Home » Мақалалар » Өмірі бізге- өнеге

Өмірі бізге- өнеге

Соғыс және еңбек ардагері менің әкем Тілеубергенов Жәли Тілеубергенұлы 1926 жылы Қазалы ауданына қарасты 9- ауылда  (қазіргі Қожабақы ауылы) дүниеге келген. Сол ауылдағы 7 жылдық мектепті бітіріп, Қазалы қаласындағы педогогикалық училищеге оқуға түседі.

1942 жылдың 1- қыркүйегінен бастап Қазалы ауданы, Жданов колхозы орталығындағы бастауыш мектепке мұғалім болып орналасады.

1945 жылдың қаңтарында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Латвияны азат ету майданына қатысады. Кеңес әскері қатарынан  1950 жылы қыркүйекте елге оралып, бұрынғы «Жданов» бастауыш мектебінде 1955 жылдың сәуір айына дейін мұғалім болып қызмет етті. 1955 жылдың сәуірінен 1963 жылдың қазан айына дейін жол бойында жұмыс істеді. 1963 жылдың тамыз айында өндірістен қол үзбей жүріп, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1968 жылы «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

1963 жылғы қыркүйек айында Қазалы  ауданына қарасты «Жаршағұл» бастауыш мектебіне «мектеп меңгерушілігі» қызметіне жіберіледі. Одан соң      1964 жылдың қазан айында Қазалы ауданына қарасты «Сарбұлақ» бастауыш мектебіне оқытушы қызметіне ауыстырылады.

1965 жылдың қыркүйек айынан бастап «Ажар» бастауыш мектебінің меңгерушісі болып, 1992 жылы зейнетке шыққанша мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін  атқарды.

Жоғарыда атап кеткеніміздей өмірінің жастық шағы  Ұлы Отан соғысымен тұспа- тұс келді. Еліне адал қызмет етіп, ерен еңбегі ескеріліп, көптеген  марапаттарға ие болды. Әке жолын жалғастырған ұрпақтары республикамыздың әр түкпірінде еңбек етуде. Әкем, Тілеубергенов Жәли мен әжем,  Шияз Палуанқызы  4  ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірген. Анам -батыр ана.

Қазір әкемнің 30 немересі, 27 шөбересі бар.

Марапаттары:

1946 жыл, 26 мамыр. «За пабеду над Германий в Великой Отечественной войне 1941- 1945 гг»

1949 жыл, 3 маусым.  «XXX  лет Советской армий и флота» мерекелік медалі.

1986 жыл, 8 қаңтар.  «Сорок лет победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг» мерекелік медалі

1985 жыл, 11 наурыз.  «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені».

1986 жыл, 24 қазан.  «Еңбек ардагері медалі»

1990 жыл, 9 мамыр.  «70 лет Воруженных сил  СССР»

1995 жыл, 21 наурыз. ҚР Президентінің жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік  медалімен марапатталды.

Ұлы Отан соғысынан оралған соң,  еңбек демалысына шыққанша ұстаздық  қызметте болды. Шәкірттері ол кісіні әлі күнге дейін ұмытқан  емес, құрметтейді, үлгі тұтады. Сондай- ақ  шәкірттерінің зор ықыласын үйдегі кітап толы сөрелерден де жазбай танимын.  Әкемнің  кітапханасындағы  кез келген бір кітапты аша қалсаңыз «Құрметті Жәли ағай..» деп басталатын лебіздерді көзіңіз шалады.

Ол кісі  әр сөзін мақалдап, мәнді де,  мағыналы  сөйлеуге шебер болған. Қазаны естіртуге, тағы да  басқа жайттарды  хабардар етуге жұрт әкемді алдына салып алып барады екен.

«Арал теңізінің шығыс жағалауын алып жатқан дүзгінді,  сексеуілді құм жоталардың арасында бұйығы тірлік кешкен оймақтай ауылда туып- өстік.

Ауылдың теріскей – батыс бетіндегі қорымға ара- тұра соғып тұрамын. Қазақ атамыз: «Өлі разы болмай – тірі байымайды» дегенді бекер айтпаған ғой. Ол жерде әкем мен әжем, бауырларым және мен ғана емес, сол ауылдан түлеп ұшқан ондаған жасқа тәлім – тәрбие берген қадірлі жан – алғашқы ұстазымыз жатыр. Ағайдың қабіріне барып, дұға – тілектерімді бағыштап, басымды иемін, ұстазымның аңқылдақ мінезі мен өнегелі істерін, жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген ерекше еңбегін есіме аламын.

Өткен ғасырдың 50-інші жылдары мен 80-інші жылдары аралығында сол ауылда дүниеге келген барлық бала біткен осы жанға мәңгілік қарыздар десем, артық айтқандық бола қоймас. Ол бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз – Тлеубергенов Жәли ағайымыз болатын. Қолымызға «Әліппе» ұстатып, білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстазымыздың жүріп өткен жолы да талайларға таңдай қақтырарлықтай, тәлімді еді. Ұстазымыздың сонау 60-жылдары кеңшар құрылмай тұрып-ақ, «екінші тың» атанған Қызылқұм өңірін игеруге атсалысқан жандардың ізін жалғастырушылар қатарында болғандығын мектеп қабырғасында жүргенімізде-ақ есітіп, біліп өстік. «Екінші тыңды» игеру жолында кездескен қиындықтар жөнінде белгілі қоғам қайраткері, кезінде  Қызылорда облысының бірнеше аудандарында  1-інші хатшылық қызметте болған – Е.Көшербаевтың «Серпін», А.Мұсабаева мен Н.Мұсабаевтың «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» атты кітаптарында жан-жақты айтылып, «екінші тыңды» игерушілердің ерен еңбектеріне лайықты баға берілген.

Жәли ағай Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде де құрметтелетін. Соғыс қасіреті туралы айтқан жүрек сыздатар әңгімелерін тыңдаған сайын ұстазымызға деген құрметіміз еселене түсетін.

Алғашқы ұстазымыздан 80-жылдардың басында әріптес ретінде де тәлім – тәрбиесін алдық. Біз бала кезімізден-ақ ағайымызға еліктеп өстік, ұстазымыздай  жан – жақты, білімді азамат болуды мақсат еттік. Ол кісіні тек біз ғана емес, бүкіл ауыл – аймақ жұрты құрметтеп, мақтан тұтатын. Ауылдастар мен ағайын – туыстың барлық шаруасының басы –қасында Жәли ағай жүретін, ретті жерінде ақыл-кеңесін айтып, жол көрсететін. Ол кісі ауыл халқының  ақыл айтар үлкені, біртуар арда азаматы  ретінде әбден мойындалған жан еді. Кетіскен ағайынды бітістіріп, елдің берекесін алған тентектерге ақылын айтып, әркез халықтың жоғын жоқтап, жағдайын ойлап жүретін. Ұстазымыздың артында ұлағатты сөздері, қайырымды істері, аңызға бергісіз аты қалды. Ұзақ жылдардан бері білім саласында еңбек етіп келе жатқан жайымыз бар. Қазіргі таңда ұстаз мәртебесі туралы мәселе жиі қозғалуда. Ұстаз мәртебесін заңдастыру маңызды боп тұр. Менің алғашқы ұстазым – Жәли Тлеубергенов секілді талай ұстаздың көзін көрдік, тәлім –тәрбиесін алдық. Біз үшін олардың әрқайсысы өзінше бір әлем болатын. Оларға ешкім мәртебе заңдастырып берген жоқ, оларға ұстаз «мәртебесін» халық берген еді…»-деп жазылған екен Ажар елді-мекені №146 мектеп директоры Р.О.Ізбақышовтың естелігінде.

1985 жылы сол кездегі облыс басшысы Е.Н.Әуелбеков кеңшарға іс – сапармен келіп, ауыл халқымен кездескенінде Жәли ағай Қызылқұм беткейіне әлі күнге дейін электр желісінің тартылмағандығын жеріне жеткізе айтқан болатын. Қызылқұмдықтар мен Ажарлықтардың талап – тілегі ескеріліп, аудан басшысы Е.Көшербаевтың қолдауымен, 1988 жылы кеңшар орталығынан Ажар ауылы арқылы Қызылқұм ауылына дейін жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Нәтижесінде, ұзақ жылдар бойы өркениет игіліктерінен тыс қалған аймаққа жан біте бастады. Жәли Тілеубергенов осындай, ұстаздық  қызметімен бірге халықтың сыйлы азаматына айналған ерекше тұлғалардың бірі еді. Жәли ағай мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін, ойын ескіден жеткен есті сөздермен айшықтап жеткізетін, әңгіме айтқанда тыңдаушысын өзіне еріксіз баурап алатын жан еді. Кезінде ағайдың ақ батасын алып, көктеп, көгеріп отырған отбасылар қаншама.

80-інші жылдары бір тойда жаңа түскен келіннің бетін ашатын адам табылмай, той иелері ағайға қолқа салыпты. Бұрын – соңды бет ашып көрмеген адам, ұстазымыз алғашында келісімін бермепті. Сонда той иесі: — Жәке, қуанышымның алды еді, өзіңдей азамат бетін ашса жаман болмас. Келінім елдің келіні болар ма екен, ең болмаса ырымын жасап, ақжарылқап тілегіңіз бен ақ батаңызды берсеңіз қайтеді? – деп қиылады. Амалы таусылған ағай беташардың ырымын жасап: — Ее, шырағым, өсерсің, өнерсің. Бибі Фатима анамызға бір сәлем! Көптің тілегі қабыл деген, жаман болмассың, айналайын! Дүйім жұртқа, ата-енеңе, өзіме еткін бір сәлем! – деп қысқа қайырған екен. Сол келін қазір өсіп-өніп, ерімен бірге немерелерінің қызығына тояттап отырған бақытты әжелер қатарында…

Ауыл азаматтарың осындай естеліктерін оқи  отырып, ол кісінің адамгершілігі өте жоғары, жүрегі кең екенін, құрметке лайық болғандығын мақтан етемін.

Кенжегүл Жалиқызы,
№49 орта мектеп мұғалімі,
Нұр — Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.