Датқабай Айгерім Ерсұлтанқызы
Алматы қаласы, №5 мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі, дефектолог
Сипаттама
Ерте жастағы балаларда сөйлеу тілінің түрлі кемістіктері кездеседі. Олардың ішінде жиі кездесетіні – ол сөйлеу тілінің даму тежелісі. Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы – есту қабілеті мен зияты қалыпты дамыған балалардың дыбыстық, мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілі жүйесінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуынан болатын әртүрлі күрделі тіл кемістіктері.
Сөйлеу тілінің дамуындағы тежелістің пайда болу себептері, яғни этиологиясы әртүрлі болады. Сөйлеу тілінің дамымау себептері көп жағдайда акустикалық-гностикалық процестердің әлсіздігінен болады. Естіп қабылдау бұзылуының нәтижесі: біріншіден, фонемаға тән акустикалық белгілерді дұрыс ажырата алмауы, екіншіден, дыбыс айту бұзылыстары және сөздің буындық құрамын қайталаудағы қателер болып табылады.
Сөйлеу тілінің даму тежелісі әлеуметтік себептерге де (екі тілдік, көптілділік, естімейтін ата-аналарда тәрбиеленуі), баланың дене дамуындағы әлсіздік және жиі созылмалы ауыратындығы, уақытынан ерте туылғанына (шала тууына) байланысты пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сөйлеу тілінің тежелуі (кешеуілдеп дамуы) туралы айтылады. Басқа жағдайларда сөйлеу тілінің жалпы дамымауы орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануының белгісі болып табылады.
Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы бар балалардың сөйлеу тіліне тән белгілер:
- сөйлеу тілінің кеш басталуы;
- дыбыстарды бұзып айтуы;
- фонематикалық есту қабілетінің дамымауы;
- грамматикалық сөйлем құрылысы мен сөздік қоры артта қалуы.
Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы алалия, афазия, ринолалия, дизартрия, сияқты күрделі сөйлеу потологияларының түрлерінде байқалуы мүмкін.
Белсендірту жолдары
Нәрестелік шақтағы балалармен қарым–қатынас кезінде алдымен эмоционалды байланыс орнатқан дұрыс. Ол үшін баланың назарын жарқын, дыбыстайтын ойыншықтар немесе лайықты заттар, бет-әлпетінің мимикасы және дауыс интонациясы, тіпті әндетумен де аударуға болады. Баламен баяу және анық сөйлесу керек, ең маңыздысын дауыс ырғағымен бөліп айту қажет. Баяу сөйлесу кезінде бала естігенін «өңдеуге» мүмкіндік алады. Бүлдіршінмен әңгімелесу кезінде тек қана сол сәтте болып жатқан құбылыс туралы айту қажет. Нәрестемен «көзбе-көз» байланысын орнатып, оған күлімдеп қарау қажет. Егер бала вокализациялауды (уілдеуді) бастаса, онда оның бұл әрекетін міндетті түрде қолдау керек. Бет-әлпетіңізде «Таңырқау» мимикасын келтіріп, баланың айтқаны шынымен де үлкен мәнге ие екенін байқатып, оның сөйлесуге деген ынтасын қолпаштап тұру дұрыс.
Баланың сөйлеу тілін түсінуін (қабылдауын) дамыту үшін онымен сөйлесу барысында сөз бен заттың немесе әрекеттің арасындағы тікелей байланысын орнату қажет. Мысалы, емізу кезінде тамақ, киіндіріп жатқан кезде дене мүшелері немесе киімдер жайында айту. 1 жасқа дейін нәрестеге біркелкі заттарды белгілі бір сөздермен атау керек, өйткені бұндай тәсіл жалпылау үдерісін қалыптастыруды жеңілдетеді. Мысалы, барлық бүлдіршіндерді «бөпе» деп, кейін әрқайсының есімін жеке айту: «Мынау – Әсел», «Ал мынау – Әлім», ал барлық әйелдер қауымын «Әпке» деп, кейін олардың есімдерін атап айту керек: «Бұл – Бағила әпке», «Бұл – Гүлім әпке».
Сөйлеу тілінің дамуын ынталандыру кезінде «Параллелді сөйлесу» тәсілін қолдану үлкен нәтиже беретіні мәлім. Сондықтан баланың көңілін аулап, ол көзін қадаған нәрсе туралы айту керек. Кішкентай бала орындап жатқан әрекеттерді де атап, мәнін ашып берген дұрыс. Мысалы, «Болат сүт ішеді. Сүт тәтті» немесе «Арай көйлегін киеді. Оның көйлегі әдемі». Орындалып жатқан әрекеттерді осылай атап, сөйлесу баланың сөздік қорының кеңейюіне мүмкіндік береді.
1 жас пен 2 жас аралығындағы балалармен де жиі сөйлесу әрі олардың жауаптарын міндетті түрде тыңдау қажет. Бала сөйлесіп отыратын адамға ғана емес, оның айтқанын тыңдап орындайтын сөйлеушіге мұқтаж. Осы жастағы балаларға суреттері мен безендірілулері көп кітап оқып беру тиімді әдіс. Оның ішіндегі суреттерді көрсетіп және атап үйрету, баланың түрлі әрекеттерін бейнелейтін суреттері жинақталған фотоальбомды да кең қолдануға болады. Бұл «ұйықтау», «ішу», «ойнау», «жүру», «жүгіру», «отыру», «күлу», «жылау» сияқты негізгі етістіктерді меңгеруге көмектеседі. Мысалы, «Қарашы, Әлихан тамақ ішіп отыр», «Әлихан не істеді? Ол сүтті төкті», «Ал мына жерде Әлихан жүгіріп келеді». Өз қолымен жасаған альбом баланың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз, сонымен бірге кез-келген жағдайда да қолдануға мүмкіндік береді: серуендеу кезінде, көлік ішінде, кезекте тұрғанда т.с.с.
Баланың сөйлеу тілінің дамуын ынталандыру үшін қарапайым сюжетті ойын ойнатып үйреткен дұрыс. Мысалы, қуыршақты ұйықтату, көлікке арналған тұрақ дайындау, малға қора жасау. Бұл ойындарды және олар барысындағы әрекеттерді міндетті түрде ауызша әңгімелеу арқылы өткізу қажет. Егер баланың сөздік қоры жеткіліксіз болса, онда кейбір сөздерді еліктеуіш сөздер немесе дыбыстық үйлесімдермен ауыстыруға болады: «бах!» (жарылды), «іңгә-іңгә» (жылады), «мақ-мақ» (соқты, ұрды).
2 мен 3 жас аралығында баланың сөздік қоры кеңейе түседі. Ол білетін және түсінетін сөздердің саны мыңға жетеді. Осы жастағы бүлдіршін тек қоршаған заттар, құбылыстар туралы айтып қана қоймай, сол сәтте көзден таса нәрсе жайында да сөз қозғайды. Бұл оның ақыл-ойы мен сөйлеу тілі дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады. Балаға екі жай сөйлемнен құрылған күрделі сөйлем құрастырып, 2-3 сөзден тұратын фразаларды да қолдануды үйретуге болады. Өз ойын жеткізу үшін нақты сөздерді таңдап алу, іріктеу дағдыларын қалыптастырған жөн. Мысалы, балаға өзінің өтінішін қайталатып айтқызу үшін «түсінбеушілік жағдаятын» ойнап жіберуге болады: «Саған не берейін? Айт: «Допты бер»; «Сен не сұрадың? Қайтала: «Су ішем»; «Аяғыңа не киесін? Айт: «Етік киемін».
Қорытынды
Тіл – ұлттық тәрбиенің негізі. Туған тілдің тағдырын ойлағанда ең бірінші көз алдымызға бүгінгі жас ұрпақ елестейтіні орынды. Өйткені тіл үйрену — балабақшада, бастауыш сыныптарда дыбыс үйретуден басталады. Фонетикадағы дыбыстарды дұрыс айтылуын білмеген бала сөзді сезбейді, түсінбейді. Ол үшін сол дыбысты, сөзді тыңдау, есту, көру, сезу керек. Сонда ғана сөздің мазмұнын эмоция, ым-ишара, бейне арқылы түсінеді.