуатын арттырады, өмір тәжірибесін байыту арқылы ойлау процесін жеделдетеді.

Музыкамен қарым-қатынас жасау, бір жағынан жеке тұлғаның рухани дамуын, өзіндік өрістеуін жақсартса, екіншіден, хор немесе ансамбль сынды музыкалық қызметінің ұжымдық түрі оқушылардың коммуникативті қабілеттерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді, балалардың музыканы ұжымдық түрде сезініп, өзара  жақындасуына  ықпал етеді. Музыкалық білім беру жүйесі (тәрбие, оқыту, дамыту, оқушының эстетикалық сезімін, көркемділікті, әсемдікті сезініп түйсінуін өнер мен қоршаған ортаның бір-бірімен үйлесімділік арқылы эстетикалық ләззат алуына жағдай жасайды.

Баланың психикалық дамуының негізгі факторының бірі әлеуметтік ортадағы қарым-қатынастың  рөлі зор. Қарым-қатынас процесін бір-бірімен байланысты үш жағын қарастыруға болады. Коммуникативті жағы, мұнда – қарым-қатынас адамдар арасындағы ақпарат алудан тұрады; интерактивті жағы – адамдар арасындағы өзара әсер етуді ұйымдастырудан тұрады; перцептивті жағы – қарым-қатынасқа түскен адамдардың бір-бірін қабылдау негізінде өзара түсінушіліктің пайда болуы.

Қазіргі білім берудің негізгі мақсаты білімін, біліктілігін, дағдысын қалыптастыруға қол жеткізу ғана емес, қарым-қатынас мәдениеті негізінде ертеңгі қоғамның белсенді азаматы – бүгінгі жастарымыздың өнегелі тұлғасын қалыптастыру болып табылады. Дәл осы әлеуметтік тұрғыда музыка өнерінің өзіне тән қоғамдық қызметі бар. Ол қызмет жас ұрпаққа музыкалық тәрбие беріп, оқыту барысында анықталады. Музыка өнері тек эстетикалық  тәрбие құралы емес, оның өзге де сипаттары бар: ұлттық болмыс, мазмұн, сипат.

Музыка өнері әртүрлі қызмет атқара алады:

  • қарым-қатынастық қызмет.
  • кәсіби бағытпен тікелей байланыста музыканы дамыту.
  • жастар ойын, олардың жалпы білімдік  деңгейін  мамандыққа сәйкес дамыту.
  • мамандыққа сәйкес тәрбиелік  қызмет т.б.

Баланың өнер жолындағы  ең  маңызды да қызыққа толы қадам — аспапта ойнау. Аспапқа баулу барысында оқушының ынтасын жоғалтпау, еліктіргіш қасиеттерге бай әдістерді пайдалану оқытушының ең басты міндеттерінің бірі. Жас музыканттың жан-жақты өрісіне пайдалы  шаралардың негізгісі – ансамбльде ойнау болып табылады. Ұстаздың әр сыныптағы оқушылардың бастарын қосып, хор немесе  ансамбль ұйымдастыру жұмысы да музыкалық тәрбиенің басты салаларының бірі. Адам жеке басының жан-жақты дамуына, психологиялық мінез-құлыктың дұрыс қалыптасуына ұжым  құрамында  өнер көрсету  үлкен әсер етеді. Баланың есте сақтау, тыңдау қабілеттерін арттырып, өзін-өзі ұстай білуге, жеке бастың мүддесін ұжымға бағындыруға, қиялы мен өз еркін бақылауына  үйретіп, баулиды.

Ұжым ішіндегі  дайындық жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп, әрбір жаңа шығарманы жан-жақты таныстырумен басталғаны орынды. Тап осындай  шығармашылық ұжымда әр қатысушысының кәсіби және жеке-коммуникатив  сапалары,  тәрбиелік мәніндегі мәселелері  бөлшектеп шешіледі.

Ансамбльдің балаға берер әсерін асыра бағалау мүмкін емес. Бірінші  мезетте, ансамбль – балаланың  құрдастарымен кәсіби тұрғыда араласуы. Бір жағынан партитура  арасынан өз партиясын тыңдай білу,  интонация жағынан басқа да дауыстарды бір-бірімен ажыратып, дағдылану. Өзінен үлкен достарының тәжірибесіне сүйену, ойын барысында жаңа ойын әдістерімен танысу, үйрену. Ұжымның ішінде кәсіби білім берумен, музыкалық техникалық үрдістерді дамытумен қатар, жас өнерпаздың ансамбльде ойын барысында  қасындағы әріптестің  ойынына құлақ түру, оның ойын түсіну сияқты маңызды қасиеттерге үйрету жұмыстары  жүргізіледі.  Сонымен  қатар, ансамбльде ойнау – тәртіпке, ұстамдылыққа, ұйымшылдыққа, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Ансамбльде  музыкалық көркемөнер әсерінен әлеументтік-психологиялық  сезімдер айқындалып, ұжымдық байланыс күші туындайды. Ансамбль мүшелерінің арасында қарым-қатынастар рөлі рухани деңгейге дейін өсіп жетіледі. Ансамбль сабақтары оқушыларды  жақындастырады, оларға бір-бірін қолдау  және өзара түсіну сезімдерін  жетілдіруге көмектеседі. Бұл тәжірибе  жеке дауыстап ойнаумен салыстырғанда байырақ  көрсеткіш болып табылады.

Балалар психологиясына сүйенсек, рефлекторлық дағдылардың дамуына жарқын эмоционалды тонус ықпал етеді. Егер де балаларда көтеріңкі эмоционалды тонус болмаса, оның рефлекторлы байланыстары туындамайды, ал пайда болған байланыстар бекінбейді. Сол себепті, ансамбль жетекшісі  педагогикалық ортақ әдістерімен қатар, аталып кеткен психологиялық заңдарға оқыту процессінде  сүйенгені жөн.

Бірлесіп  музыка ойнау оқушылардың арасында бірлескен іске деген қызығушылықты арттырады, дәл осындай мотивация жұмыс нәтижесінде ең таптырмас  ықылас болып саналады.

Сол себепті, ансамбльдің  ішінде өнер көрсету  жас музыканттардың  ынтасын, қабілетін арттыруына, оқу процессі кезінде ұстаз бен оқушылардың арасындағы қолайлы қарым-қатынастың сақталуына, музыкалық шығармаларды орындау кезіндегі қолайлы жағдай жасалуына ықпал етеді. Жас өнерпаз  ансамбль қатарында жүріп, сахнада өнер көрсету кезіндегі қуаныш сезімі мен шабытқа кенелуі, келешекте жеке орындауда (солист) өзін ерікті де сенімді сезінуіне өз септігін тигізеді.

Ансамбль сыныбында білім алу қазіргі заманға сай, оқу жүйесіндегі міндеттерге жауап береді:

  • аспаптың қосымша мүмкіндіктерімен таныстыру;
  • музыкалық мәдениетке тарту;
  • халықтық және шетел музыка әдебиетімен таныстыру;
  • музыкалық жанрлар, стильдермен  таныстыру;
  • музыкалық сауаттылықты арттыру;
  • оқушының эмоционалдық дамуына ынталандыру;
  • музыкалық бейнелерді елестетуді, қиялды байыту;
  • есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту;
  • жауапты сәтте өзін өзі сабырлы күйде ұстау;
  • ұжымдастардың өзара бірін-бірі қолдау;
  • музыкалық мектептен кейін өнер жолының жалғасуына керекті ұжымның ішінде жұмыс жасаудың дағдыларына үйрету:
  • дарынды балаларды кәсіптік ансамбль мен оркестр қатарларына даярлау.

Ансамбль сыныбында оқушылар классикалық және қазіргі музыканың үздік  үлгілерімен танысады, өзінің музыкалық өресін кеңейтеді. Сонымен қатар, келесі дағдыларға үйренуге болады:

  • музыканы тыңдай білу,
  • ансамбль орындауы кезінде партияларды, теманың қай дауыста орындалуын ажырата білу;
  • композитор мен ансамбль жетекшісінің ниеті бойынша өз партиясын сауатты түрде ойнау білу;
  • солистке дұрыс сүйемелдей білу;
  • орындалатын шығарманың мазмұнын айта білу;
  • мамандық пен теория сабақтарында алған білімді алда кешенді пайдалана алу;
  • музыкалық мәтінді сауатты оқу және талдай алу;
  • импровизацияға үйрену;

Ансамбль сабақтары оқушылардың ритмикалық, мелодия-гармониялық есту, музыкалық еске сақтау  қабілеттеріне, әсіресе, болашақ мамандығы мен аспабына деген құштарлық сезіміне және болашақ өнерпаздың өз еркімен, өз бетінше музыкалық әрекет жасауға үлкен ықпал тигізуі қажет.

Музыкалық ұжымға қатысатын жас өспірімдерде, бейнелік елестету, тапқырлық пен зеректік  басқа құрдастарына қарағанда тезірек дамиды. Нашарлау оқитын бала озаттарға қарап бой түзейді, ал мықты оқушылар ансамбльдегі орындауды мейлінше көркейтеді. Оқушылардың мамандық сабағында  кезіндегі үйренген әдістері мен тәлімі ансамбль уақытында шыңдалып, жетіле түседі.

Ансамбль және аспап мұғалімі үшін ең басты міндеттердің бірі —                             балалардың аспапқа деген қызығушылықты сөндіріп алмай, ары қарай жандандыру. Ізденушілік бағыт мұғалімнің оқу процесін жетілдіру арқылы және кәсіби шеберлігін көтеру арқылы көрінеді. Сабақтың мақсаты, ең басты, музыканың шексіз әлемін сезіп, тұшынып, музыкамен бірлесіп орындаудан ләззат алу, шығармашылық қабілеттерді арттыру.  Ансамбль сабағын өткізу кезінде аспапта ойнаудың техникасын меңгеру, музыкалық сауаттылықты арттыру сияқты шараларды нақ осы, жоғарыда айтылып кеткен  мақсаттар жолына бет бұру керек.

Ансамбль  ұжымының  сахнадағы өнер көрсетуінің өзі, музыкалық білім беру кезіндегі жинақталған жұмыстың  алуан-түрлігінің нәтижесі әрі оқушылардың орындаушылық қабілеттерінің дамытудағы  үлкен жетістігі. Сабақ кезінде жинақталған техникалық, музыкалық  материалдардың жаңа деңгейі – шеберлікке өтуі – музыкалық өрістің өсуі мен психикалық жетілуінің көрсеткіші.

Сөйтіп, бала оқытушымен, құрдастарымен музыкалық негізінде араласып, бой түзейтін болса, оған болашақ өмірдегі  қоғам арасындағы қарым-қатынастар институтында болып жататын  өзгерістер мен  қиындықтарға дайын тұруға ансамбльдегі алған тәжірибе үлкен септігін береді. Жасөспірім жасында балалардың өнер ұжымдарына қатысуы – бой жетудегі  және тұлғалық өрістің өсуіне ең қолайлы орта деп санауға болады. Дәл осындай, баланың психикасындағы өзгерістер  кезеңінде дұрыс бағыт алу мен азаматтық құндылықтарға тәрбиелеуге музыкалық  ұжымдық білімнің қызметі таптырмас үлес қосады. Ұжымдық музыкалық орындаушылық  білім беруде коммуникативті, мәдени қатынасқа, жасампаздыққа, тәжірибе жинактауға мүмкіндік береді.

          Пайдаланған  әдебиеттер:

  1. П. Момынов. Музыканы тыңдай және түсіне беру. «Мектеп» баспасы. Алматы, 1969.
  2. Ветлугина Н. А.,Кенеман А.В.Теория и методика музыкального воспитания в детском саду: Учеб. Пособие для студентов пед. Институтов по спец. «Дошкольная педогогика и психология» .- Москва: Просвещение, 1983.
  3. Абрамова Е.В. Статья «Учите детей музыке. Почему музыкальное воспитание важно»
  4. М. Берлянчик Основы воспитания начинающего скрипача. Из-во “Лань”, 2000 г.
  5. Смирнов В.Д. «Общеразвивающие и психологические возможности ансамблевой игры в ДМШ» Газета «Играем с начала» № 5-6 2008г.
  6. Ұзақбаева С.А. Тамыры терең тәрбие. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы – Алматы: «Білім», 1995.
  7. Ұзақбаева С.А. Өміршең өнер өрісі. – Алматы: «Мектеп» 1988.
  8. Благой Д. Камерный ансамбль и различные формы коллективного музицирования.// Камерный ансамбль: Педагогика и исполнительство. – Москва, 1996.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.