Ақмола облыстық соты Ақжан Жайлауханұлы Ештайды еске алуға арналған судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері арасында екінші рет жыл сайынғы спартакиада өткізді. Іс-шараның құрметті қонағы болып сот жүйесінің ардагерлері, отставкадағы судьялар Мейрам Ғибаділов пен Темірхан Қасымов қатысты.
Спартакиаданы ашу салтанатында Ақмола облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Раджаб Даминов Ақжан Ештайды еске алып, оның өмірі және жас судьялар үшін үлгі боларлық еңбек жолы жайлы айтып өтіп, жеке кездесулердегі естеліктерімен бөлісті.
Облыстық сот А.Ештайды еске алуға арналған сот жүйесіндегі және сот органдарының беделін көтеруге қосқан үлесі туралы баяндайтын слайд-стенд ұйымдастырды. Р.Даминов Ақжан Ештайдың 2009-2013 жылдары Ақмола облыстық сотының төрағасы лауазымында қызмет атқара отырып, елеулі еңбек еткенін атап өтіп, Ақжан Жайлауханұлы жоғары тәжірибелі судья, жақсы ұйымдастырушы және жастарға тәлімгер болғандығын айтты. Ақжан Ештай өзінің сүйікті мамандығы — сот төрелігіне әділдікпен және адалдықпен қызмет етіп, жастармен кездесуге әрдайым уақыт бөліп, салауатты өмір салтын ұстанып, футболды ерекше ұнатты.
Спартакиадаға қатысушылар спорт ойындарын Ақжан Ештайдың құрметіне арнап, оның туған күні қарсаңында өткізді.
Төрт команда: Ақмола облыстық соты, Көкшетау қалалық соты, мамандандырылған соттардың және аудандық соттардың құрама командалары шағын футбол, волейбол және «көңілді ойындар» бойынша жарысқа түсті.
Спартакиаданың жеңімпаздары мен белсенді қатысушылары кубоктар, дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі