Home » Жаңалықтар » «ERTIS» мультимедиялық музейі — рухани кемелденудің алғышарты

«ERTIS» мультимедиялық музейі — рухани кемелденудің алғышарты

     Тарих тағылымын көзбен көріп, қолмен ұстайтын, адамзат рухани кемелденетін орын, ол — музей. Мыңжылдықтар тоғысынан мол мағлұмат беріп, облыс тарихын танытатын, Қазақстанда осыған дейін болмаған, цифрлық музей бізде ғана бар. Бірақ, ондағы құндылықтар мен жәдігерлерді оқушылар жақсы біле ме? Біз осы сұрақтың жауабын білмекке мектеп оқушыларын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының Өлкетану базалық бағытын жүзеге асыру мақсатында Павлодар қаласында ашылған «Ertis» мультимедиялық мұражайына экскурсияға апардық.
«Ұлы даланың жеті қыры», «Цифрлы Қазақстан» аясында бірегей цифрлық музейге оқушылардың баруы ерекше әсер қалдырды. Экскурсия барысында оқушылар бір сәтте 600 адамды қабылдай алатын ғимарат екенін, әлемнің ірі тарихи-жаратылыстану музейлерінің үлгісімен құрылғанын және мұражайда Ертіс-Баян өңірінің палеозой заманынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі кезеңі қамтылғанын көріп білді. Сондай-ақ, жаңа ғимараттың жәдігерлерімен танысып, археологиялық және табиғи экспонаттардың заманауи мультимедиялық технологияларымен байланыстырылғанын, геология, физикалық география, ежелгі флора мен фаунасынан, Ертіс-баян өңірінің палеозой заманынан бастап қазіргі кезеңге дейін тарихты қамтитыны туралы түсінік алды.
Оқушыларымызбен музейден алған әсерлерін бөлісу кезінде оның басқа музейлерден ерекшелігі: «Ertis» мультимедиялық музейі 9 залдан тұратынын, оның ішінде палеонтология, археология, геология залдары туралы айтылды. Сондай-ақ, музейдегі қалпына келтіру зертханасы «Gloss Vision» атты виртуалды киім өлшеу алаңы мен Ертіс өңірінің белгілі тұлғалардың өмірбаяны мен еңбектерінің топтамасы, «Қазқонақ» жерін мекен еткен аң құстардың жасанды түрі және ежелгі мамонт мүсіні туралы әңгімеледі. Жоғары сынып оқушылары үшін ерекше ой қалдырған он мың жылдан асқан ең ескі экспонаттар – ежелгі бұғы мен бизонның қаңқалары мен ең жаңасы – ежелгі аңдарға қарап жасалған заманауи көшірмелер болды.
«Ұлы даланың мәдени мұрасын сақтап, оны көпшілікке танытатын музейді аралау барасында рухани кемелденіп, мыңжылдықтарға саяхат жасағандай әсер алдым»,-деген оқушы ойы музейлердің тарихты танудағы ерекше рөлін аңғартқандай.

Самал Сеилханова,
Павлодар облысы
Железин ауданы
Железин №3 ЖББ орта мектебінің
ДТІЖ орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.