Бегельдиева Толкынай Олжабаевна
Қарағанды облысы Шет ауданы
Ақсу-Аюлы ауылы
«Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық
мектеп-гимназия базасындағы тірек мектебі
(ресурстық орталық)» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Ұлы ақын, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, еліміздің тарихына мол мұра қалдырған Абай Құнанбайұлының туғанына — 175 жыл.
Жүрегімізге қонымды Абай –лебі, Абай — үні, ана тынысы — заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді және мәңгі жасай бермек. Барша қазақ халқы үшін әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, дана, дара тұлға Абай деп айтсақ қателескеніміз емес. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен, ой ұшқырлығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қоймай, сонымен қатар өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы бола білді. Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі, қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған дара тұлға.
«Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептерді көбейту қажет, оларда тіпті қыздар да оқитын болсын» деп халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.
Ұлы ақынның қара сөздерінің өзі керемет туынды. Ерекше мәні мен мазмұны зор. Бірінші қара сөзінде алдағы өмірінде нені кәсіп қылып, қайтіп өткізетіні жайлы талқылап, жазған. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, балаларды бағу — қажып, жер ортасы жасқа келгенде бұлардың ешбірін кәсіп қылғысы келмеді. Осы уақытқа дейін қылып жүрген істерінің байлаусызын, баянсызын, барлығының қоршылық екенін атап көрсетеді. Сонымен қатар ойына келген нәрселерді қағазға жазып, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылуды жөн көреді: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», — деп ойын түйіндейді. Барлық қара сөздерін алып қарасақ та, жаман қасиеттерден арылып, жақсылыққа, игі істерге шақырады. Ақыл, жүрек, қайрат үшеуін бірге ұстап, Абай атамыздың нұсқауымен жүрсек келешегіміз жарқын, болшағымыз баянды болары сөзсіз!