Home » Жаңалықтар » Оқушылардың тілдік функционалдық сауаттылығын дамыту

Оқушылардың тілдік функционалдық сауаттылығын дамыту

      Қазіргі таңда Еліміздің Тәуелсіздік таңы атқалы бері еліміздегі уақытпен жарыса өзгеріп, қарқынды дамып келе жатқан білім үдерісі мен ақпараттық-технологиялар әлемінде жаскелең ұрпаққа саналы да сапалы білім беріп, рухани-ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре тәрбиелеу-әрбір педагогтың басты міндеттерінің бірі болып отыр. Сондықтан да, біздің басты байлығымыз – білім. Болашақ – ғылым мен білімге тәуелді болатын кеңістік. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі қандай болса, елдің ертеңі де сондай дәрежеде болмақ. Сондықтан қоғам талабына сай, елімізді көркейтетін, дамытатын, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы істер байланысында мемлекеттің өркениеті үшін талмай еңбек ететін, шетелдермен еркін ғылыми және мәдени қарым қатынастар жасай алатын, оқығанын өмірде қолдана алатын, ана тілін жетік білетін, ұлтжанды азамат дайындау – бүгінгі ұстаз қауымының басты мақсаты. Жаңартылған білім беру стандарты мазмұнына сәйкес Қазақ тілі пәнін оқытудың негізгі функциялары төрт дағды бойынша, яғни (тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым) оқытылу негізделген. Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті білім беру стандарты ережелері бағдарламасына сай коммуникативтік оқу-әрекеттері мен білім, білік дағдыларды іске асыру мақсатында оқу мақсаттары әр сынып деңгейіне сәйкес динамикалық даму бағытында жасалынып ұсынылған. Жаңартылған білім беру мазмұны мақсаттарына сәйкес, әр сынып сайын оқу мақсаттары қарапайымнан күрделіге қарай өсіп, қайталанып отыратындығын ескере, ұсынылып отырған бағдарлама «спиральді оқыту» әдісі негізінде жылдам оқу қабілетті арттыру мақсатында түзілген.

Оқушы үлгерімінің негізгі факторы – жылдам оқу. Мәтінді әрі жылдам, әрі дұрыс, әрі мазмұнды түсіне оқи білу – үлкен еңбектің жемісі. Психологтардың пікірі бойынша оқушы үлгеріміне 200-ден артық әртүрлі жағдайлар әсер етеді. Ал осы жағдайлардың ішінде ең күшті орын алатыны балалардың оқу жылдамдығы болып шыққан. Егер оқушы нашар оқыса, мысалы оқу үлгерімі нашар 3-сынып оқушысы минутына 37 сөз оқыса, орта есеппен үй тапсырмасы сол күнгі дайындалатын барлық пән бойынша 4 бет, яғни 3000 сөз болады екен. Сонда 3000-ды 37-ге бөлсек 80 минут мәтінді оқу керек. Ал бір рет оқығанда бала ұға қоймайды. Ол осы мәтінді 3 рет оқыса, оған 4 сағат уақыт керек. Әрине, бұдан кейін баланың оқуға ынтасы өзінен-өзі төмендейді. Әдетте, кім тез оқыса, сол көп оқиды, көп оқыса, көп біледі. Оқу жылдамдығы артқан сайын, еске сақтау қабілеті де, ақыл-ой еңбегіне ынталығы да арта түседі. Олай болса, жылдам оқи білуге үйрету жолдарын, оның мүмкіндіктерін қарастыра жүргізген жұмыстардың негізінде мынадай ұсыныстар жасаймыз. Бұл ұсыныстарды кез келген мектептің жағдайында пайдаланып жұмыс істеуге болады.

Оқушылардың тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым коммуникативтік дағды-біліктерін қалыптастыру, шыңдау мақсатында түрлі жұмыс түрлерін жүргізуге болады.

Бұл жұмыстардың өзектілігі:

  1. Білім беру процесінде жауапкершіліктің бір бөлігін оқушылардың өздеріне жүктеу.
  2. Баланың білім мен білігін қалыптастыру үшін — айналадағы адамдар мен әлеуметтік қарым-қатынасқа түсу.

Оқушыларды әдебиетке, кітап оқуға баулуда оқушы мен мұғалім, оқушы мен ата-ана арасында байланыс нығайып, көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында шебер сөйлеуге жаттығып, танымдық, шығармашылық қабілеттері артады. Ал, тәжірибе көрсеткендей, шығармашылықпен жұмыс жасаған оқушының дүниетанымы артады.

Оқушылардың тілдік функционалдық сауаттылығын  талапқа сай дамыту нәтижесінде:

  • Оқушылардың пәнге деген танымдық, шығармашылық қабілеті дамып, сабаққа деген қызығушылықтары оянып, ынтасы дами түседі.
  • Білуге, үйренуге деген қызығушылықтары артты, ата-ана тарапынан баласына керекті кітаптарды тауып беріп, көмек көрсету жақсарады.
  • Кітапханамен тығыз байланыс орнайды.
  • Оқушылардың дүниетанымы кеңейіп, сөздік қоры, ойлау қабілеті артады.
  • Оқушылардың ізденімпаздығы артып, шығармашылықпен жұмыс жасауға дағдыланады.
  • Әр тақырып бойынша қосымша ізденіп оқу керектігіне дағдыланып, шапшаңдыққа, жинақылыққа, бәсекелестікке қабілеттілігі артады.
  • Республика, облыс, аудан көлемінде танымал, белгілі жерлес қайраткерлеріміз туралы кеңірек тани отырып, сөз маржанын теріп, мағынасына терең бойлап, жүйелі сөз, ақылды ой айта білуге үйренеді.
  • Оқушыларда өздеріне деген сенім, үлкен жауапкершілік пайда болады. Өздерін дара тұлға ретінде сезініп, көп білуге ізденеді, қиялдары артады.

Оқушының идеал бейнесі:

  1. Тақырыптың мазмұнын ашуда бір-бірімен ұжымдық қарым-қатынас жасайды.
  2. Сауатты жазуға үйренеді.
  3. Жүйелі сөйлеуге.
  4. Әсерлі баяндауға.
  5. Ауызша сөйлеуге дағдыланады.
  6. Өз ойын дұрыс жеткізеді.
  7. Қажетті ақпаратты қолданады.
  8. Оқушыларда өзіндік көзқарас қалыптасады.

Сондықтан баланы алғашқы сабақтардан бастап әр түрлі әдістемелер арқылы тез оқу әдісіне машықтандырып, көп еңбек етіп, қызығушылығын тудыру керек. Тез оқу әдісіне қандай факторлар кедергі келтіруі мүмкін:

1) тақырыпты оқып шықаннан кейін, не туралы оқығанын түсінбеуі;

2) сөздің астарын, мағынасын тусінбеуі;

3) регрессия – көздің оқу кезінде қозғалу жылдамдығы, 1 сыныпта;

4) көру аймағының аздығы, бұл дегеніміз бала көзінің қозғалтпай отырған кездегі, көзге жақын көрініп тұрған аумақ немесе кітап бөлігі;

5) артикуляция, яғни жай ежіктеп оқу барысында, дауысын шығарып, оқу процесіне есту аппаратының (құлағының) қосарланып қатысып отыруы.

Міне осы факторлардың бәрін ескере отырып ең бірінші баланың көруі арқылы есте сақтау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлу керек.

Ол үшін сабақтарда:

1) түрлі суреттер топтамасын пайдаланып, көрсетіп, балалардан 1 секунд ішінде жаттап алған нәрселерін сұрау;

2) екі бағанға сөздер жазып, балаларға көрсетіп, оқытып қайталап сұрау;

3) мағынасы қарама-қарсы сөздерді айтқызып жарыстыру;

4) өткен тақырыптарды қайталап сұрап тұру;

5) тақырыптың кез келген сұрақ қойып, жауабын тез тауып айтуға жаттықтыру;

6) жаңылтпаштар оқыту;

7) оқу жылдамдығын салыстырып, жиі жарыстыру, көрсеткіштерін күнделікке жазу;

8) таныс тақырыпты оқытып, тез басқа таныс емес тақырыпқа көшу;

9) тіркес немесе біріккен сөздерді жазғызып олардың қандай сөздерден құралғанын сұрау;

10) берілген әріптерден сөз құрастыру; кім көп сөз, әрі кім тез?

Осындай әр түрлі жаттығулардан кейін, баланың оқуға деген құлшынысы артып оқуға белсене қатысып, өзінің оқуға тез бейімделе бастағанын байқамай қалады.

Баланы тез оқи білуге үйрету, бұл бүкіл білім беру ісінің негізгі фундаменті болып табылады. Өйткені бала әрі қарай осы оқу әдісін меңгеруіне байланысты әр түрлі пәндерді тез оқып, үйреніп, игеріп кетеді. Оқу жылдамдығы төмен бала өз сыныптастарына қарағанда үй тапсырмаларын орындау барысында оқып-түсіну үшін көп уақыт жұмсайды, шаршайды, оқуға деген ықыласы төмендеп, өзіне сенуден қалады. Нәтиежесінде баланың оқу көрсеткіштері нашарлап, эмоциональдық күйзеліске ұшырап, оқуға мүлдем құлқы болмайды.

Сондықтан баланы алғашқы сабақтардан бастап әр түрлі әдістемелері арқылы тез оқу әдісіне машықтандырып, көп еңбек етіп, қызығушылығын тудыру керек. Әр түрлі жаттығулардан кейін, баланың оқуға деген құлшынысы артып оқуға белсене қатысып, өзінің оқуға тез бейімделе бастағанын байқамай қалады.

Астана қаласы Білім басқармасына қарасты
«№14 мектеп-гимназиясы» ММ — нің
бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші 
Батыргалиева Шынар Халелқызы 

4 комментария

  1. Керемет! Осындай ұстаздарымыз көп болсын

  2. Кандай кушти. Осындай методикамен жумыс жасайтын мугалимдер коп болсвн

  3. Өте керемет! Жаңа бағыт ұсынып, ұрпақ болашағын ойлаған осындай қазыналарымыз өсе берсін!

  4. Керемет оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыру үшін көптеген әдіс тәсілдер пайдаланып қызығушылығын ашады. ОСЫНДАЙ БІЛІМДІ ҰСТАЗДАРЫМЫЗ КӨП БОЛСЫН. Жарайсыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.