Home » Жаңалықтар » Ерейментаудағы ерекше кездесу

Ерейментаудағы ерекше кездесу

«Білім айнасы» республикалық газетінің негізін қалаушы Қуантай Амантайұлы Ақмола облысы, Ерейментау ауданының орталығы – Ерейментау қаласында болды. Мақсат – өзге өңірлердің білім беру мекемелерімен танысып, ұстаздарымен кездесіп, тығыз қарым-қатынас орнату. Сол мақсатта Қуантай Амантайұлы, алдымен, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Мейрамқызымен, мектепке дейінгі білім беру бөлімімен жұмыс жасайтын маман Елена Николаевнамен кездесті. Алған ақпараттарға сүйенсек, аудан бойынша 5 мемлекеттік, 7 жекеменшік балабақша бала тәрбиесімен айналысатын көрінеді. Кейін «Білім айнасы» республикалық газетінің бас редакторы Ерейментау ауданының білім бөліміне қарасты «Бөгенбай батыр атындағы» мектепте аудандағы білім ордаларынан арнайы жиылған ұстаздармен кездесу өткізді. Қуантай Амантайұлы «Білім айнасы» газетімен ғана емес, оның ұстаздар қауымы үшін тиімді жобаларымен таныстырды.  Кездесуге мектеп ұстаздары ғана емес, елордамыздағы «Қара шаңырақ» орталығының ұжымы да келген екен. Ұжым мүшелері кездесуді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани тәрбие жайлы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылық туралы жүрекжарды әңгімелерімен жалғастырды. Пайдаға толы отырыстан ұстаздардың алған әсері ерекше. «Бүгінгі кездесуден өзіме жалпы рухани тұрғыдан мол азық алдым. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» демекші, балаға біліммен қатар тәрбие де өз деңгейінде берілуі керек екенін түсіндім»-дейді, кездесуге келген жас мамандардың бірі – Тілеулесова Айгүл Қанатқызы. Ал, жиынға келген Гүлмира Амантайқызы: «Бүгінгі отырыс мен үшін өте құнды отырыс болды. Өйткені, баспасөз өкілдері келіп, ұстаздардың еңбегін қалай жариялау керек және қандай мүмкіндіктерге ие бола алатындары жайлы айтса, апаларымыз ұлттық құндылықтар жайлы сөз етті. Баспасөзден осылай ауылдағы мектептерге келіп, ондағы мұғалімдерді тиімді ақпараттарымен қанықтырып жатқаны қуаныш сыйлады. Мен өзім былтырдан бері ұлттық құндылықты қолға алып, мектеп ішінен «Ғибрат» әжелер клубын аштым. Қазағымыздың қыздарын әже сөздері, айтқан ақылы арқылы тәрбиелеуді мақсат еткен клубымыздың қажет болғаны, нәтижелі болғаны да қуантып тұр», — дейді. Ерейментау аудандық білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аубакирова Қатима Сапарбекқызының айтуынша, ол кісілер «Қара шаңырақ» клубымен бірлесе оқушылардың рухани тәрбиесін жоғарғы деңгейге көтеретін «Аталар» клубын, «Сырласайық» қыздар клубын, «Ұлдар» клубын ұйымдастыру үстінде екен. Осындай пайдалы кездесуден соң еңбекқор әр ұстаздың еңбегі еленіп, берер тәрбиесі де мүлт кетпесі анық.

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.